El іshі

400 бала қала сыртындағы лагерьге барады

Әне –міне, дегенше тағы бір оқу жылы аяқталды. Санаулы күндерден кейін балалардың көптен күткен жазғы демалысы да басталады.

Жазғы демалыс балалардың денсаулығын нығайтып, шынығып, тынығып, білімін толықтырып, жаңа оқу жылын күш жігермен және ынтамен бастауға ықпал етеді. Сондықтан әрбір ата-ана, мектеп үшін баланың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру, қауіпсіздігін қамтамасыз ету басты назарында. Осы мақсатта жазғы сауықтыру лагері ұйымдастырылады.
Осы ретте аудандық білім бөлімінің әдіскері Жібек Башаевадан жазғы сауықтыру лагері туралы сұраған болатынбыз.
-Биылғы 2023-2024 оқу жылының аяқталуына орай 3 маусымнан бастап аудандағы 39 білім ошағында мектеп жанындағы лагерь басталады. Биылғы жылы мектеп жанындағы лагерь екі кезеңмен жүзеге асырылатын болады. Яғни, І кезең 3-14 маусым аралығы болса, ІІ кезең 17-28 маусым аралығы.
Өздеріңіз білетіндей, лагерьге балалар таңертеңгі 9.00 де келіп түскі 13.00 дейін болады. Балалар сыныбына, жасына қарап әртүрлі топқа бөлінед. Әр топтың өзінің топ жетекшісі болады. Жетекші балаларды ойнатып, сурет салдырып және басқа да үйірмелерге қамтып отырады.
Жаз мезгілінде балалардың демалысын сапалы ұйымдастыру барысында 400 бала қала сыртындағы лагерьмен қамтылатын болады. Қала сыртындағы лагерьге аз қамтылған, көпбалалы және жақсы оқитын оқушылар мен қатар тағы басқа балалар барады. Қала сыртындағы лагерьге балалар тек қана ата-анасының келісімімен ғана барады.
Сонымен қатар, білім беру ұйымдарының үздік, белсенді, әр түрлі сайыстардың жеңімпазы және талантты 200 оқушы «Қазақстан халқы» қорының атынан сауықтырылады.
Барлық жалпы білім беру ұйымдарында «Балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру» тақырыбында жалпы ата-аналармен жиналыстар өткізіледі.
Білім басқармасы төтенше жағдайлар департаментімен бірлесіп қала сыртындағы лагерьлерде төтенше жағдайлардың, суға шомылу қауіпсіздігінің алдын алу бойынша іс-шаралар, ата-аналармен, салалық мекемелердің қызметкерлерімен ақпараттық – түсіндіру жұмыстарын жүргізу шаралары ұйымдастырылуда,- дейді жазғы лагерьге жауапты маман Ж.Башаева.

Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close