El іshі

жауынгерлердің жігерін жаныған патриоттық іс-шара

Елімізде «Батыл тойтарыс-2022» ведомствоаралық оқу-жаттығу басталды. Осы ретте, аудан аумағында орналасқан 91678 әскери бөлімі де бұл оқу-жаттығудан қалыс қалмай, дала жаттығуын өткізуде.

Өткен жексенбіде Теріс-Ащыбұлақ ауылының маңындағы әскери бөлімнің полигонында жеке құрамның жауынгерлік рухын көтеру мақсатында аудандық «Халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығының» «Қызғалдақ» ән-би ансамблінің өнерпаздары концерттік бағдарлама ұсынды.
Әскери бөлімнің қызметкерлері мен қатардағы жауынгерлерге арнап өнерпаздар жігеріңді қайрап, рухыңды көтеретін ел есіндегі патриоттық әндерді шырқады. Әуезді әнді жеке құрам қосыла шырқап, жауынгерлердің рухтарын көтерді. Жас сарбаздар да әскери жаттығудан бір сәт үзіліс жасап, көңіл күйлері көтерілді. Табиғат аясындағы тамаша күнде жеке құрам «Қазақ жігіттері», «Менің қазағым», «Ұлы дала», «Қазақстаным», «Туған жерім тамаша», «Атамекен» секілді патриоттық әндерді ерекше сезіммен тыңдады.
Концертте сөз алған 91678 әскери бөлім командирінің орынбасары, штаб бастығы, Руслан Самсахов: «Отан қорғау – ер азаматтың міндеті. Ел қорғаны – қуатты әскер сарбаздары. Міне, бүгін әскери бөлімнің жеке құрамына ауданның өнерпаздары әннен шашу шашып, рухымызды көтеріп, көңілді бір серпілтті. Қазақ халқының әдемі патриоттық әндері ашық аспан астында шырқалып, сарбаздарды жігерлендірді. Рухты көтеретін тек сөз ғана емес, сонымен қатар осындай ән де екеніне тағы бір көзіміз жетті. Осындай әсем әнмен көңіл көтеріліп, алдағы оқу-жаттығуды сәтті аяқтаймыз деп үміттенемін. Рухымыз асқақ, мәртебеміз биік болсын!» деп аудан өнерпаздарына алғысы мен ризашылығын жеткізді.
Шараның ең тартысты кезеңі спорттық іс-шараларда болды. Әскери өмірде шыңдалған, білек пен жүректің мықтылығы үйлесім тапқан әскери қызметкерлер спорттық ойында бір-біріне дес бермеді.
Яғни, аудан әкімдігінің спорт және дене шынықтыру бөлімі мен Жастар ресурстық орталығының қызметкерлері жеке құрамға арнап ұлттық ойындардан жарыс өткізді. Алғаш болып жеке құрам арқан тартыстан бақ сынап, тартысты ойын үлгісін көрсетті. Мықтылар жиналған командалар бір-бірінен асып түсіп, ұлттық ойынның көркін қыздыра түсті. Бірнеше командаға бөлінген жеке құрамның ішінде кіл мықтылар Полигон бөлімшесіне жиналып, жеңісті қолдан бермей, арқан тартыстың жеңімпазы атанды. Аталған ойынның ІІ орны Таулы-егерлі ротасына, ІІІ орны Артиллериялық батареяға бұйырды.
Одан кейін әскерилер 24 келі гір тасын көтеруден сынға түсті. Нағыз білектілер ортаға шығып, бір-бірінен қалыспай, гір тасын шама-шарқынша көтерді. Бұл ойында әзілдері жарасқан жеке құрам бір-біріне қолдау көрсетіп, рухтарын түсірмеді. Онға жуық әскери қызметкер мен жауынгер жарысқан бұл ойында 150 рет гір тасын көтеріп, А.Беркімбаев І орынды қанжығасына байлады. Гір тасын 130 рет көтерген Д.Акименко ІІ орынға тұрақтаса, 102 рет көтерген Р.Хайрутдимов ІІІ орынды иеленді.
Ал, ләңгі теуіп жарысқан жеке құрамның жігіттері балалық шаққа саяхат жасап, мәз болысты. Сонымен қатар, жеке құрамда тек білекті жігіттер ғана емес, ойы жүйріктері де табылды. Оны біз шахмат және дойбы, тоғызқұмалақ ойындары барысында аңғарып, куә болдық. Сарбаздар мен әскери қызметкерлер ұлттық ойында ой жарыстырып, бір-бірін басып озды. Одан бөлек, бір топ әскерилер үстел теннисін ойнап, бір серпіліп қалды.
Спорттық шараларда өзара сынға түскен сарбаздардың арасында жеңімпаздар анықталып, ұйымдастырушылар тарапынан арнайы Дипломдармен марапатталды.
Отан қорғаушылар бір күндік демалысын қызықты да пайдалы өткізіп, есте қаларлықтай күн болды. Көңіл күйлері көтерілген жеке құрам ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close