El іshі

Әлеуметтік игілікке бағытталған бағдарлама

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен жүзеге асып отырған «Ауыл – Ел бесігі» жобасының басты мақсаты – ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсарту, ауылдарды тұрақты дамыту болып отыр.

Осы жоба шеңберінде ауылдық елді мекендерде әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдарды дамыту, ауыл халқының әлеуметтік игіліктер мен мемлекеттік қызметтерге қолжетімділігін қамтамасыз ету және жалпы жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру бойынша бірқатар міндеттерді шешу көзделген.
Осы ретте біздің ауданда да аталған тың жоба аясында өткен жылы қыруар тірліктер атқарылғаны белгілі.
Аудан әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің мәліметінше, 2022 жылы да «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында бірқатар жұмыстар атқарылады деп күтіліп отыр.
Атап айтқанда, 72 377,0 мың теңге қаржыға автомобиль жолдарына орта жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Оның ішінде, 2,1 шақырымды құрайтын Күреңбел ауылындағы Бейбітшілік және Қарабастау көшелерін орта жөндеуге – 32 863,0 мың теңге бөлініп, жөндеу жұмыстары атқарылмақ. Сонымен қатар, Ақбастау ауылындағы көптен бері жөндеу көрмеген Төле би, Қойгелді және Береке көшелерінің тұйығын орта жөндеу жұмыстарына – 39 514,0 мың теңге қаржы қарастырылған.
Одан бөлек, спорт саласында, аудан әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің тапсырысы шеңберінде Б.Момышұлы ауылынан жобасының сметалық құны 355 255,0 мың теңгені құрайтын спорт кешенінің құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.
Ал білім берудің сапасы мен қолжетімділігін арттыру аясында, облыстық білім басқармасы Жуалы ауданы білім бөлімінің тапсырысымен ағымдағы жылы сомасы 154 898,0 мың теңгеге Бәйтерек ауылындағы №11 Т.Тастандиев атындағы орта мектептің қасбетін күрделі жөндеуден өткізіп, құрылыс-монтаждау жұмыстары жүгізіледі деп күтілуде. Сонымен қатар, Қайрат ауылындағы №2 Мыңбұлақ орта мектебі және Көктөбе ауылындағы №30 Көктөбе орта мектебінің ғимараттарын да күрделі жөндеуден өткізу үшін, құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізуге тиісті қаражат қарастырылуда.
Денсаулық сақтау саласына келсек, Күреңбел және Бәйтерек ауылдарынан бір ауысымда 25 адам қабылдайтын дәрігерлік амбулатория салу жұмыстары жүргізілмек. Күреңбел ауылына салынатын дәрігерлік амбулатория құрылысының сомасы 170 599,0 мың теңгені құраса, Бәйтерек ауылында дәрігерлік амбулатория салу жұмыстарына бөлінетін қаржының сомасы 199 682,0 мың теңгені құрап отыр.

Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close