1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай аудан орталығында өткен мерекелік мәдени шарада Алматыдан «Ақ әжелер» ансамблі арнайы келіп, өнер көрсетті.
«Ақ әжелер» халықтық фольклорлы-этнографиялық ансамблінің жетекшісі жуалылық Күміс Пармашқызы.
Оқырманға түсінікті болуы үшін жерлесіміз және ансамбль туралы қысқаша тоқталып өтейік.
Күміс Пармашқызы 1940 жылы Бауыржан Момышұлы ауылында дүниеге келген. 1957 жылы қазіргі Құрманбек Сағындықов атындағы орта мектепті Алтын белгімен тамамдап, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша оқуға түседі. Университетті үздік дипломмен бітіріп шығады.
1973 жылы Күміс Пармашқызы отбасымен Алматы облысына қарасты Жамбыл ауданына қоныс аударады.
Ғұмырын ұстаздыққа арнаған жан мұғалім, 20 жылға жуық мектеп директоры болып абыроймен қызмет етеді.
Қоғамдық жұмыстың да бел ортасында жүрген Күміс Пармашқызы 1986 жылы 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мейрамы қарсаңында өнерлі, данагөй аналардан «Ақ әжелер» ансамблін ұйымдастырады. Ансамбльдің өнері көп ұзамай бүкіл елімізге таралып кетеді. Мәскеуде өткен «Халық шығармашылығы» байқауында жеңімпаз атанып, дауыстары орталық радионың «Алтын қорына» жазылады.
Әуесқой әртіс әжелер Қазақ теледидары ұйымдастырған тікелей эфирден берілген «Наурыз» мерекесіне қатысып, көрермендердің ризашылығына бөленеді.
1990 жылы Қазақ циркі үйінде өткізілген «Наурыз – Думанда» өнер көрсеткен әжелер тобы ұлттық өнеріміздің ең асылы мен тұнығын, көкірек түкпірінде көзінің қарашығындай сақтап келген әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерді, рәсімдерді өнер тілінде жеткізе біледі. Тіліміз бен дінімізді дәріптеуде де шынайы тектілік танытты.
1991 жыл ансамбль үшін ең жемісті жыл болды. Осы жылы ансамбль мүшелері Варшава университетінің ректоры Анна Чекановсканың шақыртуымен Польшада болып, қазақ фольклорлық өнеріне қызығушылық танытқан халық алдында өнер көрсетіп қайтқан. Сонымен бірге осы жылы Түркияға, Қытай мен Монғолияға да барып өнер көрсетеді.
1991 жылы 15 шілдеде ансамбль шеберлігінің өсу деңгейін ескере келіп, Мәдениет министрлігі ансамбльге «Халық ансамблі» деген жоғары атақ береді.
Өнерлі ақ әжелер мұнымен шектелмей, жастарды қолөнерге де баулыды.
1990 жылы әжелер өз күштерімен бос қалған интернат ғимаратын жөндеуден өткізіп, қолөнер цехын ашады. Онда кілем тоқитын үш станокта 18 қыз-келіншек жұмыс істейді. Бір бөлмеде ұлттық киімдер тігіліп, екіншісінде кестеленіп, үлкен бөлмесінде киіз, пима басылып, сырмақ сырылып, киіз қалпақтар тіккен. Жасалған бұйымдар Алматыдағы «Мирас» дүкенінде сатылып, цехта жұмыс жасаған 30 қыз-келіншекке жалақы болады. Үйрету жұмыстарының барлығын тегін атқарған әжелер тобы өздерінің қиналғанына қарамай, жастарды өнерге баулып, отбасыларын асырауына көмектесті.
Цехта Ж.Жабаевтың, Б.Момышұлының, Ш.Мұртазаның және атақты тұлғалар мен жеке арнайы сұраныс берген адамдардың кілем-бейнелері тоқылды. Тапсырыстар тек Қазақстаннан ғана емес, Ресейдің Санкт-Петербург, Новосібір қалалары мен Украинаның Днепродзержинск қаласынан да түсіп жатты.
2002 жылы Франция корольдігінің Қазақстаннан арнайы шақырылған 50 делегатының құрамында ансамбль жетекшісі Күміс Пармашқызы да барды. Делегацияны Қазақстан Республикасының сол кездегі Сыртқы істер министрі Қ.К.Тоқаев бастап барған.
Күміс Пармашқызы Париж қаласының іргесіндегі «Шантелей» спорт кешенінде тігілген он үйдің бірінде әжелердің қолынан шыққан ұлттық нақыштағы әсем бұйымдармен шетелдіктерді таныстырды. Алаша, кілем тоқитын өрнек әдістерін көрсетіп, француздардың таңдайын қақтырып, жоғары баға алып қайтқан. Сонымен бірге, осы шарада «Диана – Ермес» атындағы арнайы сыйлыққа ие болып, ел мерейін өсірген еді.
Жас ұрпаққа әлі де берері көп әжелер бүгінде еліміздің түкпір-түкпірін аралап, ұлттық өнерімізді дәріптеуде. Жуалы жеріне жасаған рухани сапарлары – соның бірі. Әжелердің жол алыс демей сапарлап, ән айтып, халыққа рухани қуаныш сыйлап, өздері рухани демалып жүргенінің өзі бір ғанибет.
Жас ұрпаққа айтары, берері мол, рухани бай, қазыналы қарттарымыз лайым көп болсын!
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»