El іshі

Іргемізді бірлікпен бекемдейік

Еліміздің басына қиын кезең туды. Арам ойлы бүлікшілердің қанқұйлы әрекеті салдарынан қиындыққа, қайғы-қасіретке тап болған қандастарымызға, жақындарынан айырылған елімізге сабырлық тілеймін. Алла тағала мына сынақтардан сүрінбей өтуімізді нәсіп етсін.
Ардақты иісі мұсылман бауырлар! Мұсылман ретінде бір-біріміздің дін тұрғысынан бауыр екенімізді біліп, алауыз болғандарды татуластырып, олардың арасын жақындастыруымыз керек. Өзімізге ұнайтын нәрсені басқаларға да тілеп, ұнамайтын нәрселерді басқаларға тілемеуіміз керек. Сын сәтте қиындыққа ұшырап, басына іс түскен бауырымыз бен отандастарымыздың қайғысына ортақтасып, қолымыздан келгенше жәрдем етуіміз керек.
Алла тағала қасиетті Құранда: «Жақсылықта бір-біріңе көмектесіңдер, жамандықтан қорғауда бір-біріңді сақтаңдар» деп бұйырады. Бірлікке шақыра отырып, келесі аятта: «Алланың дініне берік болыңдар да, бөлінбеңдер» дейді. Ардақты пайғамбарымыз (Оған Алланың рақметі мен сәлемі болсын): «Мұсылман адам – қолымен де, тілімен де ешкімге зияны тимеген адам» дейді. Басқа бір сөзінде: «Мұсылмандар кірпіштерден қаланған бір ғимарат сияқты» дей отырып, қоғамдағы береке-бірліктің терең маңызын білдірген.
Осы орайда Отанымыз – Қазақстандағы бүкіл мұсылмандардың бірлігін сақтау мақсатында ұйытқы болып отырған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да, әрдайым бүкіл елге үндеу айтып адасқандардың емес, нығметке бөленгендердің жолына шақырып келеді.
Үстіміздегі жылдың 10 қаңтар елімізде жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланғаны бәрімізге мәлім. ҚМДБ-ның төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен, Отанымыздың кейбір өңірлерінде, ел бірлігі мен ел тыныштығын бұзғандардың кесірінен қаза тапқандардың рухына арнап, еліміздегі әрбір мешітте бір уақытта «Құран хатым» оқылып, бағышталды. Ер ерлігі ел есінде қалады. Елдің тыныштығы мен бірлігі үшін жанын берген марқұмдарды Алла тағала алдынан жарылқасын.
Ислам діні адам баласын жаратылыстың ең қадірлісі және мәртебелісі, адам өмірінің сақталуын да діннің негізгі мақсаттарынан бірі деп есептеген. Құран Кәрімнің «Мәида» сүресі 32-аятында «бір адамның өмірін қию бүкіл адамзатты өлтіргенмен бірдей қылмыс жасағанмен тең» деген. Бір адамның өмірін сақтап қалуды, бүкіл адамзатқа өмір сыйлағанмен тең көрген. Сондықтан ислам дінінде адам өлтіру үлкен күнә. Ал қоғамда бүлік шығару, адам өлтіруден де ауыр күнә екендігін әсте естен шығармау қажет.
Құрметті ағайын! Алла тағала Отанымызды әртүрлі қайғы-қасіреттен, сыртқы жаудан, ішкі даудан, теріс пиғылды ойлардан сақтасын. Елімізге ынтымақ, бірлік пен береке нәсіп етсін. Бәріміз бір жұдырықтай бірге болайық!

Асхат АҚМАМБЕТОВ,
Жуалы ауданының бас имамы

Таңдаулы материалдар

Close