El іshі

«Әлемді кітап арқылы танимын»

«Совет Әлімқұлов оқулары» аудандық байқауы өтті

Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының бастамасымен Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, белгілі балалар ақыны, он шақты кітабы жарық көрген Совет Рақымбайұлы Әлімқұловтың «Әлемді кітап арқылы танимын» атты ең көп оқитын оқырмандар арасында «Совет Әлімқұлов оқулары» аудандық байқауы өтті.

Аудан орталығындағы балалар кітапханасында өткен байқаудың мақсаты – балалар ақыны Совет Әлімқұловтың өмірі мен шығармашылығын балаларға тереңірек оқытып, балаларға арналған сан алуан тақырыптағы танымдық-тәрбиелік туындылары арқылы балалардың қазақ тілі мен әдебиетіне, мәдениетіне деген ықыласын арттыру және көркем сөз оқу шеберлігін, тіл мәдениетін жетілдіріп, рухани-адами тәрбие беру. Одан бөлек, оқушылардың бойында ұлтжандылық қасиеттерді қалыптастырып, балалар мен жасөспірімдер арасында кітапқа деген қызығушылықты арттыру.
Екі бөлімнен және төрт кезеңнен тұратын байқауға әр ауылдан 8-12 жас аралығындағы 25 оқушы қатысты.
Қатысушыларға Д.А.Қонаев атындағы Жамбыл облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының директоры Гүлфайруз Іңкәрбекова, аталған кітапхананың кітапханашысы Мира Расулова, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Салтанат Біләнқызы, кітапханалар жүйесінің бірыңғай қорларды пайдалану бөлімінің меңгерушісі Мәрзия Ермекбаева қазылық етті.
Сайыскерлер «Мен кітапхананың тұрақты оқырманымын» деп аталатын бірінші кезеңінде өздерін түрлі жанрда таныстырып өтті. Ал, «Балалар ақыны Совет Әлімқұловтың өлеңін жатқа оқу немесе сахналық қойылым қою» кезеңі бойынша қатысушыларға үш минут уақыт беріліп, сайыскерлер бар өнерлерін ортаға салды. Бірі оқ бойы оза шауып өлеңді мәнерлеп әрі жатқа айтса, енді бірі сөзден жаңылысып жатты.
«Портрет галереясы» кезеңінде оқушылар экран арқылы көрсетілген портреттегі бейненің кім екенін табу керек болса, «Әдеби бәйге» кезеңінде Совет Әлімқұловтың өмірі мен шығармашылығы туралы сұрақтарға жауап берді.
Қазылар алқасы қатысушылардың өнерін бағалау кезінде оқырманның шығарманы таңдау талғамына, дауыс мәнеріне, тіл тазалығына, жан-жақты білімділігіне, сахнада өзін-өзі ұстау мәдениеттілігіне назар аударды.
Шараны Д.А.Қонаев атындағы Жамбыл облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының директоры Гүлфайруз Іңкәрбекова қорытындылап, сайысқа қатысушыларға ізгі тілегін жеткізді. Сонымен қатар, үлкен топқа қарағанда кіші топтың өнері таңқалдырғанын жасырмады. Себебі, кіші топ қазылар алқасының көзіне оттай басылып, дауыс ырғағымен, қойылған сұрақтарға нақты әрі тиянақты жауап беруімен және қазылар алқасының алдында өздерін емін-еркін ұстауымен ерекшеленгенін айтады.
Қорытындылай келе, облыстық қорытынды байқауға ауданымыздан Теріс ауылдық кітапханасының оқырманы Камила Мұстафа және Қосбөлтек ауылдық кітапханасының оқырманы Аршат Ниетбек жолдама алды. Сондай-ақ, басқа да байқауға қатысушылардың барлығына дерлік Алғысхаттар табысталды.

Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close