El іshі
Өткенге салауат – болашаққа аманат!
немесе қуғын-сүргін және ашаршылық ақтаңдақтары
Қазақстан Республикасында 1997 жылдан бері жыл сайын Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен бекітілген Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні аталып келеді.
Тәуелсіздік алғаннан кейін 1993 жылы 14 сәуірде жаппай қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Ал, Президент 1997 жылды Жалпыұлттық татулық пен саяси куғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы, сондай-ақ 31 мамырды – Саяси саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні деп жариялады.
Жалпы зерттеушілердің деректеріне сүйенсек, 1927-53 жылдары Қазақстан бойынша 125 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшыраған. Олардың 25 мыңы жазықсыз атылды. Осы қуғын-сүргін жылдарында бүкіл елде 953 лагерь болған екен. Қазақстанда ГУЛаг-тың 20-дан астам лагері орналасқан.
Тәуелсіздік жылдары аралығында 146,5 мың күнәсіз жазғырылған отандасымыздың аттары жазылған 14 «Аза кітабы» жарыққа шықты. Заңнамаға сәйкес, 340 мыңнан астам заңсыз қуғын-сүргінге ұшыраған азамат ақталды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай жасаған Үндеуінде: «Кеңес заманында өмір сүрген халықтарға «үлкен террордың» орасан зор қасірет әкелгені есімізде. Зұлмат жылдарда Қазақстанға КСРО-ның түкпір-түкпірінен бес миллионнан астам адам жер аударылды», деп тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмыстарын аяқтап, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құруды тапсырды.
Иә, қазақ халқы бұл дүниеде не көрмеді? Сонау «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» заманынан бастап, «репрессия» жылдарына дейінгі аралықта халқымыздың осынау кең жаһан далада жойылып кету қаупі тұрған еді.
Қазақстандағы тұңғыш репрессия 1928 жылдан басталды. Өйткені 1925 жылы Қазақстан өлкелік партия комитетінің І хатшысы болып келген Ф.И.Голощекин республиканың саяси-экономикалық және әлеуеттік жағдайымен танысып: «Қазақстанға Ұлы Қазан революциясының ешқандай ықпалы болмады, сондықтан мұнда «Кіші Қазан» революциясын жасау керек» деген теріс қорытындыға келіп, республикада репрессиялық шаралар жүргізе бастайды. Ол ең алдымен зиялыларға ауыз салады. Солардың ішінде Алаш зиялылары- Ә.Бөкейханов, Ж.Ақбаев, Ә.Ермеков т.б. болды.
1930-шы жылдары Кеңес Одағының құрамында болған Қазақстанда 103 мың адам қуғын-сүргінге ұшыраған және 25 мың адам ату жазасына кесілген. Нақ осы жылдары қазақстандық ғылым, мәдениет және саясат саласының зиялы қауым өкілдері атылған.
Жалпы 1930-1953 жылдары аралығында 40 миллионнан астам кеңес азаматы репрессияға ұшыраған. Әсіресе бұл заңсыз жазалауға Кеңес Одағы құрамында болған барлық халықтар мен ұлттардың бетке ұстар интеллигенция өкілдері ұшыраған. Осы кезеңде қазақтардың 40 пайызы қаза тапқан. Ал Қазақстан аумағында орналасқан лагерьлерге корейлер, поляктар, Еділ немістері, Қырым татарлары, Кавказ халықтары және басқа да ұлт өкілдері қоныс аударылып келген.
Қаншама зобалаң жылдарды бастан кешкен қазақ халқының айтқан зары, кешкен мұңы, жүріп өткен «тар жол, тайғақ кешулері», бәрі-бәрі бүгінгі ұрпақтың жадында, жүрегінде, мәңгі есінде сақталатыны сөзсіз. Ол үшін мемлекет тарапынан тиісті алғышарттар жасалуда. Осыған орай, 1997 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы шығып, соған сәйкес 31 мамыр-Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып жарияланды. Ал Үкіметке жыл сайын 31 мамырда саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған іс-шаралар әзірлеп өткізу тапсырылған. Бұл күні бүкіл ел саяси қуғын-сүргін және ашаршылықтың құрбандары болған отандастарымызды еске алады.
«Социалистік режимнің екі үлкен күнәсін кешіруге болмайды: бірі – ашаршылық, енді бірі – қуғын-сүргін», дейді Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы Хангелді Әбжанов.
Әйгілі «Елім-ай» жырында айтылатын: «Қаратаудың басынан көш келеді, Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді», дейтіндей дәл осындай зарлы үн XX ғасырдың басында қазақтың жерін қайта жайлап еді. Қайран, қазақ елі… Бүгінгі жас ұрпаққа айта алмаған, жеткізе алмаған, жан дүниеңді дір еткізетін сырға, мұңға толы тарихи парақтарың қаншама әлі? Оған куә мына жатқан кең дала, заңғар таулар, өзен-көлдер, құм-шөлдер, тарихи ескерткіштер, мазарлар, қираған ежелгі қалалардың орны. Біз бүгін басып жүрген топыраққа ғасырлар бойы ата-бабалардың және әзиз аналардың қаны тамып келген. Қан мен жас тамған қасиетті жерді қадірлеу, елдің өткеніне құрметпен қарау – жас ұрпақтың қасиетті парызы!
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»