El іshі

Дін мен дәстүр сабақтастығы

Ислам діні – адамзат тарихына ерекше ықпал етіп, өзіндік мәдениет қалыптастырып, рухани азғындаған талай халықтарға азық бола алды. Ислам ізгілік пен тазалықтың, бауырластық пен даналықтың көрінісін айқын көрсететін жол. Ислам діні таралған жерлерде өмір қайта жанданып, білім-ғылымға көңіл бөлініп, адамзат арасында татулық пен туралықтың нышаны бола алды. Осындай ізгіліктің нышаны болған ең соңғы илаһи дін қазақ даласына VIII ғасырдың орта тұсында келіп орын тепті. Сол кездегі қазақ даласын мекендеген әр түрлі ұлыстар, тайпалар Ислам дінінен нәр алды. Соның ішінде көшпенді түркі тайпаларының наным-сенімі Ислам дініне өте жақын болды.
Дәстүр мен тыйымдардың тағы бір маңызды мәселесі – Құран Кәрім мен пайғамбар хадистерінде көршіге деген құрмет өте жоғары деңгейде көрсетілген. Көнеден келе жатқан «көрші ақысы» ұғымы Құран аяттарына негізделіп, пайғамбар хадистерінен сусындаған.
Бүгінгі күнге дейін өзектілігін жоғалтпай, бабалардан жеткен тақырыптардың тағы бірі – қайтыс болған адамға Құран бағыштау. Көпшілік мұсылман елдерінде кең тараған үрдіс. Әһли сунна ғұламаларының басым көпшілігі арнайы бағышталып оқылған Құран сауабының өлілерге тиетіндігін айтуда. Мысалы: Ханбали, Ханафи мәзһабы бойынша және Шафиғи мен Мәлики мәзһабтарының кейінгі үлкен ғұламаларының пікірінше, барлық жасалатын жақсылықтардың, бағышталып оқылған Құранның сауабы өлілерге тиеді. Өмірден өткен ата-бабаларын, туған-туысқанын, құрбы-құрдастарын еске алу үшін жасалатын ғибраты мол құлшылық. Осындай дәстүрдің шариғатқа қарсы келетіндей ешбір тұстары жоқ.
Қорытындылай келе, дін мен дәстүр бірлігі – ұлт болашағының кепілі. Кемеңгер ата-бабаларымыз бізге ұлан-байтақ жерді ғана емес, ғасырлар бойы адамгершілік пен ізгілікке тәрбиелеп келген, қазақтың баға жетпес рухани мұрасы ұлттық дәстүрлерді мирас етті. Ел жастары рухани мирасты, ата дәстүрді, ғасырлар сынынан өтіп, сұрыпталып жеткен ұлттық құндылықтарды бойларына сіңіре білсе, бүкіл қоғамның тәрбиесі түзелмек. Ұлттық құндылықтар – ел бірлігі мен берекесінің нышаны. Елімізде орныққан дінаралық татулық пен келісім – қазақ халқының дәстүрлі рухани құндылықтарын ұлықтауы мен дін саласындағы салиқалы саясаттың жемісі.
Мейіржан ТЕЛЕУШОВ,
Қошқарата ауылдық округінің әкімі

Таңдаулы материалдар

Close