El іshі

Ғылымның қия жолында еселі еңбек еткен жан

Химия ғылымдарының докторы, профессор, академик Несіпхан Бектенов Жуалы ауданының түлегі.
Несіпхан Әбжапарұлы 1954 жылы бұрынғы Бірлік ауылында дүниеге келген. 1978 жылы С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің химия факультетін химия мамандығымен бітіріп, Гурьев қаласындағы ҚазКСР Ғылым Академиясының Мұнай және табиғи тұздар химиясы институтында жолдама бойынша жұмыс істеді. 1979-1987 жылдары ҚазМУ Әскери-теңіз күштерінің химия кафедрасында инженер болып еңбек еткен.

1981-1985 жылдары ҚазМУ-де аспирантурада сырттай оқыды. 1988 жылы “Глицидилметакриат және кейбір полиаминдер негізіндегі иониттер” тақырыбында кандидаттық диссертациясын сәтті қорғады. 1989-1990 жылдары Қазақ мемлекеттік университетінің бейорганикалық химия кафедрасының ҰШЖ жұмыс істеді.
1990-2006 жылдар аралығында Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінде химия және МПЕД кафедрасының ассистенті, аға оқытушысы, доценті болған.
1994-1997 жылдары деканның білім беру жөніндегі орынбасары, 1997-2001 жылдары ҚазҰПУ химия кафедрасының докторанты және ҚР БҒМ химия ғылымдары институтының ион алмасу шайырлары зертханаларында қызмет атқарған.
2007 жылы Әскери-теңіз күштерінің Химия мамандығы бойынша химия ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғады. ҚР БҒМ жанындағы кеңеске мүше болды. Сонымен бірге осы жылы химия ғылымдарының докторы дәрежесін алды.
2008 жылы мамыр айында ҚР БҒМ химия профессоры атағын алды.
Несіпхан Бектенов бірнеше докторлық, кандидаттық диссертацияларды қорғау жөніндегі кеңестердің мүшесі, халықаралық ғылыми-техникалық басылымдарда редакциялық алқа мүшесі, іргелі зерттеу бағдарламаларының сараптамалық кеңес мүшесі болып қызмет етті.
2006-2018 жылдары А.Бектұров атындағы Химия ғылымдары институтында бас ғылыми қызметкер болды. 2018 жылдың 10 қыркүйегінен бастап қазіргі уақытқа дейін география және жаратылыстану институтының химия кафедрасының профессоры.
2019 жылдан бері Абай атындағы ҚазҰПУ химия кафедрасының жанындағы зертхананың оқу-зерттеу ісі жөніндегі меңгерушісі. 2019 жылғы индикативтік жоспардың қорытындысы бойынша шілде айында 62-орынды, ал 2020 жылы Абай атындағы ҚазҰПУ-дың 720 профессор-оқытушылар құрамынан 50 орынды иеленді.
Несіпхан Бектенов халықаралық академиялық институттармен байланыс жасап, тәжірибе алмасып, еліміздегі ғылымның дамуына зор үлес қоса білген азамат.
Жерлесіміз білім мен ғылым саласындағы жемісті еңбегі үшін “Қазақстан Республикасының ғылымын дамытудағы еңбегі үшін” медалін иеленді. Одан басқа да университеттердегі еңбектері үшін төсбелгі және мерекелік медальдармен марапатталды. Абай атындағы Қазақ Ұлттық университетінің “Үздік оқытушысы” атанды.
2014 жылы жерлестері туған еліміздің білім-ғылым саласына сіңірген еңбегі үшін “Жуалы ауданының Құрметті азаматы” атағын берді. Марапат иесі жерлестерінің ыстық ықыласы, құрметі үшін әрдайым ризашылығын білдіруде.
-Алған марапаттардың әрқайсысының өз орны бар. Оның барлығы еңбектің арқасында берілген. Дегенмен, мен үшін “Қазақстан Республикасының ғылымын дамытудағы еңбегі үшін” медалінің орны бөлек. Ол ғылымға сіңірген ұзақ жылғы еңбегім үшін берілді. Сонымен бірге “Жуалы ауданының Құрметті азаматы” атағы.
“Кім болсаң да адам бол” деген жақсы тілек бар. Сондықтан қанша биікке көтерілсең де туған жердің, елдің ықыласы бөлек. Туған жердің топырағын, ауасын, суын, адамдарын сағынып тұрасың. Сол себептен осынау екі марапат мен үшін өте маңызды.
Туған жерге үнемі бүйрегім бұрып, аудандық білім бөлімімен байланыс жасап, ғылымға қызығушылығы бар жастарға бағыт-бағдар беріп, көмектескім келіп тұрады. Олимпиадалық, эксперименттік есептер, ғылыми зерттеу жұмыстары, ғылыми жобалар деген болады. Бізде заманауи зертханалар бар. Соны пайдаланып, оларды қалай жазуға, шығаруға болатынын үйреткім келеді.
Жастардың өсуіне, дамуына білім бөлімі де, мектеп басшылары да мүдделі болуы керек. Бар мүмкіндікті мүлт жібермей, оларға жол көрсетуі тиіс. Алайда, аудандағы кейбір басшылардың және педагогтердің жұмысы көңілге кірбің ұялатады.
Жас бала жас шыбық сияқты. Оларды қалай исеңіз, солай иіледі. Олар үйреткен білімді тез меңгеріп алады. Қазір әсіресе, ауылда зерек, дарынды жастар көп. Жастар ана тілін құрметтесе, көп тіл білсе, ана тілімен қатар ағылшын тілін жетік меңгерсе, бізден де жоғары дәрежеге жетуіне болады.
Біздің парызымыз – “Бұлақтың көзін ашып”, болар баланың белін буа білу. Ол үшін педагог өзінің мамандығын сүюі маңызды.
ХХІ ғасыр – ақпарат ғасыры. Ақпараттар ағынында жастарға дұрысын ажырата білуге көмектесуіміз керек.
Жалпы, ғылым жолы – ауыр жол. Шыдамды, еңбекқор, табанды, намысшыл адам ғана көздеген мақсатына жетеді. Адамның бойындағы таланат бес пайыз болса, 95 пайыз еңбек. Яғни, ізденіс пен еңбек адамды жетілдіреді, тұлғаға айналдырады.
Жастар спортпен шұғылданып, саламатты өмір салтын ұстанып, өнермен, біліммен терең сусындаса, еліміздің болашағы да зор болады. Егер тек ақша табамын, байимын деп өмір сүрсе, ол елдің болашағы бұлыңғыр. Ондай жастар қиындыққа төзе алмайды, тез сынғыш болып келеді. Ол үшін бала жастайынан ерте тұрып, еңбек етуі тиіс. Адамның бір-бірінен айырмашылығы биік адами қасиеттері мен еңбегінде, адал, түзу ниетінде,- дейді Несіпхан Бектенов.
Несіпхан Әбжапарұлы қарапайым отбасында өмірге келген. Әкесі Ұлы Отан соғысының ардагері. Ардагер майдандағы ерлігі үшін “Қызыл Жұлдыз” орденін, “За отвагу” медалін иеленген.
Елге келген соң есепші, қойма меңгеруші болып жұмыс істеген. Әкесі есепке жүйрік, өте сауатты кісі болған. Ал, анасы бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген жан.
-Біз Құлантаудың етегінде туып-өстік. “Тау баласы тауға қарап өседі” демекші, тау сияқты биік, тұғырлы болуға талпындық. Құлап бара жатсақ та, қалайда сол тауға шығуым керек деп ниет етіп, еңбектендік.
Біз бала кезімізден “Әр адам өз ісінің нағыз шебері болуы керек!”, “Туған жерге туыңды тік!”, “Біз біргеміз!” деген патриоттық қағидаларды терең түсініп, соған сүйеніп ер жеттік. Осы мақсатта жан-жақты болуға барымызды салдық. Бір-бірімізбен біліммен, еңбекпен жарыстық. Біздің бала кезімізде идеология солай болды.
Қазір енді барлық мүмкіндік бар, бірақ өкінішке қарай, білімге, ғылымға деген қызығушылық, ниет, ықылас төмендеу.
Біздің бала кезімізде үлкен кітапхана, қазіргідей керемет мектептер болған жоқ. Ауылдың кішкентай сегізжылдық мектебінде білім алдым. 9-10 сыныпты Шақпақата ауылындағы мектепте оқыдым.
Ол кездегі мұғалімдер мен қазіргі мұғалімдердің айырмашылығы көп. Бізде математика пәнінің мұғалімі және мектеп директоры Жамалбек Көбесов деген азамат болатын. Ол кісі өзінің жұмысын жақсы білетін, мұғалімдерден жүйелі, сапалы жұмысты да талап ете білетін білімді де білікті, мінезді басшы еді. Біздің кезімізде мұғалімдердің көбісі ер кісілер болатын. Содан да болар, біз ол кісілерден именетінбіз және олар өзінің білімімен, ісімен біздің пәнге деген қызығушылығымызды арттыра білді. Мұғалімдеріміздің еңбегінің арқасында білімге деген қызығушылығымыз қалыптасты.
Шыны керек, жас кезімде ғылым дегенді мен түсінген жоқпын. Ғылым туралы бізге айтылған да жоқ. Бірақ, мұғалімдер бізге мына нәрсені мықтап үйретті. Ол – не істесең де тиянақты, сапалы, ерекше істеу керек. Ол үшін баланы мадақтау керек. Баланы орынды мақтау, мадақтау арқылы психологиялық жетістікке жеткізуге болады. Яғни, мақтау, өзің үлгі болу, баланың санасын ояту, түзету арқылы баланың сабақ үлгерімін арттыруға, тәртібін түзетуге әбден болады.
Мектепте оқып жүргенде сабақ басталардың алдында таңертең жарты сағаттай дене шынықтыру мақсатында жаттығу болатын. Бұл да бір қарапайым дүние болғанымен, баланы еңбекке баулуда, сана-сезімін оятуда атқарар рөлі зор дүние.
Біз бала кезде ауыл балалары болып табиғат аясында еңбек ету, ойнау арқылы өзіміздің мүмкіншілігімізді байқап, оны дамыттық, кемшіліктеріміз болса, түзетуге тырыстық. Осындай бір іштей рухани жарыс болатын.
Адамның алдында кедергі көбірек болса, адам соғұрлым күрескер болады. Ал, барлығы дайын болса, адамда талпыныс төмендейді. Қазіргі ата-аналар осыны түсінуі керек.
Біздің алдымызда, жанымызда үлгі тұтар азаматтар өте көп болды. Біз де жастарға үлгі болуымыз керек. Жастарға сенім артуымыз қажет.
Қазіргі ең қауіпті жағдай – жастардың басым бөлігінің кітап оқымауы. Салдарынан жастарда логикалық ой жоқ. Еңбектенгісі келмейді, дайын дүниеге құмар. Олар робот сияқты. Бұл ұлт үшін, қоғам үшін өте қауіпті жағдай. Сабақта да интернеттен дайын дүниені ала салғылары келіп тұрады. Мен мұны ұрлықпен бірдей деп есептеймін. “Ұрлық түбі – қорлық”.
Айналып келгенде, мен айтқан дүниелердің барлығы мектеп басшысына байланысты. Мұғалім – мектептің айнасы деген. Мұғалім білімімен, еңбегімен, жүріс-тұрысымен және ішкі мәдениетімен балаға үлгі болуы керек,- дейді ғалым Несіпхан Бектенов.
Ғылымның қия жолында талмай, табандылықпен тағылымды, өнегелі еңбек етіп жүрген жерлесіміз Несіпхан Әбжапарұлы биыл мерейлі 70 жасқа толып отыр. Профессор, академик Несіпхан ағаның еңбек және өмір жолы, ғылымдағы жоғары жетістіктері жуалылық әрбір жас үшін үлгі-өнеге. Лайым, туған жерге адал қызмет етіп, тұғырлы тұлға бола білетін азаматтарымыз көп болсын!

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close