El іshі
Елдігіміздің бірден-бір белгісі
Мемлекеттік рәміздер – халқымыздың мұқалмас рухын, қаһармандығы мен даналығын, асқақ арман-тілегін жеткізетін құнды белгілер.
Расында, Отанға адал қызмет ету, ізгілік, әсемдік, халықтың тарихи тамыры мен салт-дәстүрін құрметтеу Мемлекеттік рәміздерде бейнеленген. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Қазақстанның туы биікте желбіреп тұрған сәтте біздің жүрегіміз ел үшін, Тәуелсіздіктің арқасында қол жеткізген барлық жетістігіміз үшін мақтаныш сезіміне бөленді!» деп атап өткені бар.
Мемлекеттік рәміздер жастардың патриоттық санасын қалыптастыруда ерекше маңызға ие. Осылайша, барлық іс-шаралар Мемлекеттік рәміздерді пайдалана отырып өткізіліп жүргенін талай рет көзімізбен көріп жүрміз. Жалпы, отансүйгіштікке тәрбиелеу мен халқымыздың бірлігін нығайту ісінің табысты болуы баршамызға байланысты. Қазақстандықтардың, оның ішінде жастарды, әуел бастан өзінің ыстық Отанына, дербес Туына, айбарлы Елтаңбасына, рухты Әнұранына деген шынайылығы оған сүйіспеншілік пен терең құрметпен тәрбиелеуден басталады.
Жұдырықтай бірге жұмылған жұмыр да мығым күш-жігердің арқасында ғана біз Тәуелсіз Қазақстанның нағыз патриоттарын тәрбиелей аламыз.
Мемлекеттік рәміздер – тәуелсіз Қазақстан Республикасының елдік нышандары болып саналады. Мемлекеттік рәміздерге деген құрмет әрбір азаматтың бойында болуы тиіс. Қай елдің болсын, оның рәміздеріне қарап қандай мемлекет екенін жазбай тануға болады. Себебі, рәміздер сол елдің, сонда ғұмыр кешіп жатқан халықты өткен тарихы мен дүниетанымын, көзқарасын, ертеңгі күнге деген сенімін білдіреді. Осыған қарап-ақ рәміздердің қандай мән-маңызға ие екенін байқаймыз.
Дәулет Қалымханұлы,
Жетітөбе ауылдық округіндегі жастармен жұмыс жөніндегі маманы