El іshі
Ала тақтада оқушылар ой жарыстырды
Шақпақата ауылының тумасы, «Дидар» шаруа қожалығының жетекшісі Қабылбеков Айдар Бейсенұлының демеушілігімен №4 Құрманбек Сағындықов атындағы орта мектепте шахмат бұрышы ашылған болатын.
Жақында Шақпақ ауылдық округінің жастар ісі жөніндегі инспекторы А.Ахметовтың, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ғ.Бажиевтің, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Н.Қырғызбаевтың ұйытқы болуымен Қазақстан Республикасының “Мемлекеттік жастар саясаты туралы” Заңын жүзеге асыру аясында “Жастар – Қазақстанның интеллектуалды болашағы” атты аймақтық шахмат турнирі ұйымдастырылды. Іс-шараның шымылдығын Берік Қадырбай ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Шахмат адамды жылдам ойлануға, шешім қабылдауға және қадам жасауға итермелейді. Ойнау логикасы зейінділікті дамытуға, әр алуан варианттарды жылдам әрі дәл есептей білуге, жеңіске жетуге итермелейді деген ерік-жігерді қалыптастыруға басқа да моральдық қасиеттерді тәрбиелеуге көмектеседі.
Шахмат ойыны – бұл адамның мінез-құлқын өзі басқарумен қоғамдық тәжірибені қалыптастыруға арналған жағдайлар негізіндегі іс-әрекеттің бір түрі болып табылады.
Ақыл мен тапқырлықты ту етіп, логикалық ойлауға, болашақты болжауға, есте сақтау қабілетін арттыруға септесетін интеллектуалдық ойында жастар жарысты бастап кетті.
Турнирге барлығы 12 жас шахматшы қатысып, өзара бақ сынасты. Шахматтан мектеп жаттықтырушысы Б.Қадырбай төрешілік еткен білім мен ой жүйріктігінің сынға түсер сайысында турнир жеңімпазы болу үшін барын салды. Төрешілердің шешімімен турнир жеңімпаздары анықталды. Яғни, ІІІ орынды Ғаниұлы Нұрислам, ІІ орынды Жұмабай Данияр, І орынды Амангелді Әлімжан жеңіп алды.
Турнирге қатысып, жүлделі орын иегерлері атанған жастарды мектеп директоры Нұрғазы Сапиев марапаттады. Ұйымдастырушылар атынан дипломдар мен ынталандыру сыйлықтары табысталды.
Ақжан Ілиясұлы,
Шақпақ ауылдық округі