El іshі
Жүрегі “қазақ” деп соққан неміс қызы
Құшағы кең қазақ елі көптеген өзге ұлт өкілдерін бауырына тартты. Қазақстанда бір шаңырақ астында өмір сүріп жүрген түрлі ұлттар мен ұлыстардың бірлігі, ынтымағы басқа мемлекеттерге үлгі. Елімізде соңғы уақытта қазақ тілінде сөйлейтін өзге ұлт өкілдері айтарлықтай көбейгені де басты жетістігіміз. Бұл – нағыз патриоттардың қазақ жеріне, мемлекеттік тілге деген құрметі. Олар тек қазақ тілін ғана емес, халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын да құрметтейді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» атты ХХХІІ сессиясының отырысында: «Қазақстандағы барлық этнос өкілдері қазақтың болмысын бойына сіңіруде. Елімізде қазақтың салт-дәстүрін ұстанатын өзге ұлт өкілдері өте көп. Оны өздеріңіз жақсы білесіздер. Қазақстан олар үшін туып-өскен, ержеткен, білім алған, отбасын құрған қастерлі мекені, Отаны болып саналады. Бұл – табиғи үрдіс.
Даңқты отандастарымызды, спортшыларымызды, мәдениет қайраткерлерімізді, ғалымдарымыз бен студенттерімізді, кәсіпкерлерімізді шыққан тегіне қарамастан, шетелде үнемі қазақтар деп атайды. Бұл – табиғи құбылыс. Солай болуға тиіс. Біздің қоғам – ортақ идеалдар мен құндылықтар біріктірген еркін әрі жауапкершілігі мол азаматтардың одағы.
Бұл – жалпыұлттық бірегейлігіміздің тағы бір жарқын көрінісі. Сондықтан бүгінде азаматтарымыздың барлығы өздерін үлкен әрі біртұтас қазақ отбасының, шын мәнінде, қазақ ұлтының мүшесі сезінеді» деп айтқан болатын.
Шындығында, біздің еліміз бірнеше ұлт пен ұлысты біріктіріп, бейбітшілікті сақтап отырғаны белгілі. Қазақстанда тұратын өзге этнос өкілдері халқымыздың құндылығын бойға сіңіріп, өздерін елдің жанашыр азаматы ретінде сезінеді. Осындай жанның бірі ретінде ұлты неміс болса да, жүрегі қазақ деп соғатын Елена Ланщакованы айтуға болады. Кейіпкеріміз Б.Момышұлы ауылында туған. Мектепті аудан орталығындағы №1 Шерхан Мұртаза атындағы мектеп-гимназияда оқыған. Еленаның ата-анасы Ұлы Отан соғысы кезінде Қазақстанға жер аударылған. Әкесі токарь болып жұмыс істесе, ал анасы тігінші болған. Отағасы Борис Михайлович зейнетке шыққанша көлік жүргізуші болып ұзақ жылдар бойы жұмыс істеген.
-Мен осы ауылда туылдым. Қазақи ортада өстім. Мектеп оқып жүргенде сыныптастарымның көбі қазақтар болатын. Содан болар, олар қазақша сөйлегенде, біз сол қазақ тіліне қызыға қарайтынбыз. Уақыт өте қазақша тілді үйрене бастадым. Одан кейін жұмысқа орналасқан соң ортамның көбі қазақтар болды. Мектепті үздікке бітірдім. Әрі қарай медициналық колледжге оқуға түсіп, медбике мамандығын алып шықтым. Мектепте үйренген қазақшамның кейін жұмыс істегенде көп пайдасы тиді.
Алғашқы еңбек жолымды аудандық ауруханадағы хирургия бөлімінде медбике болып бастадым. Бөлімде бес жылдай жұмыс істеп, әрі қарай аудандық “Казсельхозтехникада” мекемесінде фельдшер бола жүріп көп тәжірибе жинақтадым. Жақсы орта таптым. Мен 10 жылдай фельдшер болып жұмыс істедім. Әрі қарай орталық ауруханадағы лазер кабинетіне медбике болдым. Сол жерде медбике бола жүре қосымша массаж курсын оқып алдым. Массажға қоса парафин және электрофарезді қалай қолдану керектігін үйрене бастадым. Сол лазер кабинетінен зейнетке шықтым.
Қазіргі таңда үйде балаларға массаж жасаймын. Уақыттың көптігінен емес, болашақ ұрпақтың денінің сау болғанын қалаймын. Аналар алғысын айтады. Балаларға массажды қолжетімді бағада жасаймын. Өйткені, маған келетін кей ата-аналар алыс ауылдардан қатынайды. Олардың жолақылары бар, массаждың ақысы бар, қиналып қалама деп ойлаймын. Балаларды массажға таңертеңгі 8.00-ден 13.00-ге дейін қабылдаймын. Ал, түстен кейін массажға ересектер келеді. Ата-аналар алдын ала жазылып, өздері келетін уақыттарын белгілеп алады,-дейді Елена Артуровна.
Кейіпкеріміздің үйіне кірсеңіздер құды гүлзар бағына енгендей күй кешесіз. Өйткені, үйінің ішінде үй гүлдерінің неше түрлері гүлдеп, жайқалып өсіп тұр. Сонымен қатар, бос уақытында үй іргесіндегі жерді тиімді пайдаланып, бау-бақшасына көкөністің барлық түрін отырғызған. Үй құстарының барлық түрін асырайды. Олар таза өнімді тұтынады.Қазақи ортада қалыптасып, өмірбойы араласып келе жатқан олардың дастарқанынан қазақ халқының ұлттық тағамдары табылады.
Елена жолдасы екеуі саламатты өмір салтын ұстанып, күнделікті таңғы серуенге шығып, дендерінің сау болуына аса мән береді. Елена және Борис Ланщаковалардың қыздары отбасымен Германияда тұрса, ұлы ата-анасының жанында, көршілес үйде тұрады. Ардагерлер ұл-қызынан сегіз немере, бір шөбере сүйіп отырған ұлағатты жандар.
Ерлі-зайыпты Ланщаковалар: «Қазақстан – біздің Отанымыз, туып-өскен жеріміз. Біздің өміріміз қазақ жерінде өткендіктен, біз бұл елден ешқайда кеткіміз келмейді. Елімізде тек тыныштық, татулық пен достық, бақыт-береке болсын» дейді.
Иә, осындай ұлты басқа болса да жүрегі қазақ деп соғатын отбасыны көрсең, іштей жүрекке қуаныш ұялатады.
Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»