El іshі

Наурыз мейрамы көпшілікпен тойланды

Наурыз – достықтың, ынтымақтың, ырыс-берекенің, жаңарудың мерекесі, ел бірлігі мен татулығының бастауы. Осы ретте, Самарқанның көк тасы жібіген, Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамын Ақсай ауылдық округі Қайрат ауылының тұрғындары көпшілікпен бірге тойлады. Еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін мерекені қуанышпен қарсы алды. Көпшілік бір-бірімен көрісіп, амандық-саулық сұрасты.

Ауылдағы сәні мен салтанаты келіскен мешітте жұртшылық көптеп жиналды. Таңертеңнен бастап ауыл жеңгелері қазан көтеріп, ет асып, Наурызкөже, ыстық бауырсақ пісірді. “Абысын тату болса, ас көп” демекші, ақ жаулықты жеңгелер мен келіндер ауызбіршілікте бұл тірліктерді біркісідей атқарды.
Ауыл демеушілері мен тұрғындарының бірлесіп ұйымдастырған мерекелік шарада бірнеше бағдарлама қамтылып, жеңімпаздарға ынталандыру сыйлықтары берілді.
Ең алдымен мешітте қасиетті Құран сүрелерін жатқа оқудан жарыс ұйымдастырылды. Жарысқа жеті бала қатысты. Сонымен қатар сайыста көрші ауылдан келген балалар да бақ сынады. Олардың өнеріне Қайрат ауылының имамы Сауран Сарыпбеков және ауданның бас имамы Асхат Ақманбетов баға берді. Нәтижесінде, жүзден жүйрік атанып, І орынды Әбдурахман Құдайберген қанжығасына байлады.
Одан кейін ескі мешіттің алдында ұлттық спорт түрінен жарыстар өтіп, кіл мықтылар анықталды. Яғни, балуандар боз кілемде белдесіп, балалар асық атып, гір тасын көтеріп, арқан тартысып, қол күрестірді. Аталған спорттық ойындардың басы-қасында Ақсай ауылдық округінің спорт ісі жөніндегі нұсқаушысы Жеңісбек Сейітбеков бастаған жаттықтырушылар жүрді.
Сонымен қатар, мешітте “Тұсаукесер” рәсімі өтіп, бүлдіршіннің тұсауын Қайрат ауылының имамы С.Сарыпбеков және жеке кәсіпкер Ерік Тастанов кесті. Әжелер шашу шашып, қариялар ақ батасын берді.
Мерекелік шара мешіт асханасында жалғасын тапты. Ақ дастарқан басында ауыл қариялары жиналып, құран оқыды. Наурызкөжеден дәм татып, елдің амандығын, ынтымағы мен бірлігін тіледі.
Көпшілікке Мыңбұлақ орта мектебінің концерттік бағдарламасы ұсынылды. Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Роза Мұратаеваның ұйымдастыруымен оқушылар әуезді ән айтып, мыңбұрала би биледі.
Сондай-ақ, мерекеге жиналған жұртшылық шешендік сөздерді жатқа айтып жарысты.
Көпшілікті имандылыққа, ауызбіршілікке шақырған мағыналы шара тұрғындарға көтеріңкі көңіл күй сыйлап, ұлттық мерекені бірге атап өтуге ұйытқы болды.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close