El іshі

Гүлденсе ауыл, гүлденеміз бәріміз!

Ауданда жыл сайын көктемгі және күзгі көріктендіру және көгеріштендіру, санитарлық тазалық екі айлығы жарияланып, осы айлық аясында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Арнайы сенбіліктер де ұйымдастырылып, онда аудан басшысынан бастап, қатардағы қызметкерге дейін тазалық жұмыстарына қатысып, тал-дарақтар егуге атсалысады. Бұл әрине, қоғам тарапынан құптарлық жұмыс.

Гүлденсе ауыл, гүлденеміз бәріміз. Сайып келгенде, табалдырықтан басталған тазалық – өзің тұратын ауылыңның таза болуының кепілі. Ауылың қоқыстан таза болса, басқа ауылдарға да үлгі болмақ.
Осыған орай, аудан әкімдігінің ТҮКШ, ЖК және АЖ бөлімінің мәліметінше, аудан әкімдігінің 2022 жылғы 22 ақпандағы «Көріктендіру, көгеріштендіру, абаттандыру және санитарлық тазарту жұмыстарын өткізу туралы» №46 қаулысы қабылданып, аудан бойынша үстіміздегі жылдың наурыз және мамыр айларының аралығы көктемгі санитарлық тазартудың екі айлығы болып жарияланған.
Ауылдық округтер бойынша көктемгі абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазарту жұмыстарына қаралған қаржы көлемі 22602,0 мың теңгені құрайды. Оның ішінде абаттандыруға және көгалдандыруға 13212,0 мың теңге, санитарлық тазалыққа 9390,0 мың теңге қаралған.
Бөлімнің мәліметіне сүйенсек, аудан бойынша іс-шаралар жоспарына сәйкес тал-дарақтарды күтіп-баптау бойынша 8991 дана тал бұталса, 2400 дана тал ақталған. Сонымен қатар, тазарту жұмыстарына келер болсақ, 71 шақырым каналдар мен арықтар, 115 шақырым көше, 71,1 шақырым алаң, аула аумақтары тазартылып, 94,7 тонна қоқыс шығарылған. Одан бөлек, жалпы көктемгі көріктендіру, көгеріштендіру, абаттандыру іс-шаралары аясында 5354 дана тал-дарақтар отырғызылған.
Ал, осындай жұмыстардың Шақпақ ауылдық округінде қалай атқарылып жатқаны туралы ауылдық округ аппаратының жауапты мамандарынан сұрап білген едік.
Бүгінде Шақпақ ауылдық округінде ағымдағы жылдың көктемгі екі айлық елді мекендерін абаттандыру, көріктендіру және санитарлық тазарту жұмысы жүйелі жүргізілген. Мәселен, №4 Қ.Сағындықов атындағы орта мектептің ауласы тазартылып, жеміс ағаштары егілсе, №37 Ынтымақ негізгі мектебінің ұжымы өзен бойын қураған ағаштардан тазартып, арнайы орынға шығарған.
«Шақпақата» және «Жасұлан» бөбекжай-балабақшасы өз аулаларына жеміс ағаштарын егіп, ауланың көркін аша түскен. Ауыл маңында «Жасыл белдеу» құру бағдарламасы бойынша 3,0 гектар жерге 200 түп әртүрлі тал-дарақ егілген. Округке қарасты Шақпақата, Ынтымақ, Амансай ауылдарынан ауылішілік көшелерден қалдықтар жиналып, әр аптаның жұма күндері арнайы орынға шығарылады.
Сонымен қатар, ауылдық округтегі мемлекеттік мекемелер өз аулаларына тазалық жұмыстарын ұдайы жүргізіп отырады.
Иә, тазалық – бәрімізге ортақ жұмыс. Тұрғындар да өз кезегінде ауылдың тазалығына тек әкім мен әкімшілік қызметкерлері жауапты деп қарамай, жауапкершілікке үйренсе деген тілек бар. Себебі, ауылдың гүлденуі ең алдымен сол ауылдың тұрғындарының жауапкершілігіне тікелей байланысты.

Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close