El іshі

Жеңімпаз командалар марапатталды

Кеше аудан орталығындағы №29 Мағжан Жұмабаев атындағы орта мектепте аудандық ұлттық мектеп лигасының жабылу салтанаты өтті.
Биылғы оқу жылында қаңтар-ақпан айларында өткен лигаға жас ерекшеліктеріне қарай спорттың он түрінен (баскетбол, волейбол, гандбол, асық ату, тоғыз құмалақ, бес асық, жеңіл атлетика кросс, футзал, теннис, шахмат) 30 орта мектептен 1240 оқушы қатысты.
Ұлттық мектеп лигасының мақсаты – балалар арасында саламатты өмір салтын насихаттау, спорт арқылы зиянды әдеттерден арылу, патриоттыққа тәрбиелеу, облыстық, республикалық жарысқа қатысатын мектеп командасын анықтау.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: “Бұқаралық денешынықтыруды өркендету ісі жаңа чемпиондар шыңына шығатын пирамидаға айналуы тиіс. Бұл саламатты әрі белсенді жастардың түптеп келгенде қуатты ұлттың негізін қалыптастырады”,- деп спорт инфрақұрылымдарының балалар үшін барынша қолжетімді болуы туралы тапсырма берген болатын.
Спорт – денсаулық кепілі ғана емес, достыққа, тәртіпке, ынтымаққа тәрбиелейтін құрал.Сондықтан ұлттық лиганың жас ұрпақ тәрбиесінде алар орны маңызды.
Салтанатты шараға аудандық білім бөлімінің басшысы Бақыт Шертаева, дене тәрбиесі пәнінің ардагер ұстаздары Жылқыбай Майлықараев, Виктор Ефремов, Оразбек Әбдіхалықов, Болатбек Құттыбаев қатысты.
Білім бөлімінің басшысы Бақыт Рақымжанқызы мектеп лигасының мақсаты мен спорттың жас ұрпаққа берер пайдасы туралы айта келіп, жас спортшыларды жеңістерімен құттықтады.
Салтанатты шараның қонақтары жеңімпаз командаларды арнайы диплом, медаль және кубокпен марапаттап, әрдайым жеңіс тұғырынан көрінулеріне тілектестігін білдірді.
Ауданымыздан облыстық деңгейде жетістікке жетіп жатқан спортшыларымыз аз емес. Атап айтқанда, баскетболдан №4 Құрманбек Сағындықов атындағы орта мектептің 5-6 сынып оқушылары (ұлдар командасы), волейболдан №18 Мәлік Ғабдуллин атындағы орта мектептің 5-6 сынып оқушылары (ұлдар командасы) республикалық лигаға жолдама алды.
Ал, шахматтан №1 Шерхан Мұртаза атындағы мектеп-гимназияның 9-11 сыынып оқушылары, гандболдан №29 Мағжан Жұмабаев атындағы орта мектептің 7-8 сынып оқушылары (қыздар командасы), асық атудан және бес асықтан №27 Диқан орта мектебінің оқушылары ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдармен марапатталды.
Жалпы командалық есепте №29 Мағжан Жұмабаев атындағы орта мектеп 19 орынды, №1 Шерхан Мұртаза атындағы мектеп-гимназия 14 орынды, №4 Құрманбек Сағындықов атындағы орта мектеп 11 орынды иленген.

Перизат Шымыртайқызы,
“Жаңа өмір”

Таңдаулы материалдар

Close