El іshі
Әлі есімде…
Жолымыз түсіп, Нұрлыкент ауылына (бұрынғы Бурно-Октябрь) бардық. Бұл өткен ғасырдың 90-шы жылдарының басы болатын. Қазақстан Тәуелсіздікке қол жеткізіп, ел өңірлерінде тұратын неміс ұлтының өкілдері Германия мен Ресейге жаппай көшіп жатқан кез еді. Жанымда Кәтімхан досым бар. Біздің ойымыз – көшіп жатқан неміс отбасылардан мал, үйге керекті тұрмыстық заттарды арзанға сатып алып қалу. Олар көшер кезде барлық жинаған дүние-мүлкін жергілікті тұрғындарға арзанға сатып кетті.
Неміс халқының пысықтығы мен ұқыптылығына таңқаласың. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін біздің елде барлық заттар тапшы болып жатқан болатын. Ал оларда бәрі бар. Қисық шегеге дейін түзулеп іліп қойған. Дүкеннен табылмайтын заттардың бәрі немістердің үйінде бар. Күнделікті тұтынуға керекті заттардың бәрі немістерде жинаулы тұр. Балта, балға, орақ, ара дейсің бе, барлығы бірнешеуден ілулі тұр. Сол заттар дүкенде жоқтың қасы. Себебі, көрші елдермен сауда байланысы әлі орнамаған кез. Өз елімізде дайын ештеңе шықпайтыны сол кезде-ақ белгілі болып қалды…
Нұрлыкентке келіп дүкенге жеткеніміз сол еді, алдымыздан Васька шықты. Ол таза қазақша сөйлейді. Сәл қызулау. Қазақтар оны «Васька делдал» дейді. Себебі, базарда қазақ, орыс, неміске де мал әперетін делдал осы. Германиядан шақыру қағазын алыпты. Танитын қазақтарды дүкенге сүйреп «жуып» жүр. Бізді көре сала жата кеп жабысты. Дүкенге жүріңдер, «жуамын» дейді. Біз рақметімізді айттық. Ол бізге өкпелеген сыңай танытып, өткен-кеткен оқиғаларды айтып, бір кезде әңгімесін бастады.
– Егер әкем қазақтан қыз әпергенде осында қалатын едім, әйелім неміс, қазақша түк білмейді, әйтеуір Германияға көшуге көндірді ғой,- деді ол.
Мен таңқалдым, әкесі неге қазақ қыз әперуі керек?
– Әкең де неміс, шешең де неміс, саған қалайша қазақтан қыз әперуі керек,- дедім мен.
– Менің екі әке-шешем бар, біреуі мені туған, екіншісі мені бағып-қағып өсірген. Мен Байтоқтың баласымын. Қазір олар қайтыс болып кеткен, тірі болғанда әзірше көшпес едім.
– Егер әйелің көнбесе ше?
– Онда әйеліме сен кететін жағыңа кете бер, мен әке-шешемді тастап кетпеймін,- дер едім.
Мен соғыс кезінде осында күштеп көшірілгенде небәрі жеті-сегіз жастағы бала едім. Күн суық, көктем шығар мезгіл. Бізді пойыздың жүк вагондарына отырғызып осында алып келді. Тамақ пен киім алуға мүмкіндік берген жоқ. Жолда аштық пен суық жас балалар мен қарияларға қиын соққаны анық. Қазір ойлап қарасам, әке-шешем бар тапқан киім-кешегі мен тамағын маған берген екен. Жуалыға түскен соң бізді Бурно-Октябрь ауылына әкеліп, ескі сиыр қораға орналастырды. Бірнеше жанұямыз. Әке-шешем жолдан ауырып келген. Бірақ тапқанын маған береді. Біраз күннен кейін олар жұмысқа шықты. Қой төлдету кезінде әке-шешемді осы Байтоққа көмекке жіберіпті.
Әкем жазда, ал шешем күзде қайтыс болды. Мен жалғыз қалдым. Тіл білмеймін. Шешемнен кейін мен де қатты ауыра бастадым, ішім тоқтамайды, қарататын дәрігер жоқтың қасы. Әлім кетіп, көтерем болуға айналдым. Бір күні Байтоқтың әйелі күбі пісіп ішінен майын алып, піскен айранын шараға құйып қойды. Менің сол айраннан ішкім келіп тұр. Сұрайын десем, тіл білмеймін. Ішкім келгені соншалық, аузымнан суым ағып шыдай алмай тұрмын. Екі көзім – піскен айранда. Кемпір үйге кіргенде шараны ала қаштым. Қашып келе жатып айраннан ұрттап келем, артымда кемпір ұрсып қуып келеді. Тойған кезде шараны жерге қойып, әрі қарай қаштым. Кемпір келіп шараны алып кетті. Үйге баруға қорыққан соң талдың көлеңкесінде отырсам, ұйықтап кетіппін. Оянсам кеш болып қалыпты. Үйге келдім, бірақ алыс отырмын. Шалы қойын айдап келіп, есік алдында шәй ішіп отыр. Кемпір шалына мені жамандай бастады.
-Ана неміс бала айранды ала қашып ішіп қойды, майын алып үлгермедім. Сықпыртып бір сабасаңшы, сен жоқта тіл алмайды. Шал күлді, сөйтті де қолын бұлғап мені шақырды. Мен дастарқанға жақын отырдым. Осы оқиғадан кейін ішімнің ауырғаны сап тыйылды. Шалдың қойына көмектесе бастадым. Байтоқтың баласы соғысқа кеткен, одан хабар-ошар жоқ. Қыздары тұрмыс құрып кеткен. Байтоқ мені қазақ мектебіне оқуға берді. Біздің үйіміз ескі «Пионер» лагердің орнында болатын. Ал мектептің орны «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасы салынған кезде судың астында қалды.
Байтоқ менің тегімді өзгерткен жоқ. Сол бұрынғы “Бартольд” болып қала бердім. Бірақ мені «Васька» деп атап кетті. Ол кісі барлығын «Васька» деп атайтын. Үйіндегі иті, мысығы, сиыры, бұқасы барлығының аты «Васька». Өсіп, ер жеткен соң машина-трактор жүргіздім. Байтоқты қазақ қызын әперетін шығар деп едім, ол маған неміс қызын әперді. Неміс халқының заңы бойынша күйеу баласы әйелінің төркінінде тұруы керек. Мен Бурно-Октябрь ауылына көшіп келіп, содан бастап орыс-немістердің тұрмысы сен салт-дәстүрлерін үйрене бастадым.
– Әйеліңмен қай тілде сөйлестің?
– Алғаш ол орысша, ал мен қазақша сөйлесеміз. Бірақ орысша мен немісше жақсы түсінем. Күнделікті сөйлемегеннен соң естен шығып қалады екен, бірте-бірте сөйлесіп, ортақ тіл табысып кеттік. Алғашқыда әйелім маған көп ескерту жасайтын, себебі, менің күнделікті тіршілігім қазақтарға ұқсап кететін. Кейін Байтоқ пен әйелі қайтыс болып кетті. Көзі тірі кезінде оларға шамам келгенше көмектестім. Қайтыс болған соң оларды арулап жерледім.
Енді, міне, еліме қайтып барамын. Кішкене кезімнен бағып-қағып, өсірген қазақ ұлтының өкілі Байтоққа, жалпы қазақ халқына рақмет айтып, басымды иемін. Ол кісі мені мектепте оқытты, фамилиямды өзгертпестен, өз ұлтымнан қыз әперіп үйлі-жайлы болдым. Ұл-қыздарым бар. Егер қазақ мектебі болғанда ұлымды қазақ сыныбына берер едім. Олай дейтінім, қазақ тілі – өте бай тіл. Қай жерде, қай елде жүрсем де, мен қазақ халқын есімнен шығармаймын, оны мақтан тұтам. Менің өмірімді сақтап, одан бөлек, көшіп келген басқа да ағайындарға көмек қолын созған қазақ халқы деп білемін.
«Мен әке-шешемнің әруағына арнап бір ән айтып берейін» деді ол. Дүкеннің айналасында адам көп, күн болса демалыс. Ол биіктеу жерге шығып ән бастады. Біз ыңғайсызданып тұрмыз.
«Әлемнің жарығын сыйладың сен маған,
Даланың әр гүлін жинадың сен маған…….»
Васьканың екі көзінен жас сорғалады. Мен ойланып тұрмын, қай анасы есіне түсті екен «тапқан анасы ма, әлде баққан анасы ма?». Алғаш іштегі «уыттың» әсері шығар деп ойлағам. Екі қолын екі жаққа созып, құшағын кең ашты. Әннің ырғағын бұзбай, сөзін таза қазақша айтып, шын тебіреністі көргенде шынайы екеніне күмәніміз қалған жоқ. Оның Анаға деген сағынышы шын сезіліп тұрды…
Біз кештетіп ауылға қайттық, Кәтімхан досым екеуміз де ой үстінде келе жатырмыз. Біздің ата-бабаларымыз қандай мейірімді, мейірбан, кеңпейіл, жомарт жандар болған десеңші… Қанша жыл өтсе де сол «тоқырау жылдары» елден көшкен неміс ұлтының өкілдері осындағы жергілікті қазақтарға алыстан ыстық сәлемін жолдауда.
Әлі есімде…
Аташбек ӘМІРҚҰЛҰЛЫ,
Көкбастау ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы