Қазақ халқы қашанда ұлын нарға, қызын арға балап, ізеттілігін келіннен тауып, көңілінің дархандығын кең даласымен өлшеген. «Қызың өссе, өрісің» деп қызға ерекше құрмет көрсеткен.
Бүгінгі таңда халқымыздың қыз бала тәрбиесіндегі қалыптасқан дәстүрін насихаттау басты назарда тұруы қажет. Осы мақсатта, аудандық Жастар ресурстық орталығының ұйытқы болуымен «Жуалы аруы -2022» байқауы өтті.
Өнер сайысы Мемлекеттік Жастар саясатын және «Әулиеата жастары» өңірлік бағдарламасын жүзеге асыру, ұлттық құндылықтарды жастар арасында кеңінен насихаттау, «Инабатты қыздар» клубының жұмысын жандандыру, қазақ халқының ізгі қасиеттерін жастардың бойына сіңіру мақсатында ұйымдастырылды.
Арулар сынға түсер байқаудың шымылдығы мәдениет үйінің әншісі Назерке Ахметтің «Қазақ қызы» әнімен ашылды. Одан кейін алғашқы сөз кезегі аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметоваға беріліп, ол байқаудың маңыздылығы мен мәніне тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Ұлттық құндылықтар насихатталған байқауда қырмызы қызғалдақтай қыздарымыздың өнерлеріне «Асыл арман» ұлттық дәстүр мен өнерді қолдау» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ринат Нұрақбаев, аудандық «Халық шығармашылығы және мәдени демалыс» орталығының жастармен жұмыс секторының меңгерушісі Назипа Қаттебекова, аудандық орталық кітапхананың «Білім» орталығының кітапханашысы, «Енелер» клубының төрайымы Шарифат Қаниева, Жамбыл облысы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының Жастар ресурстық орталығы «Мониторинг және әлеуметтік зерттеулер» бөлімінің басшысы Айгерім Абитаева және аудандық Жастар ресурстық орталығының директоры Мейіржан Телеушов қазылық етті.
Сахнаға сымбатты, көктемнің күніндей құлпырған қос бұрымды, шашбауын сыңғырлатқан 18 ару шақырылып, байқаудың шарттары түсіндірілді.
Байқау төрт кезеңнен тұрды. Бірінші кезең «Сымбатты жанның айнасы» деп аталып, бұл кезеңде қыздар өздерінің ұлттық бейнесін, өнер жолындағы жетістіктерін әнмен, қара сөзбен, көрініспен көрсетіп, сахналық сән-сымбатын, қазақ қызына тән сұлулығын көрсетіп, өздерін таныстырып өтті. Ал, «Қыз өссе, елдің көркі» деп аталған екінші кезеңде ұлттық өнерді көрсету шарты қойылды. Бұл кезеңде үміткерлер сахналанған шағын көрініс көрсетіп, аспапта ойнап, жанды дауыста ән салып, өз өнерлерін ортаға салды.
Байқаудың үшінші кезеңі «Ойлы болсаң, озып көр» деп аталып, қыздар салт-дәстүр, ұлттық таным тұрғысындағы үш сұраққа жауап берді. «Ойлай білген де, ою оя біледі» деген байқаудың соңғы кезеңінде арулар сахнада ою-өрнек ойып, қазылар алқасына таныстырды.
Сайыс өз мәресіне жетіп, қазылар алқасы қорытындысын жариялады. Байқау жеңімпаздарының атын атамас бұрын байқау туралы пікірлерін жеткізді.
Алғаш болып аудандық «Халық шығармашылығы және мәдени демалыс» орталығының жастармен жұмыс секторының меңгерушісі Назипа Қаттебекова сөз алып, өз ойын жеткізді.
«Құрметті жалындаған жастар, қадірлі ата-аналар! «Қыз өссе, елдің көркі» демекші, бүгін қызғалдақтай құлпырған қыздардың өнерін көріп, көзіміз, көңіліміз тойып, көрерменнің ыстық ықыласын сезініп, бір марқайып қалдық. Біз, өнер адамдары соңғы уақыттары ерекше қуанып жүрміз. Неге десеңіздер? Бір-екі жылдың көлемінде осындай шаралардың өтпей қалуы, көрерменді көрмей қалуымыз, ыстық ықылас пен зор қошеметтеріңізді сезінбей қалуымыз бізге қатты әсер етті. Алдағы уақытта сол рухани байлықтың орны толықтырылып, сіздермен жиі кездесеміз деп ойлаймын. Бүгінгі байқауға келетін болсақ, әрине, бұл – бәйге. «Жуалы аруына» қатысқан қазақтың биязы 18 аруының өнеріне, тереңдіктеріне де куә болдық. Өнер сайыстарын бір-екі жылдың көлеміне болмай қалуы, балалардың өнерден сәл де болса алшақтап қалғанын аңғартады.
Алайда, бүгінгі қыздардың тәлімгерлеріне айтарымыз бар. Тәлімгерлер қыздарды дайындау барысында олардың сәлемдесуіне, таныстыруына, оның айтылу мәнеріне, өз ойын жеткізуіне мән бергені жөн. Келешекте осындай сайыстарға қыздарды дайындауда әдебиет пәнінің мұғалімі жақсы жұмыс істесе деген ұсынысымыз бар. Қызға тән әдемі қазақы қоңыр дауыс болуы керек. Қыздың нәзіктігі, қызға тән биязылығы, өзіне тән ерекшелігі болуы қажет.
Сонымен қатар, ережеде екінші кезеңде қазақтың ұлттық өнерін көрсетуі керек делінген. Бірақ, біз қазақ қызының сұлулығын, әдемілігін, бет-бейнесін көрсететін «Қамажай» биін көре алмадық. Неге осы биді сахнада әдемі, мыңбұрала майысып билеп, бүкіл қазақ қызының болмысын ұлттық өнермен көрсетпеске? Осы мәселені ескерсеңіздер. Ережені тиянақты оқып, танысу керек. Қыздардың ойының бәрі трагедия болып кеткен. Неге қатысушылар бақытты қыздың бейнесін, көктемнің шуақты күндері мен қыздың әдемі келбетінен өзара үйлесімділік тапқызып, сахнаға шығармасқа? Одан бөлек, ою ойған кезде қыздар қобалжып, білгендерін ұмытып қалып жатты. Қыздар үйде тыңғылықты дайындалуы қажет. Сонымен қатар, көп іс-шараларда жастардың кітап оқымайтындығы байқалып қалады. Кітап оқыңыздар. Ол арқылы сіздердің көркемдік сөз байлықтарыңыз, тіл байлықтарыңыз дамиды, – деді Назипа Тұранқызы.
Ал, Ринат Нұрақбаев: «Жуалы жерінде ұлттық мереке өтті. Көптен бері шөлдеп жүрген көңіл қазақтың қыздарын көріп, марқайып қалды. Біз бүгін бұрымды, айқабақты, күлім көз қыздарды, қазақтың қос етектерін көрдік. Бір айта кетерлігі, жеңіске жетудің үш факторы болады. Оның біріншісі, кісі бойында өзіне тән қабілеті мен ерекшелігі болу қажет. Екінші оған дұрыс материал берілуі қажет. Үшінші алған дүниені шығарып, жеткізе алуы қажет. “Жүректен шықпаса, жүрекке жетпейді” дейді ұлы Абай. Міне, осы үшеуі түйіскен жерде жеңіс болады. Мұндай үйлесім тапқан қыздар ортамызда табылды. «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» демекші, жарыс болған соң жеңіс пен жеңіліс те болады. Сіздерге бар айтарым сахна мәдениетін сақтауды, сайысқа жауапкершілікпен қарауды үйрену керек» деп шараны қорытындылады.
Қазылар алқасының орынды пікірлерінен соң, жеңімпаздардың есімі жарияланды. Олардың шешімімен «Инабатты ару» номинациясына Гүлім Мейірхан, «Көрікті ару» номинациясына Албина Тұрарбек лайық деп танылды. Ал, байқаудың жүлделі үшінші орны Диана Берекетке, ІІ орны Еркеназ Боранбаеваға бұйырды. Ал, байқаудың І орын жүлдесін өзіндік қазақы биязылығымен, өнерімен, қарапайымдылығымен көзге түскен Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияның оқушысы Асылым Мекемтас қанжығасына байлады. Жүзден жүйрік атанып, қарсыластарынан басым түскен А.Байтұрсынов атындағы орта мектептің оқушысы Аружан Әзімбайқызы «Жуалы аруы-2022» атанып, Бас жүлдемен қоса облыстық байқауға жолдама алды.
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»