El іshі

“Рухани керуен” – Жуалы жерінде

“Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында облыс көлемінде Наурыз мерекесін ауқымды тойлау мақсатында “Рухани керуен” жобасы іске асырылуда. Аталған жобаның “Игі істер күні” мерекесіне орай, ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарымызды жаңғырту, облыс жұртшылығы арасындағы мәдени және рухани байланысты күшейту мақсатында Жамбыл ауданының зиялы қауым өкілдерінен, өнерпаздарынан құралған керуен тобы Жуалы жеріне ат басын бұрды.

Жамбыл – ұлы заманның ұлы ақыны” Жамбыл ауданынан келген рухани топ мүшелерін аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова және аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев, аудандық-қоғамдық кеңестің төрағасы Әбдікерім Уркумбаев, “Мың баланың анасы” атанған денсаулық сақтау саласының ардагері, “Мехрибан” әзербайжан этномәдени орталығының жетекшісі Эсмира Мамедова, “Аналар алқасының” мүшесі Айгүл Омарова және тиісті бөлім басшылары қарсы алды.
Аудандық “Достық” мәдениет үйінің кіші залында жуалылықтар қонақтарды шашу шашып, қуанышпен қарсы алып, ізет көрсетті.
Керуеннің мақсаты таныстырылып, жылы лебіздерін білдіріп, мерекемен құттықтады. Жамбылдық айтыскер ақын Айтмұхамбет Исақов жуалылықтарға жүрекжарды тілегі мен ізгі ниетін жырға қосып, өз арнауын арнады.
Одан кейін мәдениет үйінің фойесінде жамбылдықтардың тарихи жәдігерлері, қолөнер шеберлерінің бұйымдары және рухани ошақ саналатын кітапханашылардың кітап көрмесі жабдықталып, таныстырылды.
Ең бірінші кезекте, шараға қатысушылар Жамбыл аудандық тарихи-өлкентану музейіне қойылған тарихи жәдігерлерді тамашалады. Тарихы терең өлкенің төл тарихынан сыр шертілді. Музейдің қызметкерлері 90 жылдық тарихы бар ауданның көрмеге қойылған көкпаршы Нәби Момыновтың белбеуін, болыстардың таза күмістен жасалған айбалтасын, зергерлік бұйымдарын, яғни, қос білезіктер, алқалар, шашбаулардың шығу тарихы туралы әңгімеледі. Сонымен қатар, қазақ халқының салт-дәстүріне байланысты қолданған байырғы тұрмыстық заттарын көпшілікке таныстырды. Мамандардың айтуынша, Жамбыл ауданында 137 көне тарихи қала бар екен. Мұражай жәдігерлерін көбінесе жергілікті тұрғындар “Туған жерге тағзым” акциясы аясында табыс еткен.
Көрме барысында ағаш шебері Айдар Сейтханов қазақтың қолөнері туралы айтып, ұлттық тұрмыстық заттардың жасалу әдістерімен бөлісті.
Жамбылдық керуен тобының мүшелері, яғни кітапхана ұжымы “Қазыналы, құтты мекен – Жамбылым!” атты көрме ұйымдастырған. Көрме төрт бөлімнен тұрады. Яғни, бірінші бөлім, Жамбыл – ұлы заманның ұлы ақыны” деп аталса, екінші бөлім “Өркені өскен өлке” деп аталған. Әр бөлімнің атауына сай кітаптар көрмеге қойылған. Одан бөлек, “Халық дәстүрі – асыл қазына”, “Жергілікті ақын-жазушылар” атты бөлімге кітапханашылар кітапхана қорындағы шығармаларды алып келген.
Керуен тобының концерттік бағдарламасы мәдениет үйінің сахнасында жалғасын тапты. Мерекелік шараның шымылдығы адуынды ақсақалдардың, жамбылдық қариялардың ақ батасымен түрілді. Жамбылдық өнерпаздар көмейден көмілген ән-жырларынан шашу шашып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Жанды дауыста ұлттық аспаптарда ән айтып, дәстүрлі әндерді шырқады. Термеден жыр айтып, көпшілікті тебірентті.
Жамбылдықтардың тағы бір ерекшелігі, ұлттық құндылықтарды барынша ұлықтап, тарихқа сыр шертуінде. Бұлай дейтініміз, олар керуен тобының құрамына атақты бүркітші Бауыржан Ешметовтың немересі, жас құсбегі Тұрнияз Бауыржанды қосқан. Тұрнияз атадан балаға жеткен құсбегілік дәстүрін жалғастырып, қазіргі таңда екі қаршыға, екі бүркіт баптап отыр. Өзімен бірге Жуалы жеріне “Бота қара” есімді бүркітін ала келген.
Керуен тобының Жуалы ауданына сапарын облыстық “Рухани жаңғыру” офисінің жетекшісі Ринат Нұрақбаев, облыстық руханият және тарихтану орталығының басшысы Сауран Қалиев, Жамбыл, Жуалы ауданы әкімдерінің орынбасарлары Олжас Баққараев және Анар Ахметова қорытындылады. “Рухани керуен” жобасын жүзеге асыруына атсалысқан жамбылдықтарды Алғысхатпен марапаттады.
Ұлттық құндылықтарымыз дәріптеліп, жаңғырып, ұмытылған дүниелер қайта еске түсіп, ұлттық мереке Наурыздың жоғары деңгейінде өтуі міне, осындай маңызы зор бастамалардан басталары сөзсіз.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close