El іshі

“Бір-бірімізге мейірімді, бауырмал болайық”

 

Дана халқымыз «Төріңнен қарт кетпесін» деп қарияларды қазынаға балап, құрмет тұтып, аса қадірлеген. Өмірден көпті көрген, көңілге түйгені мол қазыналы қарттарымыздың жүріп өткен өмір жолы мен еңбек жолы баршамызға үлгі-өнеге.

Басынан қанша қиындық өтсе де қаймықпаған, ата-дәстүрімізді берік сақтап, бүгінге жеткізген де біздің қазыналы қарттарымыз. Жақында осындай ауылға сыйлы ақ жаулықты аналардың бірі, Қайрат ауылының тұрғыны Дәметкен Дәуітованың шаңырағында болып, есті естеліктерін тыңдап, рухани азық алып қайтқан едік.

Жылы шыраймен қарсы алған кейуана әңгімесін бірден ұлттық тәрбие мен қазақтың бай мұрасы салт-дәстүрімізден бастады.

Ең бірінші, әйел ер азаматын пір тұтып, құрметтеуі тиістігі жайлы әңгімеледі.

Дәметкен апа сексеннің сеңгірінен асса да әлі күнге дейін марқұм болған жолдасының есімін атамай, отағасы дейді екен. Бұл – қазақ әйелінің ер азаматын жоғары ардақтағанының белгісі, бүгінгі жастар үшін тәрбие көзі. Яғни, қазақ әйелінің ер азаматын құрметтеу арқылы баласына тәлімді тәрбие бергенін аңғаруға болады.

Дәметкен әже бір әулеттің 18 шаңырағындағы үлкендердің тәрбиесінен өткен. Алғаш 16 жасында келін болып түскен сәтінен бастап, сыншыл қариялардың жол сілтеуімен қалыптасып, үлкен өмірге қадам басады. Ең қиын шақтары бір әулеттің қарияларының өнегесін, тәртібін, адамдық қасиеттерін бойына сіңіреді. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді де осы әулеттің үлкендері жас келінге үйретеді. Бір әулетті басқарған қария ағайындарының басын қосып, ынтымақтарын берік ұстайды.

-Өзім Т.Дүйсебайұлы ауылының тумасымын. Сәби кезімде әкем мені туған інісі Райымқұл мен келіні Биғайшаға аманаттап кеткен екен. Әкем келінін шақырып, мені ана сүтімен өсіруді, мейірімділік пен сүйіспеншілікке бөлеп, ата-ана орнын жоқтатпауды сұранады. Содан жеңгеміз өз туған баласымен бірге мені бауырына басып, өз перзенттерімен бірге тәрбиелейді. Сол кездегі келіндердің, аналардың даналығы мен мейірімділігіне әлі күнге дейін сүйсінемін. Иә, біздің өмір жолымыз оңай болған жоқ. Жетімдікпен қоса, тағдыр тауқыметін де бірге көтердік. Он алты жасымда бір үйдің жалғыз ұлына қосылып, екі ененің қолына түстім. Енеме әрі келіні, әрі қызы болдым, – дейді Дәметкен апа.

Отағасы Ленин колхозында малшы болса, өзі сауыншы болып еңбек етеді. Еңбекке ерте араласқан ол 20 жылға жуық уақыт ауыл әйелдерімен бірге таңның атысы, кештің батысы колхозда жұмыс істеген. Күнде қолына шелегін алып 30 сиырдың әр басынан жыл бойына 2100-2200 литрден сүт сауып, берілген жоспарды орындайды. Мал төлдету науқанына да қатысып, үш жыл бұзауларға қарайласады. Содан жұмыстағы жауапкершілігі мен еңбекқорлығы бағаланып, үздіктердің қатарынан табылады. Қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып, кейіннен «Ақ әжелер» ансамблінде өнер көрсетеді.

-Адам ерінбесе, еңбекке құштар болса, Алланың өзі нәсібесін молынан береді. Біз ешуақытта жалқаулық пен еріншектікті білмедік. Үйдегі баламызды тастап, күш-қайратымыз бар кезде жұмыс талғамай еңбек еттік. Өміріміздің қалай өткенін де аңғармай қалыппыз.

Осы уақытқа келгенде, қандай ана, қандай келін болдым деген ойлар келеді. Өткенге жиі көз жүгіртеміз. Түрлі ойлар мен қазіргі қоғамдағы жайттар еске түседі. Бізді қариялар қалай тәрбиеледі десеңізші! Үлкенге қарап тіке сөйлеу, алдын кесе-көлденең кесіп өту деген болмаған. Қандай қиын жағдай болса да бір-бірінен көмегін аямаған. Әулеттегі жас келін болған соң, әулеттің аналары мені көп көмекке шақыратын. Сонда екі ортада шапқылап, қолғабыс етіп, қариялардың алғысын, батасын алдым.

Иә, әр қоғам әртүрлі. Дегенмен әйел заты ер азаматын сыйлап, құрмет тұтуы керек. Ерлі-зайыпты бір-біріне кешірімді болып, бірін-бірі қолдап, барға қанағат ете білуі тиіс. Ата-бабамыздан «Қанағат қарын тойғызады» деген жақсы сөз қалған.

Қазіргі жастарымыз дайын нәрсеге тап болғанға үйренген. Керісінше, әйел үйдегі барымен отбасына сүйіспеншілікпен ас әзірлеп бергені абзал.

Қазір қоғамда адамдардың бір-біріне деген мейірімділігі азайып барады. Бір-біріне жанашырлық, мәдениет, рухани азық төмендеп кетті. Адамдардың бойынан жылулық, жанның тазалығы мен ойдың кемелдігін іздейміз.

Біз ұрпағымызға өсиет айтып, өнегелі жол көрсете білуіміз тиіс. Олардың бойына мейірімділікті, адалдықты, еңбекқорлықты сіңіріп, адами қасиеттерді кеңінен насихаттау қажет. Үлкенге құрмет көрсетудің де үлгісін біз көрсете алуымыз тиіс. Үйге келген қонаққа ізеттілік көрсетіп, мұсылманшылдықпен қарсы алу қажет. Қазақта қонақты «құдайы қонақ» деп төрінен орын беріп, тәтті-дәмдісін ұсынған. Үйге келген адамды табылдырықтың алдында тұрғызбай, дастарқаннан нан ұсынған жөн, – дейді кейуана.

Дәметкен апа өз сөзінде жас аналардың бала емізуге де немқұрайдылықпен қарамауы керектігін айтады. “Бауыр етің балаңды қолыңа алып, көзіне қарап, аналық мейіріміңді төгіп, емізген жөн” дейді. Ананың мейіріміне бөленіп өскен бала ертеңгі күні айналасына да мейірімді, бауырмал болатынын, перзентіңнің бойына жақсы қасиет ананың ақ сүтімен даритынын да тілге тиек етті.

-Көпке топырақ шашпаймыз. Дегенмен біз жастарға жол көрсетіп, ата дәстүрімізді дәріптемесек, ертеңгі күні ол кейінгі ұрпаққа қайтіп жетпек?! Сол үшін үйде өз ұрпағыма адамгершілік қасиеттен айнымауға, иманды, мейірбан болуды үнемі айтып отырамын. Ер азаматты құрметтеу, бала тәрбиесі де күнделікті айтылатын әңгіме. Себебі, біз балаларымызға дұрыс тәрбие бере білуіміз керек. Ұрпағымыз жалғассын десек, бесігімізді түзеп, тәрбиені дұрыстауымыз керек. Балаға ана тілімізді құрметтеуді де бойына сіңіру – біздің парызымыз.

Алла тағала халқымызға амандық берсін. Ата-аналары мейірімділік пен адами қасиеттерді, отбасылық құндылықтарды жоғары ұстап, ертеңгі болашақ ұрпаққа дұрыс тәрбие беруіне тілектеспін. Аузында Алласы бар адам адаспайды. Білімге құштар жастардың алар асулары көп болады. Тура жолдан таймай балаларымызды иманды, тәрбиелі, саналы етіп өсіруді нәсіп етсін. Ең бастысы, еліміз тыныш болсын! – деп Дәметкен апа ақ тілегін жеткізді.

«Бала-қызығың, өміріңнің жалғасы» деген Дәметкен апа бүгінде ұл-қыздарынан 18 немере, 28 шөбере сүйіп отыр. Сегіз немере келінді ұлттық тәрбиемен тәрбиелеп, оларға аналық жол көрсетуде. Қара шаңырақта қариямен бірге кенже ұлдары Ғалымжан мен келіні Айгүл тұрады. Қалған ұл-қыздары Миятбек, Айбек, Гүлайхан өмірден өз орындарын тапқан. Өкінішке орай, өткен жылы  Алланың жазмышымен ортаншы ұлы Рүстем мезгілсіз өмірден өткен екен.

«Көп жасаған қария – ақылы теңіз дария» дейді дана халқымыз. Ақ жаулықты қазыналы қария Дәметкен әже бүгінде бір әулеттің ұйытқысы болып, тек өз отбасына ғана емес, қоғамдағы жайттарды да көңіліне тоқып, перзенттеріне бағыт-бағдар беруде.

 

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,

 «Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close