El іshі

Жұмыстың жүйелі болуы – нәтижеге байланысты

Кез келген қоғамның болашағы мен қозғаушы күші – жастар. Шындығына келгенде, Тәуелсіз еліміздің болашағы – ел жастардың еңбекқорлығына, талап-тілегіне және арман-мұратына байланысты. Сондықтан жастар саясаты – мемлекеттік саясаттың негізгі басым бағыттарының бірі саналады.
Осы ретте, жастардың басын бір арнаға тоғыстырып, аудан өміріндегі қоғамдық-саяси жұмыстарға белсенді араласуына септігін тигізіп жүрген аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің жұмысы мен алға қойған бағыт-бағдарлары өте ауқымды.
Қасиетті өңір жастарының жұмысын насихаттаумен бірге, белсенді жастардың жұмысына қолдау көрсету мақсатында ресурстық орталықтың аппараты жоспарға сәйкес жұмыс жүргізуде. Бұл бағытта жұмыстарды дұрыс жоспарлап, тиімді үйлестірудің нәтижесінде, аудан жастары белсенділік танытып, қандайда болсын, жақсы істердің жаршысы болып жүреді. Өңір жастарына жағдай жасау, олардың қоғам үшін маңызды деген іс-әрекеттерін қолдау – аудан басшылығының да назарынан тыс қалған емес.
Аудан жастарын қолдауға басымдық беріп, осы бағытта көптеген шаралар жүзеге асырылуда. Әсіресе, соңғы уақытта ел жастарына көңіл бөлу, оларды барынша жан-жақты қолдау ісі ерекше қарқын алып отыр. Аудан жастарын жұмыспен қамту бағытында қолға алынған – «Жасыл Ел», «Дипломмен – ауылға!», «Серпін-2050» және «Жастар тәжірибесі» мемлекеттік бағдарламаларының маңызы өте зор. Жастарға арналған мемлекеттік бағдарламаларды кеңінен насихаттау мақсатында ауылдық округтердегі жастармен жұмыс жөніндегі мамандар жастармен түрлі кездесулерді көптеп өткізуде.
Жастар өмірінің маңызды бөлігін жұмыспен қамтылу мәселесі құрайтыны белгілі. Өздерінің жас мөлшеріне байланысты жас адамдар қандай да бір салада үлкен тәжірибеге ие болмағанымен, ірі көлемді инновациялық және шығармашылық мүмкіндіктер, сондай-ақ жемісті еңбек етуге деген айрықша құлшынысқа ие. Бұқаралық спортты дамыту мақсатында әрбір ауылдық округте әкімдер мен мектеп директорларының бекіткен кестесіне сәйкес, волейбол, футбол, теннис және күрестің бірнеше түрінен жастар арасында жаттығулар мен ойындар тегін жүргізіледі. Спорт нысандарының барлығы ауыл тұрғындары мен жастарға спортпен айналысуы үшін қолжетімді.
Әрине, өңірде жастар саясатын одан әрі жетілдіре отырып, алға қойған мақсатқа қол жеткізу үшін басым бағыттарды жедел жүзеге асыруға тиіспіз. Атап айтқанда, жастарды азаматтық және Отансүйгіштік құндылықтарға баулу, жастардың өзін-өзі жетілдіру және еріктілер қозғалысын дамыту, отбасылық құндылықтарды дәріптеу, саламатты өмір салтын насихаттау, жастар арасында діни сауаттылықты арттыру және құқықбұзушылықтың алдын алу, кәсіби бағдар беру және кәсіпкерлікті дамыту, жастардың қоғамға және табиғатқа қамқорлықты арттыру сияқты бірнеше бағыттардың аясында көптеген жұмыстарды іске асырамыз. Мұның барлығы сайып келгенде, жастарды жат әрекеттерден аулақ ұстау мақсатында бос уақыттарын тиімді әрі пайдалы шараларға жұмсауға үндеу болып табылады.
Біз: «Жастар – еліміздің болашағы» деген қанатты сөзді жиі айтамыз. Ал, сол жастардың болашағы мен қасиетті Отанның ертеңгі тағдыры бүгінгі қызметімізді қалай атқарып жүргенімізге тікелей байланысты емес пе?! Ендеше, дүниедегі жаһандану мен ғаламдану үрдістеріне жұтылып, ұлт ретінде жойылып кетпейік десек ұлымызды рухты, қызымызды ғұрыпты етіп, халқымыздың атадәстүрлеріне жақын етіп тәрбиелейік дегім келеді!
Жеңісбек Сейітбеков,
аудандық «Жастар ресурстық орталығы»
КММ-ның директоры

Таңдаулы материалдар

Close