El іshі

Ұрпаққа ұлағат

Күн күркіреп, сіркіреп жауды жаңбыр,
Қаптайды жердің бетін қалың тұман.
Бұл көктемнің белгісі құбылмалы,
Күн шығады шуағын төгіп көктен.

Жақсылығы Алланың көптен күткен,
Жер ананы аялап самал леппен.
Шуағына тіршілік рақаттанып,
Бәйшешектер бүр жарып қаптап кеткен.

Жер көгеріп, ерекше түрге енген,
Табиғат сілкінгендей жан шақырып.
Құстар жүр тыным таппай ұшып, қонып,
Берекелі көктемнің жаршысы боп.

Жыл өтіп, күндер зулап бара жатыр,
Берекелі заман келер қара да тұр.
Санаңда туындаса сансыз сұрақ,
Орындалар жақсылықты бағалай біл!

Рухың күшті болсыншы, жаның таза,
Елің үшін, ұрпақ үшін кетсін маза.
Мәңгілік емес адамзат бұл өмірде,
Зырлап уақыт тез өтер қапы қалма.

Қанша батыр, қанша дана өткен кеше,
Тарихта белгісіз қалған жандар неше?
Үлгі алып өткен күндер елесінен,
Өзіңді қамшылай бер, сен, ендеше!!!

Жаңарар енді табиғат

Жауып тұр жаңбыр желдетіп толастамай,
Соған қарап көңілге түрлі ой оралғандай.
Жаңартып жерді, тазартып күл-қоқыстан,
Ерекше нұрмен жуып тазартқандай.

Табиғат мейірімді де, қатал қандай,
Қатыңқы қабақ, жаңбыр, желі толастамай.
Қыс бойы қар мен аяз аямаған,
Тал-дарақ қалтырайды дем ала алмай.

Бүрсеңдеп қорада тұр төрт түлігім,
Қашан бізді табиғат ескерер деп.
Шымшықтар мен сауысқан, ұзақ, қарға
Пана іздеп шиқылдаған сұрап сауға…

Бұл деген қыс пен көктем тайталасы,
Үстем алар көктемнің келді уақыты.
Қаншама қыс қаһарын төксе-дағы,
Жаңартып табиғатты көктем жеңді…

Табиғат түрленіп енді көрік берер,
Жер-Ана да еміреніп мейірімін төгер.
Жаңарған табиғатта тым ерекше,
Көркіне табиғаттың көңілің толар.

Жыл маусымы қайталанып келе берсін,
Ал адамдар жаңартып заман өсе берсін.
Тілегім сол,тіршілік дөңгеленген дүниеде,
Әлемде жақсылықтың мерейі үстем болсын!

Төлебала Күзембекқызы,
ардагер ұстаз, ардақты ана, ісмер

Таңдаулы материалдар

Close