El іshі
«Мен өз балаларымды үлкенді тыңдауға үйреттім»
Серғазы АЛТАЕВ, ардагер ұстаз, ҚР Білім беру ісінің үздігі:
Біз бүгін ауданымыздағы үлкен ұстаздар әулеті болып есептелетін Ақбастау ауылындағы ардагер ұстаз Серғазы Алтаевтың шаңырағындамыз. Әулеттің иесі педагогика саласында 40 жылдан астам жұмыс істеп, оның 35 жылында үздіксіз мектеп директоры болған, Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің үздігі, зейнеткер ұстаз Серғазы Алтаев, оның зайыбы, жас буынға сапалы білім, саналы тәрбие беру жолында өмірлік жарымен бірге бір ұжымда тізе қосып, еселі еңбек еткен, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі Дариға Сәдуақасова.
Ардагер ұстаздармен сұхбатымызды біз бүгінгі білім беру процесіндегі мұғалімнің орнына, жастар, соның ішінде отбасындағы балалардың тәрбиесіне қатысты өрбіттік.
– Серғазы аға, бүгінгі жастардың бойындағы, қала берді мінез-құлқындағы кейбір кемшіліктер неге байланысты деп есептейсіз?
– Жастардың бойында бір кемшілік байқалса, бұл ең алдымен отбасында алған тәрбиесіне байланысты. Қазіргі балалар көбіне бақылаусыз өседі. Ата-ана мен өсіп келе жатқан жастардың арасында үнемі байланыс бола бермейді. Бала өз бетінше өседі, ата-ана онымен тәрбиелік мәні бар жұмыс жасамайды.
Тым алысқа бармай, осы біздің бала күнімізде жас біткеннің бәрі үлкеннің айтқанын тыңдап, тәк тұрушы еді. Біз сол ата-бабалар жолынан көз жазып барамыз. Жастар үлкен кісі айтып тұр екен-ау деп именбейді, айтқан ақылын керек етпейді.
– Сіз ұзақ жыл мектеп директоры бола жүріп, қол астыңыздағы ұстаздар мен оқушы жастардың тәрбиесіне жауап бердіңіз. Бұрынғы мен қазіргі жастардың арасында қандай айырмашылық бар?
– Айырмашылық өте көп. Қазір заман да, адам да басқа.
Мен Ташкенттегі Сырдария мемлекеттік педагогикалық институтын бітіргеннен кейін, өз ауылым Ақбастаудағы Бейімбет Майлин атындағы орта мектепте бес жылдай қатардағы мұғалім болып еңбек еттім. 1978 жылы директор болып тағайындалып, содан бері зейнет демалысына шыққанға дейін үздіксіз 35 жыл осы мектепті басқарғанмын.
Бұрын мектепте тәртіп бар еді. Бала ұстазды сыйлайтын, сескенетін. Ата-ана мен мұғалімнің арасында сенім мен ынтымақ бар еді, бірін-бірі жақсы ұғынатын. Мұғалім балаға қатты сөз айтса, оны жаман болсын демейді. Өзім директор болып жүргенде балама қатты сөз айтты деп ашумен келген талай ата-анаға басу айтып, сабырға шақыратынмын. Сонда ата-ана мұғалімнің сөзін сөйлеп, үндемей кететін. Балаға қалай айтсақ та, ата-ана мұғалімнің сөзін қолдап тұратын.
Қазір мектепте жұмыс істеу қиындап кетті. Мұғалімнің беделі қалмай барады. Бала сабақта көргенін үйіне айтып барса, ата-анасы үйден шыққаннан айғайлап, жұдырығын түйіп келеді. Ата-ана баланың арасына түспек түгілі, «ана мұғалім менің балама тиіседі, мен оны құртамын» деп өзеурейді. Сөйтіп мұғалім баланың шекесіне түртпек түгілі, қатты сөз айтпайтын болды. Себебі оның айтқан сөзінің еш мәні жоқ. Ондай жерде ұстаз не тәрбие беріп жарытады?
Ата-ананың көбісі мектепке жиналысқа бармайды. Жиналысқа барса, өз баласының мінін, кемшілігін еститін еді.
– Дариға апай, жастардың тәрбиесіздігіне, жауапсыздығына бір жақты ата-ананы кінәлай берген дұрыс па? Оның себебін неден іздейміз? Бәлкім, заңнамамыз дұрыс емес, онда бір шикілік бар шығар. Болмаса, ол қоғамда болып жатқан кейбір әділетсіздіктің салдары ма? Сіз қалай ойлайсыз?
– Ия, әрине, бәріне ата-ананы кінәлаудан аулақпын. Қазір көп нәрседе жастарға ерік беріп алдық. Әлеуметтік желінің, ватсап, фейсбук дегендердің жастар санасына теріс әсері көп. Балалар одан неше түрлі келеңсіз нәрселерді естиді көреді, соған еліктейді. Ол жерде тек жақсы дүниелер болса, жақсы. Өкінішке орай, олай емес қой. Жастар жақсы өмірге біздің кезіміздегідей қажырлы еңбекпен, маңдай терімен емес, табан астында жеткісі келеді. Оны еш қиындықсыз алғысы келеді. Ал жақсы өмірдің еңбекпен келетінін түсінбейді. Бұрынғылардың өмір бойы дамылсыз еңбек етіп барып, жақсы жағдайға жететінімен жастардың ісі жоқ.
Қазіргі жастар еңбексіз дайынға тап болғысы келеді. Астарында қымбат көлік, бастарында жайлы баспана болуы керек. Маңдайы терлеп, еңбек етпесе, ол қайдан келеді? Қыздарымыз тұрмысқа шығу үшін болашақ күйеуінен «үйің бар ма, жайың бар ма, көлігің бар ма?» деп сұрайтын болды. Бұрын ол жалаңаш па, студент пе қарамайтын. Арада жақсы көру сезімі болса, жеткілікті еді. Қазір тұрмыс құратын қыз жігіттің жағдайына қарайды.
Бүгінде байлар мен кедейлердің арасындағы жік тым алшақтап кетті. Жақсы тұратындар өзінен тұрмысы нашарды менсінбейді. Бір байғұс күні бойы тыным көрмей, жұмыс істейді. Алатын айлығы мардымсыз, еңбегіне татымайды. Онымен өзін асырай ма, әлде отбасына жарата ма?
Алпыс мың теңге тапқан әкенің отбасында не абырой-беделі болады? Бала-шағасы жарытып қарын тойдырып, жыртықсыз киім киіп жатыр ма? Әке ондай айлықпен баланың жағдайын жасай алмайды. Мұны ойлап, бас қатырып жатқан кім бар? Міне, қоғамдағы наразылықтың бір ұшы осындай әділетсіздіктен шығады.
Абырой болғанда, халық бүлікшілердің пиғылын тез түсініп, оларды қолдамады. Арандатушылардың соңына ермеген студенттерге айтар алғысым шексіз. Бұл жұрттың сана-сезімі өсіп келе жатқанын білдіреді.
Біздің атамыз осы аймақта бір рулы елдің арасында өзіндік сыйы мен беделі бар, үлкен ақсақалдарының бірі еді. Біреудің үйінде ұрыс-жанжал бола қалса, өзі араласып оларды қашан бітістіргенше тынбайтын. Біреу үй салғанда, астындағы көк есегіне мініп, үйме-үйді аралап, «сен барасың, сен барасың» деп жүретін. Жағдайы жоқтарға ағайынды жұмылдырып, қаражат жинап беретін.
Өзім қазір білім саласынан қол үзсем де, газет-журналдардан, теледидардан тәлім-тәрбиелік мәні бар хабарларды жібермей, үзбей оқып, көремін. Одан алған жақсы ойларымды балалардың, келіндердің құлағына үнемі құйып отырамын. Республикалық телеарналардың бірінен «Алпыстан асып барамын» деген кино беріліп тұрады.
Бұл фильмде Алғабас деген ауылда әкім сайлаған абыз ақсақалдар сол төңіректің бүкіл жасы мен кәрісін өзінің пәтуалы ақыл-кеңесімен, дуалы ауызымен ынтымаққа, берекеге ұйытып отырғаны туралы көрсетіледі. Қандай үйлесім, неткен даналық? Бұл телеарнада мұның алдында «Ұшқан ұя» деген фильм де болған.
Қазіргі жастар теледидар тамашалаудан, рухани байлықтың көзі – кітап оқудан қол үзіп барады. Кітапханалар жұмыс істейді дейді. Бірақ, оларға оқырмандар бара ма, кітап оқи ма? Бұрын біз кітап оқып, білмеген қиын сұрақтардың жауабын кітаптан іздейтінбіз. Кітаптан рухани азық, тәрбие алатынбыз. Ұнамды кейіпкерге еліктеп, соған ұқсауға тырысатынбыз. Қазір жастардың кітап оқымайтыны қынжылтады.
Жастар жоғары оқу орнын бітіріп келіп, жұмысқа орналасады. Жақсы маман болып қалыптасып, өмірден өз орнын тауып кетіп жатса, әрине, жақсы. Ал алған білімін іс жүзіне асыра алмай, бесаспап маман бола алмаса ше?
Қазір «Солтүстік өңірге барып, жұмысқа тұрсаң, тегін баспана аласың, жағдайың жақсарады» дейді. Алайда, бізде әлі де бала ата-анадан, туған жерден жырақ кетпеу керек деген қазақы менталитет басым. Ол жаққа кеткен соң, ата-анадан, туған-туыстан ажырап қалатындай болады.
Біз «Үлкен тұрып, кіші сөйлегеннен без» деген халықтың ұрпағымыз. Соған қарай отбасымызда үлкен ұлдың орны қашан да басым. Өйткені, ол есейгенде әкенің орнын басады, өзінен кішілерге әрдайым қамқор болады. Өз балаларымызға тәрбиені солай бердік. Содан да үйдің кішілері үлкен ағасының ақылын тыңдап, соның айтқанымен жүруге дағдыланған.
Шаңырағымыздың шаттығы да, бар қызығы мен байлығы да – балаларымыз. Отағасымен бірге Құдай берген үш ұл, үш қыз тәрбиелеп өсірдік. Үлкен ұлымыз Қайрат пен келініміз Зарина – мектепте ұстаз. Отау құрғаннан кейін өзімізбен 16 жыл бірге тұрып, ата-анасына риясыз қызмет етті. Кіші ұлымыз Сәбитті аяқтандырғаннан кейін, оларға енші бөліп беріп, бөлек шығардық.
Одан кейінгі ұлымыз Ғабит те жоғары білімді экономист, қазір Тараз қалалық әкімдігінің бір бөлімін басқарып жүр. Қыздарымыз да жоғары білім алғаннан кейін тұрмыс құрып, өмірден өз орындарын тауып отыр.
Қазір қолымызда кенже ұлымыз Сәбит тұрады. Ол аудандық газ шаруашылығы мекемесінде жұмыс істейді. Келін екеуінен үш немере сүйіп отырмыз.
Келіні Зарина РАЙЫМБЕКОВА, Бейімбет Майлин атындағы орта мектептің педагог-психологы:
– Мен осындай өнегелі, ізгілік нұрын шашқан әулетке келін болып түскенімді мақтан етемін. Атам ұзақ жылдар мектепті басқарғанда, педагогикалық ұжымның қалыптасуына, кадрлардың білімі мен әлеуетінің, қарым-қабілетінің артуына өлшеусіз еңбек етті. Енем де биік адамгершілік үлгісін көрсетіп, негізгі жұмысынан бөлек оқушылардың бойына сыпайылық, кішіпейілділік секілді асыл қасиеттерді сіңіре білді. Әсіресе, бізге берген ақылы өмірлік үлкен мектепке айналып, балаларымызға, одан әрі қарай да жететін мол рухани азық болды.
Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»