El іshі
«Отанға адал қызмет ету – басты мақсатым!»
Ел тыныш болса береке мен бірлік орнайды. Халық алаңсыз еңбек етіп, тыныш өмір сүреді. Бейбіт елдің экономикасы өркендейтіні өз алдына, ең бастысы, халықтың жүрегі тыныш болады. Тәуелсіздік жарияланған сәтте-ақ біздің еліміз де өзге жұрт секілді ең алдымен қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігіне көңіл бөлді. Еліміздің сыртқы, ішкі тыныштығын қадағалау кезек күттірмейтін мәселеге айналды. «Жау жоқ деме, жар астында» демекші, қай кезде де іштен іріткі салушылардың табылатыны анық. Сондықтан қоғамдық қауіпсіздікті қадағалайтын әскерлердің жұмысына ерекше назар аударылды. Қазір осы маңызды міндетті әскер сарбаздары абыроймен атқарып жүр.Осындай абыроймен әскерге барып, Отан алдыңдағы борышын өтеп келген Нұрасылхан Әзімханды айтуға болады.
Ол Бауыржан Момышұлы ауылында дүниеге келген. №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияда тоғызыншы сыныпқа дейін оқып, әрі қарай оқуын Алматы қаласындағы Абылайхан атындағы халықаралық шет тілдер университетінің колледжінде жалғастырып, маркетинг және менеджмент мамандығын алып шығады. Нұрасылхан колледжді аяқтағаннан соң, әскер қатарына шақырылып, азаматтық борышын Абай облысының Аягөз қаласындағы 10810 әскери бөлімінің құрамындағы 11-ші танк бригадасында өтейді.
-Мен мерзімді әскери қызмет қатарына өз еркіммен бардым. Қазір көптеген жас жігіттер әскерге бармауға тырысады. Үйдегілерге келіп әскерге баратын болдым деп айтқанда, ата-анам бірден мені қолдап: «Ер жігіт әскери өмірді көруі керек» деп айтты. Әскерге барғанда алғашында қиналдым, ауылды сағынып, үйге қайтқым келетін. Таңертең ерте тұрып, тәртіпке бағыну алғашқыда оңайға түскен жоқ. Әрі әскерде әлімжеттік болатыны туралы естіп келгендіктен, әуелгі кезде аздап жүрексінгенімді жасырмаймын. Бірақ бәрі біз ойлағандай емес екен. Барлығы әскердің қатаң тәртібі мен ережесіне бағынады. Мен де аз уақытта қатаң тәртіпке үйрендім. Әскерде үйдегідей еркіндік жоқ. Әрбір ісіңе жауапкершілікпен қарайсың. Жалпы әскери өмірді көру, қатал тәртіпті бастан өткеру әрбір жас жігітке шыңдалу үшін қажет. Біз таңғы асты ішіп болған соң, бөлімнің алдында оқу-жаттығу жұмыстарын өткіземіз. Бос уақытымызда өзімізді ретке келтіріп, тазалыққа мән береміз. Әскери өмірге байланысты концерттік бағдарламалар болады. Өз басым әртүрлі ішкі әскери оқу-жаттығуларға белсене қатыстым,- дейді Нұрасылхан Шәріпханұлы.
Нұрасылхан үйдің кенжесі. Отбасында әпкесі мен ағасы бар. Әкесі Шәріпхан аудандағы спорт мектептерінің бірінде бухгалтер болып жұмыс істейді. Ал, анасы Аягөз аудандағы ветеринария бөлімінде жұмыс істесе, ағасы мен жеңгесі жеке кәсіппен айналысады.
Жақында ғана әскерден оралған Нұрасылханның алдына қойған арман-мақсаты көп. Соның ең бастысы – өз мамандығымен жұмысқа орналасып, отбасын құрып, ата-анасының үмітін ақтау дейді.
-Әскердегі өмір маған шыңдалуды, алға қойған мақсатқа жетуді үйретті. Біз онда жүріп қаруды қолдануды және әскери техникаларды жүргізуді үйрендік. Әскерде жүріп қиыншылықты саналы түрде жеңе білуді үйрендім. Әскерде біз нағыз достар қандай болатынын түсіндік. Алыста жүріп жақындарыңның қадірін түсінесің. Әскери өмір ер азаматты шыңдап, сені рухы мықты етіп тәрбиелейтін және барлығына үйрететін өмірлік мектеп деп ойлаймын. Әрі қарай жұмысымды осы әскери мамандықпен байланыстырып, туған Отаныма адал қызмет етсем деген ойым бар,- дейді жас талап.
Нұрасылханның қайтпас қайсарлығы, тік сөйлейтіні әрі тұйықтау мінезі өзінің ерекшелігін көрсетіп тұрғандай. Шыдамдылығы мен еңбекқорлығы, әрі білімділігі әскерде қажетіне жарады. Иә, әскер ер азаматты шымыр қылумен қатар, өмірге деген көзқарасын да өзгертеді. Бір жыл ішінде өзіне керекті дүниені алған жас сарбаз Отанға деген сүйіспеншілігін арттырып, қасиетті борышын өтеп келгеніне қуанышты екенін айтады. Лайым, Отанға деген шексіз сүйіспеншілігі бар ер азаматтардың қатары көп болғай!
Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»