El іshі
«Ауған ақиқаты – ерлікке тағзым»
Кеше аудандық орталықтандырылған кітапхананың «Білім беру» орталығында Кеңес Одағы жауынгерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 33 жыл толуына орай «Ауған ақиқаты – ерлікке тағзым» атты Ауған соғысы ардагерлерімен тікелей эфирде кездесу-сұхбат ұйымдастырылды.
Шара жастарға Ауған соғысы ардагерлерінің Отан алдындағы борышына адалдығын насихаттап, олардың патриоттық сезімін ояту мақсатында өтті.
Сұхбатты аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің абономент бөлімінің кітапханашысы Шарифат Төлепбайқызы жүргізді.
Іс-шараға аудандық Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері ұйымының төрағасы Мақсатбек Әбдібеков, ұйым мүшелері Аймұрат Ахметов және Бақтияр Жұмашев қатысты.
Кеңес сарбаздарының Ауған жерінен шығарылғандарына да 33 жыл өтті. Олар майданынан соғыс ардагерлері болып оралды. Ауған соғысы ардагерлері ҰОС жылдарындағы фашизмді жеңген қаһармен ата-бабаларымыздың ерен ерлігін екінші мәрте қайталады.
Кездесу-сұхбатты жүргізіп отырған Шарифат Төлепбайқызы қонақтарға өзінің сұрақтарын қойып, оған тұшымды жауаптар алды.
Шараға қатысқан ардагерлер Ауған соғысы туралы баяндап, бастарынан өткен оқиғаларын айтып берді. Олар бұл соғысты сөзбен айтып жеткізу қиын екенін, сол кезде түсірілген видеолар мен қысқа метражды фильмдерді қазір көрсе, қандай қиындықтарды бастарынан өткізгендерін түсінетіндерін жеткізді.
-Еліміз Тәуелсіздігін алды, қазіргі жастарымыз бақытты. Тәуелсіздік – Тәңірден келген үлкен сый. Осы тәуелсіздігімізді құрметтей білуіміз керек. Қазіргі жастар үлкендерді, ат-аналарын сыйлауы керек. Тәрбие отбасынан басталады, әрі қарай білім ордасында жалғасады. Әрбір ата-ана өз баласын жаман болсын демейді. Оларды жақсы жаққа қарай тәрбиелейді. Жастар ата-анасы берген тәрбиені бойларына сіңіре білу керек. Әрі қарай тағылым көрсете білу керек, – дейді Ауған соғысының ардагері Мақсатбек Әбдібеков.
-Әрине кейбір азаматтар үшін бұл қатардағы күннің бірі ғана шығар, ал сіздер үшін – тарихи күн! Тағдырлы күн! Бүгінгі берген сұхбаттарыңызға көп рақмет, дендеріңізге саулық отбастарыңызға амандық тілейміз, – деп іс-шараны абономент бөлімінің кітапханашысы Шарифат Каниева қорытындылады.
Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»