El іshі
Ата салтты ардақтаған Антиповтар отбасы
Құшағы кең қазақ елі көптеген өзге ұлт өкілдерін бауырына басты. Қазақстанда бір шаңырақ астында өмір сүріп жүрген түрлі ұлттар мен ұлыстардың ынтымақ, бірлігі, өзара достық қарым-қатынасы басқа мемлекеттерге үлгі-өнеге. Елімізде соңғы уақытта қазақша сөйлейтін өзге ұлт өкілдері айтарлықтай көбейіп келе жатқаны қуантады. Бұл – нағыз патриоттардың қасиетті қазақ жеріне, мемлекеттік тіліне деген құрметі. Олар тек қазақ тілін ғана емес, халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын да жоғары құрметтейді. Осы орайда, көпшілікке үлгі болар деген ниетпен қазақ тілін өз тіліндей жетік меңгерген Антиповтар отбасының өмір салты туралы әңгімелемекпіз.
Антиповтар отбасы 2000 жылдың басында Тараз қаласынан ауданға қарасты Жетітөбе ауылдық округінің Қоңыртөбе ауылына көшіп келген. 70 жастың асқарынан асқан ұлағатты жан, әулетінің үлкені Надежда Ивановна тағдыр қосқан жары Анатолий Антоновичтен ерте айырылып, ұл-қыздарын тәрбиелеп өсіріп, оларды құтты орындарына қондырған.
Надежда Антипова 1953 жылы Көлтоған ауылында дүниеге келген. Орта мектепті бітірген соң, тұрмысқа шыққанша ауылдық телеграфта маман болып жұмыс істеген. Кейінірек Тараз қаласына қоныс аударып, ұзақ жылдар балабақшада тәрбиеші болып еңбек етіп, жас ұрпақтың тәрбиесіне үлес қосқан ұлағатты жан. Бұл отбасы Қоңыртөбе ауылына қоныс аударғаннан кейін мал шаруашылығына біржолата бет бұрады.
«Отбасы – шағын мемлекет» демекші, қиын кезеңдердің кермек дәмін көрген Надежда апай екі қызы мен екі ұлынан 12 немере, бес шөбере сүйіп отыр. Қыздары Антонина мен Лариса анасынан үйренген қолөнердің арқасында кәсіп ашса, ұлы Евгений Қоңыртөбе ауылында сүт тасымалдайтын көліктің жүргізушісі. Өкінішке орай, екінші ұлы Антон денсаулығына байланысты өмірден ерте озған. Қазір бұл отбасының үлкен немересі Дарья Шымкент қаласында өндіріс ісімен айналысса, екінші немересі Данил ағасы Евгенийдің жолын қуып, Шақпақата ауылында көлік жүргізушісі болып еңбек етуде.
Көршілерімен 25 жылға жуық тату-тәтті өмір сүріп келе жатқан еңбек ардагері Надежда Ивановна: «Ауылдастарыммен сөзге келгенім есімде жоқ. Кейде болмашы нәрсеге сөз таластырып қалған кездер болған да шығар, бірақ біз ешқашан ұзақ уақыт ренжіскен емеспіз» дейді.
Надежда Ивановна бүгінде ұлы Евгений және келіні Натальямен бір шаңырақта тұрады. Көршілерін мақтан тұтатын ол қазақтың кейбір салт-дәстүрлерін де жетік біледі. Ауылда Наурыз мейрамында ұйымдастырылатын көпшілік іс-шараларға белсене қатысады. Өзі туып-өскен жердің қыр-сырын бес саусағындай білетін қарт ана орыстың ұлттық мейрамдарында ақ дастарқан жайып, көрші-қолаңды үйіне қонаққа шақыруды да дәстүрге айналдырған.
Бұл отбасының ұлы Евгений мен келіні Наталья біздің ауылдағы көпке үлгілі отбасылардың бірі. Отбасында Анатолий, Варвара және Захар есімді ұл-қыздарды үлгі-өнегемен жақсы тәрбиелеп отырған олардың мемлекеттік тіл – қазақ тіліне деген құрметі ерекше. Қазақ орта мектебінде білім алатын балалары әжесімен ғана ара-тұра орыс тілінде сөйлесетіні болмаса, қалған кездердің бәрінде қазақ тілінде «бұлбұлша» сайрайды. Туып-өскен қасиетті Отанын қастерлеп, патриоттық әндерді нақышына келтіріп айтатын Варвара: «Маған қазақ тілі ұнайды. Оны үйрену онша қиындық тудырған жоқ. Кіндік қаным тамған туған жердің тілі де мен үшін қымбат қазынаның бірі» дейді.
Ата-анасының да сөздерінен байқағанымыз, Антиповтар отбасы мейлінше, қазақи ортада өсіп-өнуге тырысады екен. Қыздары Антонина мен Ларисаның да балалары қазақша еркін сөйлей алатынын үлкен қуанышпен жеткізген ұлағатты жан Надежда Ивановнаның бойынан туған жер мен туған тілге деген шексіз құрметті анық байқауға болады.
Ұрпақ сабақтастығына баса мән беретін қоңыртөбелік Антиповтар отбасының өнегесі ерекше. Қазақ жерінде бақытты күндерін бастан кешіріп, үлгілі де үлкен әулеттің бас иесіне айналған Надежда апайдың Алладан сұрайтыны – жас ұрпақ жақсы өмір сүрсе, елде бейбітшілік және халықтар арасында татулық салтанат құрса деген тілек.
Қазақ ұлтының адамзатқа деген жанашырлығы сондай, олар қай ұлт болсын, бетінен қақпай, бауырына басады. Олардың бойына ұлттық тәрбиені сіңіруде қазақ тілінің алар орны да ерекше. Бейбіт өмір мен мейірбандықты жанындай сүйетін қазақ халқының дархан көңілі қасиетті Қазақ жерін құтты қоныс еткен ұлттар да өсіп-өркендей бермек…
Рашид КЕМЕЛБЕК,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті
қазақ журналистикасы ББ-ның ІІІ курс студенті