El іshі

Қанатың талмасын, Қанат!

Жуалының түлегі Қанат Мырзаханұлы айтыстың ақтаңгеріне айналып келеді

«Талант туады, өлмейді»,- деген екен бір сөзінде Халық жазушысы Ғабит Мүсірепов. Әрбір перзенттің, таланттың өзі туған топырағына тартып туатынын ескерсек, топырағы құнарлы, ауасы саф, жері де, суы да дуалы – қасиетті Жуалы ауданы сөз жоқ, талантты тұлғаларға бай өлке. Даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлына қасиетті тұғыр, алтын бесік болып, әлем таныған Батыр ұлға қайтпас жігер берген қасиетті өлкеден одан кейінгі жылдары да талай танымал тұлғалар, талантты перзенттер, атағы жер жарған спортшылар һәм өнер мен мәдениет қайраткерлері көптеп шығып келеді. Топырағы құнарлы осынау қасиетті жерге тәу етіп, оның әрбір тасына дейін аялау – біздің туған жер алдындағы перзенттік борышымыз болмақ.

«Ел іші – өнер кеніші» десек, Жуалыдай қасиетті жерде туып-өсіп, бүгінде қазақ айтыс өнерінің көш басында жүрген айтыскер ақын, жерлесіміз Қанат Мырзаханұлының әрбір жетістігі біз үшін де қуаныш. Абайша айтсақ, «Сүйінерге жарар ұл» Қанаттай азаматтың таудай талабына қанат бітірген ең бірінші туған жері десек, әрине екінші кезекте тілекші оның ата-анасы, отбасы екені анық. Елімізге танымал ақын-сазгер, журналист-жазушы, қазақ өнері мен мәдениетіне еңбек сіңірген қайраткер азамат, бүгінде Алматыдағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде басшылық қызметтегі Мырзахан Ахметов пен Бейбіткүл апайдың шаңырағында 1993 жылы дүниеге келген бала Қанат жастайынан-ақ сөз өнеріне құлаш ұрды. Оның олай болмауына да әдді жоқ еді…
Қанат Мырзаханұлы Қайрат ауылындағы №2 Мыңбұлақ орта мектебін үздік бітірген соң, Алматыдағы Халықаралық ақпараттық-технологиялар университетін, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің магистратурасын бітірген, техника ғылымдарының магистрі. Қанат мектепте оқып жүрген кезінің өзінде-ақ облыстық және республикалық мектеп оқушыларының айтыстарына белсене қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Атап айтқанда, алғаш рет 2006 жылы Жамбыл облысы ақындарының «Желтоқсанды жырлаймын» тақырыбында өткен айтысында 13 жасар Қанат Бас жүлдеге ие болды. 2008 жылы «Қазақстан, өркенде, қанат жайып ертеңге!» тақырыбындағы облыстық айтыста, 2009 және 2010 жылдары жыр алыбы Жамбыл Жабаевқа арналған облыстық жыр сайыстарында да Қанат Мырзаханұлы Бас жүлдені жеңіп алды. Оның айтыс өнеріндегі табыстары туралы 2010 жылы Алматыдағы «Ғылым» баспасынан жарық көрген «Надежды Казахстана» (Талантливые учащиеся Республики Казахстан) – жинағында (170 бетте) баяндалған еді.
Ал 2010-2011 жылдары «Хабар» агенттігі ұйымдастырған «Жастар жырлайды» республикалық телеайтысында да Қанаттың Бас жүлдені жеңіп алуы ауданымыз үшін үлкен абырой болып, айтыскер ақынның көрермен көзайымына да айналғаны бар.
Бүгінде қанаты қатайып, қазақ айтыс өнерінің ақтаңгеріне айналып келе жатқан Қанат Мырзаханұлының республикалық және халықаралық айтыстардағы табыстары туралы мақтанышпен айтуымызға болады.
Ол 2016 жылдан бастап Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде өткізілген I республикалық студент ақындар айтысында, одан кейін «Алашорда» қозғалысының 100 жылдығына арналған республикалық ақындар айтысы, «Жамбыл – менің жай атым, Халық – менің шын атым» республикалық ақындар айтысы, Шығыс Қазақстан облысының Ақсуат ауданыңда өткен халықаралық ақындар айтысында – І орын, «Тұғыры биік – Тарбағатай» халықаралық ақындар айтысы – І орын, «Тәуелсіздік тірегім» республикалық ақындар айтысы, сонымен қатар, академик Қаныш Сәтпаевтың 120 жылдығына арналған халықаралық ақындар айтысы, Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына арналған республикалық ақындар айтысында азулы деген ақындардың өзінен оза шауып, осы аталған жыр аламандарының Бас бәйгесін қанжығасына байлауы үлкен мақтаныш. Жерлес ақынның бұл жетістіктері Қанаттың айтыс өнерінде әбден төселген, арғы-бергі айтыс өнерінің қыр-сырын терең меңгергенін дәлелдесе керек.
2021 жылы Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданында айтыс өнерінің жанашыры Жүрсін Ерманның 70 жасқа толған мерейтойына арналған республикалық ақындар айтысында І орынға ие болуы, оның өз ортасында абырой мен бедел биігіндегі ақтаңгер ақын екенін көрсетіп отыр емес пе?! Сондай-ақ, одан бөлек, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облысының орталығы Орал қаласы, Қарағанды облыстарында, Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында өткен айтыстарда Жамбыл облысының абыройын қасиетті айтыс өнері арқылы асқақтатты.
Иә, қазақтың қазіргі айтыс өнері туралы сөз қозғасақ, осынау халықтың өнердің басы-қасында жүріп, оның ыстығына күйіп, суығына тоңып жүрген қайраткер ақын ағамыз Жүрсін Ерманның есімі мен жанкешті еңбегін айтпай кетуге болмас. Талай талантты азаматқа ұстаздық етіп, жыр аламандарына қосып, томағасын сыпырған ұстаз ақын жас айтыскер ақын Қанат туралы да жақсы пікірде екенін айтады.
-Жалпы, Қанат Мырзаханұлы суырыпсалмалық қабілеті мықты, табан астында сөз тауып, қиыннан қиыстырып өлең құраудың шебері. Оның ұйқастары мығым, айтар ойы терең, сөз тіркестері көркем де кестелі. Халқымыздың бай сөздік қорын, әдемі де әсерлі афоризмдерін, тілдік құнарын тереңінен игеріп, оны айтыс өнерінде шебер пайдалана білетіндігі Қанаттың ақындық ерекшелігі деуге болады.
2011 жылы «Қазақстан» ұлттық телеарнасы ұйымдастырған «Сөз мерген» сайысында Қанат Мырзаханұлының жеңімпаз атануы оның халықтың сөз өнерін терең меңгергендігінің бір дәлелі.
Қанат Мырзаханұлының ақындық қырының бірі – оның ұлттық рухты, ар-намысты жоғары қойып, елдің көкейіндегі өзекті мәселелерді көтере білуі дер едік. Мысалы, ол Оралдық ақын Аруна Керімбекпен айтысында «Евразия» телеарнасында беріліп жүрген «Қалаулым» бағдарламасының қазақ қыздары мен жігіттерін эфир арқылы жар таңдауға шақырып, өрескел сюжеттер көрсетіп жүргенін өткір сынға алады.
«Беттің де сұлулығы қызылында,
Сол қызыл байқалмай тұр қыз-ұлында.
«Қалаулымды» экраннан алшы» дейді,
Қазақтың Арунадай қызы мұнда.
Әйтеуір бай таласып, тайталасып…
Сонда жүр мұжығың да, бұзығың да.
Қазақ қызы қашан бай іздеп еді,
Қарамай қырық тыйым, жүз ырымға.
«Көк жәшіктен» соларды көріп алып,
Жастары бүгінгінің бұзылуда…», – деп алаңдаған Қанаттың айтыстарынан ұлт намысын, ұлттың қамын ойлаған ақынның азаматтық бейнесі айқын көрініп тұрады,- дейді Халықаралық айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағының төрағасы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман.
Жас ақын шаппа-шап айтыста тапқырлығымен көзге түссе, қайым айтыста да ұйқасқа ұсталығымен, өтірік өлең айтысында сатиралық қабілетінің мықтылығымен көрерменнің көзайымына айналып жүр. Сондай-ақ ол жұмбақ айтыста да алдына жан салмайтын өрен жүйрік. Қысқасы, Қанат Мырзаханұлы айтыс өнерінің барлық жанрын терең меңгерген талантты, дарынды ақын. Оның бірнеше айтысы 2020 жылы Алматыдағы «Үш қиян» баспасынан жарық көрген «Үздік айтыстар» жинағына, бір топ өлеңдері 2011 жылы жарық көрген «Жастар жырлайды» жинағына енгенін атап өткеніміз артық болмас деп ойлаймын. «Қазақстан айтыс ақындары» анықтамалық жинағына да (Алматы, «Ан-арыс», 2013ж.) Қанаттың ақындық өнері туралы мәліметтер енген.
2021 жылы жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай айтыс өнеріндегі үздік жетістіктері үшін Қанат Мырзаханұлы «Жамбыл атындағы халықаралық сыйлықтың» лауреаты атанды. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай айтыскер ақын ҚР Мәдениет және Спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» медалімен марапатталды. Марапатты сол кездегі министр А.Райымқұлова Қанатқа өз қолынан табыс еткен болатын.
Қ.Мырзаханұлы – Халықаралық айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағының мүшесі. Сондай-ақ ол спортты өміріне серік ете жүріп, таэквондо спортынан үш дүркін республика чемпионы, I-дан қара белбеу иегері және «Қазақстан Республикасының спорт шебері» атағы да бар.
Айтыс өнерінде абырой биігіне көтерілген жерлес ақын Қанат Мырзаханұлына қанатың талмасын деген тілек айтамыз.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close