El іshі
Аға буынның арасында белсенділік артып келеді
Тәуелсіздік жылдарынан бастап аудан көлемінде өңір экономикасының дамуына және халық тұрмысының артуына және ауыл-аймақтарда ынтымақ пен бірліктің орнығуына өздерінің сүбелі үлестерін қосып, әлі саптан қалмай еңбек етіп, жас буынға жарқын жол көрсетіп жүрген ардагер азаматтар арамызда аз емес. Олар түрлі салада талмай еңбек еткен еңбек майданының майталмандары. Иә, қариясы бар елдің қазыналы болатыны да сондықтан. Қазыналы қарттар – біздің байлығымыз, арқасүйер асқар тауымыз, ұлттың ұстыны да осы қариялар.
Осы ретте қасиетті өңірде тұратын ардагерлердің қоғамдағы белсенділігін арттырып, өмірден көрген-түйген мол тәжірибелерін жас ұрпақтың тәрбиесі мен жарқын болашағына лайықты жарату, аға буынның арасында саламатты өмір салтын қалыптастыру арқылы олардың өмір сүру жасын ұлғайту – басты міндеттердің бірі. Осыған орай, биыл Жамбыл облысының құрылғанына 90 жыл толуына, Ұлы Жеңістің 79 жылдығына және республикалық ардагерлер ұйымының құрылғанына 37 жыл толуына орай аудан ардагерлерінің арасында спорттың бірнеше түрінен спартакиада ұйымдастырылды. Аудан орталығындағы Спорт кешенінде өткен ардагерлер арасындағы дәстүрлі жарысқа ауылдық округтердің барлығынан өкілдер қатысты.
Жарыстың салтанатты ашылуында аудан әкімі Жалғас Мұртаза және «Ардагерлер ұйымы» РҚБ-ның аудандық филиалының төрағасы Сейітхан Жұмашев құттықтау сөз сөйлеп, жалпы ардагерлердің қоғамдағы рөлі және өңір тұрғындарын саламатты өмір салтын қалыптастыру ісіне тартудың маңыздылығын баса айтып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Айта кету керек, ардагерлер спорттың сегіз түрінен өзара сынға түсіп, бақ сынады. Атап айтқанда, үстел теннисі, дойбы, асық ату, шахмат, тоғызқұмалақ, бильярд, ләңгі тебу және дартс.
Спартакиада қорытындысында жекелеген спорт түрлерінен жеңімпаз және жүлдегер атанған ардагер спортшылар Диплом, медаль және қаржылай сыйлықтармен марапатталды.
Жеңімпаз және жүлдегерлерді «Ардагерлер ұйымы» РҚБ-ның аудандық филиалының төрағасы, денсаулық сақтау жүйесінің үздігі, ауданның Құрметті азаматы Сейітхан Жұмашев марапаттады.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»