El іshі

Бірлігіміз жарасқан!

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай аудан орталығында «Елдіктің асыл мұраты – бірлік!» атты мерекелік іс-шара өтті.

Алаңға жиналған тұрғындарға қазақ халқының ұлттық өнері және шешен, әзірбайжан, славян, өзбек этно-мәдени бірлестіктерінің мүшелері өнер көрсетті.
Алғашқы құттықтау сөз кезегі аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев пен аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Әбдікерім Уркумбаевқа беріліп, олар жуалылықтарға игі тілектерін жеткізді.
Сахнада мәдениет үйінің әншілері М.Мықтыбеков, М.Сағымбек және Е.Еламанов «Бір ел болса, біздей болсын!» әнін орындаса, театр мамандары аудандағы ұлттық этно-мәдени орталықтарының жетекшілерін сахна төріне алып шықты.
Шара әрі қарай этно-мәдени орталықтардың концерттік бағдарламасына ұласты.
Мерекенің ажарын Алматы облысынан арнайы келген Жуалы ауданының тумасы Күміс Пармашқызы бастаған «Ақ әжелер» ансамблі аша түсті.
Күміс Пармашқызы аудан тұрғындарына, жерлестеріне деген жүрекжарды тілегін былай білдірді.
– Мен Жуалыда туып-өстім. Туған жерімде 15 жылдай жұмыс істедім.
Алматыға қоныс аударғаныма биыл 50 жылдай болды. Ал, «Ақ әжелер» ансамблін құрғанымызға 36 жыл болды. Біз Алматы қаласында және Қазақстанның басқа да өңірлерінде концерт бердік. Біз Алматы облысының Ұзынағаш ауылынан боламыз. Сол үшін алғашқы әнімізді «Ұзынағаш» әнімен бастағымыз келіп отыр,- деді Күміс Пармашқызы.
Әрі қарай «Ақ әжелер» ансамблі «Ардагерлер полкі», «Аналарға арналған баллада», «Жайлаукөл кештері» әндерін қазақша және қытай тілінде орындады.
Ансамбльдегі әнші апаларға қарасаң, көңілің көтеріліп, айтқан әндері құлағыңның құрышын қандырады. Әсіресе, «Андижан» биін билеген апаның өнері мерекені қыздыра түсті.
Мереке соңынан аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев және аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Әбдікерім Уркумбаев Күміс Пармашқызы бастаған «Ақ әжелер» ансамблінің мүшелеріне алғыстарын айтып, ауданның атынан Бауыржан Момышұлының суреті бейнеленген кілемше мен гүл шоқтарын сыйлады.

Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close