El іshі
Отансүйгіштікке тәрбиелеудің маңызы зор
Жасыратыны жоқ, бүгінгі күннің өзекті мәселесі – жас ұрпақтың тәрбиесі болып отыр. Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы дейтін болсақ, қасиетті Отанымызды, елімізді, жерімізді қорғайтын жастарды тәрбиелеп, болашақ сарбаздар дайындау ісімен қоғам болып айналысудың қажеттілігі айтпаса да түсінікті. Сонымен бірге, салт-дәстүріміз бен дінімізді, тілімізді келер ұрпаққа одан әрі жеткізіп, жалғастыру да аса маңызды жұмыстардың бірі екені даусыз. Жас ұрпаққа сенім арта отырып, ата-бабаларымыздың сан ғасырлар бойы жүргізген күресімен жеткен ұлы істерді жалғастырса деген тілек әрбіріміздің ой-санамызда.
Жақында осы мақсатта Ақтөбе ауылдық округінің орталығы Бәйтерек мәдениет үйінде «Ақсуат» шекара заставасының мерзімді әскери қызметкерлерімен және мектеп оқушыларымен тәрбиелік мәні зор тәлімді кездесу кеші өтті.
Кездесуге аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова, ауданымыздың Құрметті азаматы, батагөй қария Аманжол қажы Дүрәліұлы, ҚР ҰҚК Шекара қызметінің Жамбыл ауданы бойынша тәрбие-идеологиялық және кадрлық жұмыстар бөлімінің басшысы, подполковник Ерхат Рафиков, шекара қызметінің ардагері Қошан Жайлауұлы, аудандық мәслихат депутаттары және Ақтөбе ауылдық округінің әкімі Көбейсін Хайралапов қатысты.
Шараны аудандық «Қызғалдақ» ән-би ансамблінің әншілері патриоттық әнмен ашты.
Патриоттық шараны ашқан аудан әкімінің орынбасары Анар Садыққызы өз сөзінде, патриотизм – сонау ерте замандардан қалыптасып келе жатқан қасиетті сезім екеніне баса тоқталып, ел жастарын отаншылдыққа тәрбиелеу жұмысы ұлттық ерлік дәстүрлерімізге сүйене отырып, өскелең ұрпақтың жан дүниесі, ой-санасы мен сезімін дамытып, қалыптастыруға бағытталуы керек екенін айтты.
Екінші кезекте сөз алған шекара қызметінің ардагері Қошан Жайлауұлы өзінің қызмет еткен жылдардағы естеліктерінен сыр шертіп, жастарға үлгі-өнеге боларлық келелі әңгімелерімен бөлісті. Ары қарай да сөз сөйлеген азаматтар жас ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелеудің маңыздылығына тоқталып, Отанды қорғаудың абыройлы іс екенін баса айтып, Отан күзетіндегі сарбаздарға мықты денсаулық пен абырой тіледі. Кеш соңында Аманжол қажы Дүрәліұлы тәлім-тәрбиелік мәні мол әңгімелер айтып, жиналғандарға ақ батасын берді.
«Жаңа өмір»-ақпарат