El іshі

Бақытты өмірді қамтамасыз ету – зор міндет!

Әлем бойынша 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні ретінде атап өтіледі. Сол себептен де Балаларды қорғау күні дүниежүзілік мейрамдардың бірі болып саналады. Мейрамды өткізу жөнінде шешім 1949 жылдың қараша айында Париж қаласында Халықаралық демократиялық әйелдер федерациясының арнайы сессиясында қабылданған болатын. Ал, Халықаралық балаларды қорғау күні алғаш рет 1950 жылы атап өткізілді.
Шын мәнінде, балалардың әр күні мереке болуы тиіс. Өмірлерінің қауіпсіздікте болуы, соғыстан қорғалуы, денсаулығын сақтау және өсіп келе жатқан болашақ ұрпаққа біліммен тәрбие беру кез келген ата-ананың, мемлекеттің міндеті.
БҰҰ-ның жүргізген сауалнамасына жүгінсек, бүгінгі таңда әлемде әрбір он баланың біреуі міндетті түрде үлкендер тарапынан жасалатын зорлық пен зомбылыққа және қатарластарының тарапынан болатын буллинг, кибербуллингке ұшырайды екен. Сондай-ақ, әлемде өмірі қатерге толы балалар да жоқ емес. Аш-жалаңаштық, адамдар арасында орын алатын алауыздықтардың салдарынан пайда болған соғыс өрттері, қасақана жасалынып отырған терактілер балалар өміріне қауіп төндіріп қана қоймай, оларды бақытты балдәурен балалығынан ғана емес, әлемдегі басқа қатарластары секілді білім алып, тәрбиелену мүмкіндігінен және жеке тұлға, адам болып қалыптасуына психикалық тұрғыдан кері әсерін тигізеді.
Жасөпірім, бүлдіршін балаларымыздың жеке құқықтарын қорғау мақсаты бойынша бірнеше заң қабылданған болатын. Ол заң балаларды қоғамдағы толымды өмiрге даярлау, олардың қоғамдық мәнi бар және шығармашылық белсендiлiгiн дамыту, әлемдiк өркениеттiң жалпы адамзатқа тән құндылықтары негiзiнде оларды жоғары имандылық қасиеттерге, елжандылық пен азаматтыққа тәрбиелеу, олардың бойында ұлттық сана-сезiмдi қалыптастыру принциптерінің басымдығына сүйенiп, баланың Қазақстан Республикасының Конституциясында кепілдiк берiлген негiзгi құқықтары мен мүдделерiн iске асыруға байланысты туындайтын қатынастарды реттейтіндігі туралы жазылған.
Бұдан бөлек, дүниежүзінде әлем халықтары 20 қарашада Халықаралық нәрестелер күнін, 16 маусымда Африкада балаларды қорғау күнін тойлайды. Ал біздің елімізде бұл күні жасөспірім, бүлдіршіндерге арналған көптеген мәдени шаралар ұйымдастырылып, жалпыхалықтық деңгейде аталып өтіледі.
Барлық балаларды төл мерекесімен құттықтаймыз. Өскелең ұрпақ әрқашан бейбітшілікте өмір сүруіне және елін, жерін қорғайтын азамат болып өсуіне тілектеспіз!

Салтанат БОЛАТБЕК,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің конвергенттік журналистика білім беру бағдарламасының
1-курс студенті

Таңдаулы материалдар

Close