El іshі
Мамандығы – мал дәрігері
«Дипломмен – ауылға!» мемлекеттік бағдарламасының үздіксіз жүзеге асырылып келе жатқанына биыл 13 жылға жуықтады. Бұл бағдарлама ауылдық елдi мекендерге жұмыс iстеуге және тұруға келген денсаулық сақтау, бiлiм беру, әлеуметтiк қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілеріне әлеуметтiк қолдау шаралары бойынша жастарды жұмыспен қамтамасыз етуге бағытталған.
Осы ретте аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің жауапты мамандарының мәліметінше, «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2014 жылғы 6 қарашадағы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 18 ақпандағы №183 қаулысында 100 (жүз) еселік айлық есептік көрсеткішке тең сомада көтерме жәрдемақы және тұрғын үй сатып алуға 1 500 (бір мың бес жүз) еселік айлық есептік көрсеткіштен аспайтын сомада бюджеттік кредит беру әлеуметтік қолдау шаралары көрсетіледі.
Бүгінде осы бағдарламаның тиімділігін көріп отырған жандардың бірі түктібайлық Мейіржан Самат. Ол аудандық ветеринариялық станциясы шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорны Нұрлыкент ауылдық округіндегі ветеринариялық пунктінде мал дәрігері болып жұмыс істейді.
Иә мал дәрігері болу қазіргі таңда үлкен сұранысқа ие мамандықтардың бірі екені анық. Қиындығы мен қызығы бірге жүретін бұл мамандықты екінің бірі таңдай да бермейді. Алайда біздің кейіпкеріміз өзінің қалауы бойынша осы мамандықты таңдап, жұмысын қызығушылықпен атқарып жүр.
Мейіржан Самат 1995 жылы Нұрлыкент ауылдық округіне қарасты Түктібай ауылында дүниеге келген. Ол осы ауылдағы М.Әуезов атындағы орта мектептің түлегі. Мектепті аяқтаған соң Алматы қаласындағы Қазақ ұлттық аграрлық университетіне ветеринарлық медицина факультетіне оқуға түседі. Қолына дипломын ала салысымен ауылға келіп, осындағы ветеринариялық пунктке мал дәрігері болып жұмысқа орналасады. Бүгінде «Дипломмен – ауылға!» мемлекеттік бағдарламасымен жұмысын жүйелі атқаруда.
Мейіржан Саматұлының өз сөзінде «Дипломмен – ауылға!» мемлекеттік бағдарламасы баспанасыз жүрген жас мамандарға өте тиімді екенін айтады. Одан бөлек, бағдарлама бойынша 4 миллион 375 мың теңге көлеміндегі қаржыға баспана алғанын және айына қажетті сомасын төлейтінін жеткізді. Сонымен қатар, мамандығы мақтанышы екенін де жасырмады.
– «Медицина адамды, ал, ветеринария адамзатты емдейді» деген кереметтей қанатты сөз бар. Бұл мамандық менің бала кезгі арманым болатын. Әсіресе үйдегі жануарлардың не себепті ауыратынын, қалай және қай жері ауырып жатқанын зерттеп жүретінмін. Оны қалай жазуға болатынын да ойлайтынмын. Сол себепті де бүгінде мен мамандық таңдаудан еш жаңылысқан жоқпын деп ойлаймын. Жануарлар қай жері ауырып тұрғанын айтып, шағымдана алмайды ғой. Аурудың белгілеріне қарап емдейміз. Алғаш рет ірі қарадан қан алғаным есімде. Қорқынышты болды, – деген Мейіржан Саматұлы жастарды ауылдың дамуына, өркендеуіне үлес қосуға шақырды.
«Ел дегенде еміреніп, жұрт дегенде жұмылып қызмет ет» деген даңқты қолбасшы, Батыр Бауыржан Момышұлының қанатты сөздерін ұстанатын Мейіржан 2018 жылы Арайлым Ошақбаймен отау құрады. Қазіргі таңда жұбайы ауылдағы Түктібай медициналық пунктінде медбике болып жұмыс істейді. Бүгінде екеуі Жанерке және Айымжан есімді қос бүлдіршінді тәрбиелеуде.
«Жас келсе – іске» демекші жас та болса Мейіржандай өз ісінің білгірі және жұмысын сүйіп істейтін жастардың барында ауылдың расыменде дамитыны айтпаса да түсінікті. Әсіресе отағасы мал дәрігері болып ауылдағы малды емдесе, жары ауыл азаматтарының денсаулығына жауапты. Мұның өзі өзінше үйлесімділік тауып, ел-жұртты сүйсіндіріп, жүрекке жылулық сыйлайтыны анық…
Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»