El іshі
Тұрғындар күткен қуанышты күн де алыс емес
Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету – мемлекет саясатының басты бағыттарының бірі. Ауданда бүгінгі таңда 630 адам кезекте тұр. Кезекте тұрғандардың қатарында жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, көпбалалы аналар, отбасылар, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары, бюджеттік және мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері бар.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес алдымен көпбалалы, аз қамтылған отбасыларды және мүмкіндігі шектеулі жандарды баспанамен қамту маңызды. Бұл мәселені шешу ісінде облысымызда қолға алынған «Асарлатып үй салу» жобасы да өз нәтижесін беруде.
Өткен жылы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында тұрғын үй кезегінде тұрған аз қамтылған және көпбалалы отбасылар үшін Б.Момышұлы ауылында алғашқы көпқабатты 18 пәтерлік бір тұрғын үй бой көтерді.
Тапсырыс беруші аудан әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі болса, бас мердігер «Құрылыс және техникалық тексеру» ЖШС болса, ал мердігері тараздық «Бином» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. ЖШС-мен 191 494,8 мың теңгеге келісімшарт рәсімделген.
Серіктестік прорабы Нұрлан Қасымбеков бұған дейін газет тілшілеріне берген сұхбатында салынған тұрғын үй құрылысының ерекшелігі туралы айтқан болатын. Яғни, «Бұл тұрғын үйдің бір ерекшелігі, тұрғын үйдің тұрқы толықтай ірі панельдерден тұрғызылған. Ірі панельдермен үй салу тиімдірек. Панельмен салынған үй мен кірпішпен салынған үйдің бағасында едәуір айырмашылық болады. Әрі құрылыс барысы да жылдам жүреді. Құрылыс алаңына дайын темірбетон конструкциялары жеткізіледі. Бұл жұмыс уақытын едәуір қысқартады. Сыртқы панельдерде терезе ойықтары болады. Ал ішінде электр сымдарын тартуға арналған дайын арналар бар. Сонымен бірге мұнда қауіпсіздік шаралары да сақталған» дейді.
Бүгінгі таңда құрылыс-монтаж жұмыстары толық орындалып отыр. Онымен бірге құжаттамаларды рәсімдеу жұмыстары орындалуда. Құжаттарды рәсімдеу жұмыстары аяқталған соң кезек тәртібі бойынша, яғни Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуiрдегi № 94 Заңының 74 бабына сәйкес, мұқтаждар есебiнде тұратын азаматтарға мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғынжай немесе жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғынжай, барлық қажеттi құжаттармен бiрге өтiнiш берiлген кезден бастап тiзiмдерде белгiленген кезектілік тəртібімен берiледi.
«Баспана – бақыт шамы» деген. Тұрғындар күткен қуанышты күн де алыс емес.
Аудан әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Сауырбаев аудандағы бұл бағыттағы алдағы жоспарларымен де бөлісті. Бөлім басшысының айтуынша, екінші 3 қабатты 18 пәтерлі үйдің жалпы сметалық құны 276,826,0 млн. теңгені құрайтын мемлекеттік сараптама қорытындысы 2021 жылдың 25 мамырында № ЭЦБРК-0028/21 алынып, облыстық құрылыс басқармасына бюджетті өтінім берілген.
Сонымен қатар, екінші көпқабатты үйдің құрылысы жобамен 2022-2023 жылдары беріледі деп күтілуде.
10 үйдің жобасын (5 қабатты 60 пәтерлі) дайындау үшін аудандық бюджеттен 50400,0 мың теңге қарастырылып, мемлекеттік сатып алу жұмыстары ұйымдастырылып, мердігер мекеме “Кантри-М” ЖШС жобалап, сметалық құжаттама толығымен аяқталған. Бүгінгі таңда “Жамбыл облысы әкімдігінің сәулет және қала құрылысы басқармасының “Сәулеттік бюро” КММ-нен келісім алу және бюджеттік өтінімге құжаттама рәсімделу үстінде.
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»