El іshі

ел құрметіне бөленген қайраткер АЗАМАТ

Еңбегімен еліне жаққан, халқына мақтан, өз бақытын да содан тапқан азаматтар ортамызда аз емес. Олар жайлы ойлана бастасаң, аузыңа алдымен түсер ағалар да жетерлік. Соның ішінде ай маңдайы айрықша ерекшеленіп тұрған азаматтардың қатарында ағайынды Анархан, Қасымхан және Мұрат Бердалиевтерді атауға болады.
Жастайынан Қошқаратаның көк майсасында аунап-қунап, Теріс өзенінің ағысына қарсы жүзіп өскен Мұрат Әзімханұлы бүгін алпыс жастың белесіне шығып отыр. Жоғары санатты дәрігер-ординатор, «Халық алғысы» медалінің және басқа да мемлекеттік наградалардың, сонымен бірге «Алтын дәрігер», «Денсаулық сақтау» және «Әлеуметтік сала үздігі» төсбелгісінің иегері Мұрат аға қазір «Ұлттық Медициналық Ассоциациясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облысы бойынша филиалының президенті. Сонымен қатар Тараз қалалық мәслихатының депутаты.

Мұрат Әзімханұлы 1989 жылы Алматы мемлекеттік медициналық институтын «Педиатрия» мамандығы бойынша бітіріп, еңбек жолын облыстық балалар ауруханасында балалар хирургі болып бастаған.
-Жалпы мен мектепте сабақты өте жақсы оқыдым. Оған алдымдағы ағаларымның үлгі-өнегесі себеп болды. Өмірде бәрі тәлім-тәрбиемен келеді ғой. Шындығында біздің әкемізден үйренеріміз көп болды, ол кісіден тәрбиені естіп емес, көріп өстік. Ал анамыз, отбасында оқу-тәрбие туралы көп тәлім берді. Жақсы оқу керек екенімізді, өмірде түзу жүріп ешкімге зиянымызды тигізбей, ешкімнің ала жібін аттамауды үнемі құлағымызға құйып отырды. Оның үстіне мектептегі білім берген ұстаздарым да жақсы өнеге көрсетті. Мен әлі күнге солардың ішінде Рысбек Қазақбаев, Сәбит Өтебаев және Кенжебек Тасболатовты жүрген жерімде аузымнан тастамай айтып, мақтан тұтып жүремін, – дейді Мұрат Әзімханұлы
Мұрат ағаның айтуынша, әкесі Әзімхан Бердалиев 1942 жылы 28 жасында әскерге шақырылып, екінші дүниежүзілік соғысқа қатысықан. Үшінші Белорус майданында болған Әзімхан ата көптеген ұрыс қимылдарына қатысып, 1943 жылы алған ауыр жарақатынан соң, елге оралған. Ал өзімен бірге қан майданға аттанған інісі Әбілдабек сонда қаза тауыпты. Елге келген соң еңбек майданына араласқан әкесі Сталин колхозын ұзақ жыл басқарып, «Құрмет белгісі» орденін иеленген жан. Ал анасы Күлшат Жапарқызының биыл туғанына 100 жыл толады екен. Педагогиқалық колледжді бітірген анасы құдай қосқан қосағымен 9 ұл-қызды тәрбиелеп, олардың тәлім-тәрбиесіне үлкен мән берген. Өнерден де құралақан болмаған анасы барлық ұл-қызына домбыра тартып, күй шертіп, ән орындауды да үйретіпті. Әрине, бұл өнер балаларының кейін өз ортасында өнерлі болуына сеп болса керек. «Үлкен ағам – Анарханның тамылжытып күй шертетінін бауырларынан басқалар біле бермейді. Балбырауынды орындаған кезде еріп кетесің. Бауырым сонымен бірге сурет те салды. Мұны айтып отырған себебім, анам бізге қарандаштың түр-түрін тауып әкеп беруші еді. Сөйтсек, анамыз балаларының жан-жақты, сан қырлы болып өсуіне баса мән берген екен. Анамыз бізді отырғызып қойып, кешкісін Қобыланды, Ертөстік, басқа да жырларын мәнерлеп оқып, сол жырлардан үзінділер жаттататын. Қожанасыр, Алдаркөсе әңгімелері қызықты етіп айтып та беруші еді» дейді Мұрат аға.
Мұраттың ұйымдастырушылық қабілеті әкесінен дарыған деп айтсақ та артық болмас. Өйткені мектеп қабырғасында жүргенде оған мектептің комсомол ұйымын басқару сеніп тапсырылады. «7-сыныпта мені комсомолға бір жыл бұрын, он үш жасымда өткізді. Сол тұста мектеп бойынша комсорг керек болады. Мұғалімдердің көңілі маған түсіп, мектептегі комсомол комитетін бір жарым жыл басқарып, көзге түстім. Осылайша менің қоғамдық жұмыстарға араласуым басталған еді» дейді ол.
– Бала кезде басымыздан көптеген оқиғалар өтті ғой. Бір күні інім екеуміз қой бағып жүріп, ұйықтап қалып, қойдан айырылып қалғанымыз бар. Әкемізден осы үшін ұрыс естідік. Ол қойды кейін ауыл іргесіндегі Тесіктастан тауып алдық. Ауылдан бір километр жерде жартастың ортасында үлкен ойық тесік бар, ел оны «Тесік тас» деп атайды. Көше де осылай аталады. Келесі бір жартаста ағаш өсіп тұр, оған ел жұрт әулие ағаш ретінде қарайды, бұтағына мата байлап, түбіне тиын тастайтындары да бар. Жалпы ауылдың табиғаты көркем ғой. Сол жартаста біз соғыс, жасырынбақ ойнайтынбыз. Мұндай ойын ойнауға ол ара өте ыңғайлы. Одан бөлек, оған асық атуды, «ләңгі» тебуды, «шаншымақ» ойынын қосыңыз. Ал қыстың ақ боранды күндері үйде отырып «Ханталапай» ойнаушы едік. Ал, қар күреу біз үшін өте ауыр еңбек еді, өйткені қар күн ара жауатын, – дейді Мұрат Әзімханұлы.
Мамандық таңдауда да Мұрат аға алдындағы ағаларына еліктеп, солардың жолымен жүруді іштей шешіп қойған еді. Бірақ оның дәрігер болғысы келетінін естігенде Анархан ағасы інісінің ойын өзгертуге тырысып бағады. «Бір үйге бір дәрігер жетеді. Оқу өте қиын болады, 8 жыл оқу керексің. Оданда технологиялық институтқа түс, 4 жылда үлкен маман болып шығасың және түсуіңе достарымнан көмек сұраймын» деп айналдырады оны. Алғашында көнген сыңай танытқан Мұхаң, ағасы жұмыс бабымен Өскеменге іс-сапарлап кеткенде құжаттарын жинап, Семей қаласына тартып отырады. «Онда оқуға тапсыру өте қиын болды. Бір орынға 25-26 адамнан келді. Дегенмен мен төрт емтиханның бәрін сәтті тапсырдым. Екі «4» және екі «3» деген баға алдым. Ол конкурстан өтуге жетпейтінін білдім. Бірақ соңына дейін табандап тұрдым. Ертеңіне бізді Семей медицина институтының жауапты хатшысы жинап алып, «биыл Шымкент қаласында медициналық институт ашылады, бірақ ол тек фармакология факультеті бойынша құжат қабылдайды. Төрт емтихананн құламай өткендерің, сол институтқа түстім деп есептесеңдер болады» деді. Отыз абитуриенттің жартысы ол ұсынысты қолдады. Бірақ мен оған көнбедім, өйткені менің ойым дәрігер болу еді. Мені өткізбеген соң құжаттарымды алып ауылға қайттым. Ауылға келген соң колхоздың жұмысына шықтым. Көктемде қой қырқынына қатысып, колхозда ұйымдастырылған социалистік жарыстың жеңімпазы атандым. Ол кезді біздің нормамыз күніне елу қой қырқу болса, мен жетпіс қойға дейін қырқып социалистік жарыстың қызыл туын жеңіп алдым. Мінекей, алғашқы еңбек жолымда алған жалауым әлі күнге дейін үйде сақтаулы тұр» дейді ол.
Талаптанған жетер мұратқа демекші Мұрат аға алдыға қойған мақсатынан айнымай, колхозда жұмыс істеп жүрсе де оқуға деген құштарлығы оны астанаға алып келді. Сөйтіп ол Алматы мемлекеттік медицина институтына түсіп, «Педиатрия» мамандығы бойынша білім алып шыққан болатын.
Мұхаң оқыған топта 12 студант болса, оның барлығы жақсы білімімен ерекшеленіпті. Ал Мұрат Әзімханұлы бірінші курстан сол топтың старостасы болған. Білім биігінен көрінген ол институттың намысын Днепропетровскі қаласында өткен Кеңестер Одағының институттар арасындағы білім олимпиадасында қорғап, бірінші орынды жеңіп алып, курстық жұмыстан босатылғаны бар. Сондай-ақ студенттік шақта да белсенділігімен көзге түскен ол комсомол ұйымын басқарып, бесінші-алтыншы курста студенттік кәсіподақтар ұйымының төрағасы, екі жыл студенттік жасақтың командирі болады. Студенттік шақта түрлі оқиғалардың бастан өтетіні белгілі ғой. Сол тұста ауыл шаруашылығының күзгі жиын-теріміне араласып жүріп, түрлі оқиғаларды бастан кешіреді. Студенттік жасақтың командирі болғандықтан барлық студентті жатақханаға шығарып салып, соңында өзі бір курстасымен қайтып келе жатып, жапан түзде қасқыр үйіріне тап болыпты.
– Үшінші курсты аяқтаған жылы Жезқазған өңіріндегі Ұлытау ауданының Амангелді кеңшарына құрылыс жұмыстарына атсалысуға бардық. Бекітілген шаруаларды бітіріп, жатақханаға қайтып келе жатқанда жолда көлігіміз бұзылды. Өңменіңнен өтер күздің қара суығы. Көзге түртсе көргісіз қараңғылық орнаған. Жүргізуші шай қайнатым уақыт әуреленіп, техникасының бұзылған жерін таба алмады. Ауданнан мамандар келмесе жағдайдың қиын екеніне көзі жетсе керек, «сендер босқа жаурамай, қайта беріңдер. Алдарыңдағы қырдан ассаңдар, ауылға да жетесіңдер», деген жүргізуші бізге жол нұсқап, өзі көліктің қасында қалды. Содан керек-жарақтарымызды иыққа асынған күйі жолға түстік. Қасымда Алматыдан бірге келген жолдас жігіт бар. Қалған студенттер жұмысты ерте аяқтап, қараңғы түспей қайтып кеткен. Екеуміз жалғыз аяқ жолға түсіп алып, ауылға тезірек жетпек оймен жеделдете жүріп келеміз. Кенет, айдың жарығымен анадай жерден көздері оттай жанған иттің бе, әлде басқа бір аңның ба сұлбасын көзіміз шалып қалды. Қорыққанымыз сонша, жанұшыра жүгіре жөнелдік. Бағытымыз бірер минут бұрын ғана қорқа-қорқа қасынан өткен ескі мазар. Әлі таңғаламын, сонда бойымызбен шамалас мазардың қоршауынан секіріп, арғы бетіне бір-ақ түстік. Жан қандай тәтті десеңізші, кірмек түгілі, кеш батқанда маңынан өтуге жүрексінетін басымыз ондағы мазарат есігінің сым байлауын шешіп, ішіне қойып кеттік. Ентігіп кеткеніміз соншалық, сөйлеуге шамамыз жетпей, даусым шықпай қалды. Досымның да менің күйімді кешіп тұрғаны жүзінен анық аңғарылып тұр. Өз-өзімізге келгеннен кейін темірден жасалған торлы есікті имене ашып, сыртқа көз тастадық. Сөйтсек, ит емес кәдімгі қасқыр екен. Біреу емес, төртеуі бірдей мазараттың қоршауының алдында арсылдап бізген ентелеп тұр. Әр жарты сағат сайын сыртқа көз тастап қоямыз. Олар ішке кіре алмай мазаратты торуылдап әлі жүр. Сөйтіп, қалың киімдерімізді астымызға төсеніш етіп, таң атқанша сонда қорғануға тура келді. Түннің бір уағында көзіміз ілініп кеткен екен, таң бозарып ата бастағанда бір-ақ ояндық. Қасқырлардың кеткеніне анық кезіміз жеткен соң ғана, ауылды бетке алдық. «Мешітің алыс болса да, мазарың жақын болсын» дейді дана халқымыз. Бәлкім, сол кезде ескі мазарат болмағанда қасқырға жем болар ма едік?!» деп еске алады ол.
Мұрат ағаның тағы бір қыры, ол – желтоқсаншы.
– Мен, Желтоқсан көтерілісінің куәгері ретінде, сол күндердің, қазақ жастарының ұлттық жігерін, сезімін қорлаған тоталитарлық жүйеге өз сана сезімдерімен қарсы тұрғанын мақтан тұтамын. 17 желтоқсанның кешінен бастап халқына, оның көп жылдар бойы тепкі астында жаншылған рухына қалқан болғандарды көзіммен көрдім. Қыздардың ерліктері Тұмар әпкелерінің батырлығына пара-пар. Қол ұстасып қасқайып, қызыл жендетке қарсы тұруға жететін жігерді ұлттық рух қана бере алады. Ал олардың ұлттық рухы жоғары еді, ұзақ жылдар бұлықсып жатты да, бір күнде жарылды. Бүгінде Халық Қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтің Тараз қаласындағы мүсіні сол жастардың ерлігін, өрлігін паш етіп тұрған бірден-бір бірегей ескерткіш. Оған қасындағы желтоқсаншыларға арналған музейді қосыңыз. Музейді араласаң, есіңе сол бір қаһарлы шақ түседі. Ал кейінгі ұрпақ үшін өнеге, рух беретін киелі де қасиетті орын бұл. Алда ол нағыз батырлықтың кешенді көріністері айшықталған орталық болары хақ. Елінің ертеңі үшін қыршынынан қиылған, құрбандық болған Қайраттың мәңгі өлмейтін рухына жасалған тағзым – қазақтың өткеніне, келешегіне жасалған тағзым. Ескерткішке қараған сайын ол мәңгі жас күйінде, бүгінгі, одан кейінгі ұрпақтың ортасында қасқайып тұрады, ерлікке, елдікке шақырады да тұрады, – дейді ол
Мұрат Әзімханұлының еңбек жолына қайта оралар болсақ, ол өзінің парасат биігімен сатылап жоғарылап, дәрігер-интерннен жоғары санатты дәрігер-ординаторға дейінгі баспалдақтан өтті. Одан кейін, атап айтсақ, 2003-2005 жылдары штаттан тыс балалар урологы, сондай-ақ Жамбыл облысы бойынша денсаулық сақтау департаменті жанындағы халықтың денсаулығын қорғау бойынша комитеттің мүшесі, медициналық-әлеуметтік сараптама және халықты әлеуметтік қорғау бөлімнің бастығы, облыстық денсаулық сақтау басқармасының денсаулық сақтау құқықтық жұмысы бөлімінің бастығы сынды қызмет жолдарынан абыроймен өткен болатын. 2012 жылы Психоневрологиялық интернат-үйінің директоры болып тағайындалып, оны он жылға жуық басқарды. Сондай-ақ ол 12 жылдан бері облыстық денсаулық сақтау басқармасының пациенттердің құқықтарын қорғау Қоғамдық кеңесінің мүшесі. Бүгінде жоғарыда айтқанымыздай Мұрат Әзімханұлы «Ұлттық Медициналық Ассоциациясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облысы бойынша филиалының президенті. Еңбегі ескерусіз емес. Оның медицина саласына сіңірген еңбегі министрлік тарапынан да жоғары бағаланып, басқа да бірнеше мерекелік медальдармен, көптеген Құрмет грамоталарымен марапатталған. Соның ішіндегі ең жоғарғы награда – «Алтын дәрігер» төсбелгісі.
Тағы бір атап өтетін қыры, Мұрат Әзімханұлы қоғам белсендісі. Ол Тараз қалалық мәслихатының депутаты. Мұхаң партия атынан алғаш «праймериз» тәсілімен қалалық мәслихат депутаттығының жетінші шақырылымына 142 үміткердің ішінен бесінші болып өткенін әріптестері жақсы біледі.
“Amanat” партиясының депутаттық фракция мүшесі ретінде де талай жұмыстардың оң шешімін табуына үлесін қосып жүр. Мәселен, жылу желілерінің қысқа дайындығын, қала тұрғындарын ыстық сумен қамту, жол мен көшелерді абаттандыру сынды мәселелерді дер кезінде көтеріп, партия бақылауын арттыруға күш салды. Бір кездері Тараз қалалық мәслихатының хатшысы болған Батырбек Құлекеев ол туралы жақсы пікірде. «Біз Мұрат Бердалиевтің іскерлігін жақсы білеміз. Өйткені, депутат ретінде шаһардағы көптеген істердің шешімін табуға үлес қосқан сәтте Мұхаң үнемі халықтың жайын айтып, мұңын мұңдап, жоғын жоқтап отыратын. Соның арқасында көптеген ел игілігіне асатын мәселелер оң шешімін тауып отырды десем, артық айтқандық болмас. Ол өзіне жүктелген әрбір тапсырманы жауапкершілікпен орындауымен де көзге түсті. Бір атап өтерлігі, қарамағымда болған Мұхаңды қайда жұмсасаң да тірлігін, ісін тиянақты етіп тындырып келетін. Ол осы жауапкершілігімен де әріптестерінің ортасында үлкен беделге ие болды. Сондай-ақ Мұхаң жастар тәрбиесі мен басқа да қоғамдық жұмыстардың белортасында жүрді. Бір сөзбен айтқанда, Мұхаңның еңбегін әріптестері мен замандастары жақсы біледі. Ол елдің рухы мен ұлттық патриоттықты әрдайым бәрінен жоғары қояды» дейді Батырбек Құлекеев.
Мұрат Әзімханұлы студенттік достарымен де әлі күнге араласып-құраласып тұрады. Соның бірі медицина ғылымдарының докторы Қайрат Хабдолдин «Ғылыммен бір айналысса осы Мұрат досым айналысу керек еді, бірақ бізді ғылымға тастап өзі облысқа тәжірибелі медицинаға кетіп қалды. Дегенмен, біз бүгін Мұрат досымның қарапайым медицина саласында жүріп, үлкен биіктерді бағындырғанын көріп, қуанып отырмыз. Ол студенттік шақта біздің старостамыз болып, бізді студенттік жасақта бастап, көш басымызда жүрді. Бүгінде өз еңбегімен, қоғамдық өмірге араласуымен де, ешкімге айтпай жасайтын демеушілігімен де елдің құрметіне бөленгенін көріп отырмыз. Біздің ортамыздан шыққан осындай азаматтың барына біз қуанамыз, әрдайым оны өзімізге мақтан тұтып, айтып жүреміз» дейді ол.
Мұхаң Психоневрологиялық интернат-үйін басқарып тұрғанда мекеме ауласына екі монумент бой көтерді. Оның бірі «Шапағат шаңырағы» монументі. «Бұл монументтің атауының ерекше мәні бар. Жалпы шаңырақ қазақ болмысының көрінісі. Шаңырақтан жан-жаққа тарайтын төрт жүрекше алақан – мейірім мен жылы шуақтың, ізгіліктің белгісі. Бұл монументті тұрғызғандағы мақсатымыз – барша адам мейірімге зәру екенін жеткізу көпшілікке ой тастау болатын» дейді ол. Ал ұлттық домбыра күні «Домбыра» монументін тұрғызды. Сондай-ақ 2018 жылы қамқорлық алушы азаматтарды Санкт-Петербург қаласында ұйымдастырған мини футболдан еуропалық турнирге апарып, ол ойында өзі жасақтаған команда екінші орынды иеленіп қайтқан еді. Мінекей, осы істерге ол өзі демеушілік көрсеткенін ешкімге айтқан емес. Бұл да болса Мұхаңның қарапайымдылығын көрсетеді.
Айта берсе Мұхаңның біз біліп, білмейтін қайырымды істері өте көп. Оның осы қарапайымдылығын, елге жасаған қайырымды ісі үшін де Мұрат Әзімханұлын жерлестері құрмет тұтып қана қоймай, мақтан тұтады.
Марат ҚҰЛИБАЕВ,
журналист

Таңдаулы материалдар

Close