El іshі

«Жақсы мұғалім түсіндіреді…»

Батыр атындағы мектеп ХТИИ-мен тағы бір келісімге қол жеткізді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында негізгі капитал ретінде білім саласына айрықша тоқталғаны бәрімізге белгілі. Президент өз сөзінде: «Кәсіби білім берудің бүкіл жүйесін еңбек нарығында сұранысқа ие білікті мамандар қалыптастыруға бағыттағанымыз жөн», – деп атап көрсетті.
Сонымен бірге, Президенттің «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты 2021 жылғы Жолдауында да білім беру саласына басымдық беріліп отыр. Мұнда да: «Балаларды ерте жастан мамандыққа бейімдеу айрықша маңызға ие болуда. Өскелең ұрпақ өзінің болашақ кәсібін саналы түрде таңдай білуге тиіс»,- деп атап көрсетілген.
Осы тапсырмаға сәйкес, ХХІ ғасырда білім беруді экономикалық өсудің жаңа моделінің орталық буынына айналдыру үшін оқыту бағдарламасын сыни ойлау, өз бетімен іздену дағдыларын дамытуға және ынтымақтастық арқылы білім алуға бағыттауымыз қажет.
Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы Жуалы ауданының білім бөліміне қарасты №22 Б.Момышұлы атындағы орта мектептің ұжымы Халықаралық Тараз инновациялық институтымен білім және ғылым саласында ортақ мақсаттарға ие бола отырып, өзара сенім мен ынтымақтастық орнату қағидаттары туралы Меморандумға қол қойды. Өзара ынтымақтастықтың мақсаты – ғылыми орталықтармен, жоғары оқу орындарымен байланысу арқылы тәжірибені үйлестіру, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүйелеу.
Аталған құжат бірлескен мәдени-білім беру, ғылыми-ізденіс жобаларды іске асыруды көздейді. Меморандум аясындағы негізгі серіктестік зерттеу бағдарламаларын, ғылыми-практикалық іс-шараларды (конференция, форум, семинар т.б) ұйымдастыруға, ақпарат алмасуға негізделген. Сондай-ақ, меморандумда академиялық ақпараттармен, оқу-әдістемелік құралдармен және материалдармен бөлісу, өзара келісім-шарттар негізінде басқа да академиялық ынтымақтастықтар орнату көзделген. Құжат екі жақтың бірлесе жұмыс істеуіне, ғылыми жобаларды қосыла қолға алып, жиындар өткізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар жоғары сынып оқушыларына бүгінгі таңда елімізге қажет етілетін мамандық таңдауға жәрдемдесетін болады.
Қазіргі заман мұғалімінен дарынды оқушыларды тәрбиелеу үшін тек өз пәнінің терең білгірі болуды ғана емес, шығармашыл болуды, яғни тарихи танымдық, саяси экономикалық білімділік, педагогикалық-психологиялық және ақпараттық сауаттылықты талап етеді. Бүгінде білім мекемесінде тәлім-тәрбие алып келе жатқан шәкірттердің қоғамдық және әлеуметтік белсенділігі жыл санап арта түсуде. Білім мекемесінің оқу-тәрбие саласындағы жұмыстарда жоғары жетістіктерге жетуіне «Озат тәжірибе» мектебінің құрамына енетін тәжірибелі ұстаздар қомақты үлес қосып келеді. Мектеп ұстаздары жеке тұлғаның дарындылық қабілеттерін жан-жақты дамыту бағытындағы зерттеу жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеді.
Осы бағытта құрылған «Жас қанат» ғылыми қоғамының мүшелері ағымдағы оқу жылында түрлі пәндік олимпиадаларға, ғылыми-зерттеу жұмыстарына қатысып, аудан және облыс көлемінде жеңімпаз атанды. сегіз оқушы аудандық пән олимпиадаларында, 2 оқушы облыстық пән олимпиадасында, екі оқушы облыстық ғылыми жобалар байқауында, 46 оқушы республикалық «Алтын тобылғы» зияткерлік олимпиадасында, 44 оқушы «Мыңнан тұлпар» зияткерлік сайысында жүлделі орындарды иеленді.
Атап айтқанда, математика пәнінің мұғалімі Ғ.Егізбековтың шәкірті Нұржас Тұрарбек Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті ұйымдастырған облыстық пәндік олимпиадада І орынды, Ж.Сауранбаеваның шәкірті Жұлдызай Қуанышбай математика пәнінен өткен облыстық «Алтын сақа» олимпиадасында жүлдегер атанды. Облыстық 2-7 сынып оқушылары арасында өткен «Зерде» зерттеу жұмыстары мен шығармашылық жобалар конкурсында Ақбота Бердібай мен Мөлдір Сейітхан жүлделі ІІ орынды жеңіп алды. Жетекшісі география пәнінің мұғалімі Ш.Мамытов. Халықаралық Тараз инновациялық институты ұйымдастырған облыстық эссе жазу байқауында Шахриназ Далжанбек ІІІ орынды иеленді. Жетекшісі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі М.Құрмашова.
«Жай мұғалім хабарлайды, жақсы мұғалім түсіндіреді» дейді. Шығармашыл мұғалімдер білім беруде барынша жоғары жетістіктерге қол жеткізу үшiн балаларға қолайлы орта жасауға, оны қалыптастыруға тырысатыны анық. Дарынды және талантты балаларға қатысты міндеттер – білім саласында ойлауды, талқылауды және мұқият жоспарлауды талап ететiн едәуір күрделі мәселе болғандықтан, аталған ғылыми орталықпен ынтымақтастық орнату ізденуші педагогтар мен балалардың жобалық-зерттеу жұмыстарын тереңдете түсері анық. Алда бұл бағытта үлкен жұмыстар атқарылып, жауапты іс жалғасын таба бермек. Жоспарланған жұмыс ауқымы үкілі үмітімізді ақтайтынына сенімдіміз.

Гүлжанар НҰРБАЕВА,
№22 Б.Момышұлы атындағы орта мектеп
директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары.
Талапты ауылы

Таңдаулы материалдар

Close