El іshі

Даму белесіндегі Қоңыртөбе

Жұлдызы биік Жуалы өңірінің Шақпақата елді мекенінің солтүстігінде оқшау орналасқан төбелерді жергілікті тұрғындар көпшілік «Қоңыртөбе» деп атайды. Көне түркі тілінен «отты жер» деген мағынаны беретін төбелердің географиялық орналасуы тамаша. Өлкетанушы Дәулетжан Байдалиевтің «Жуалы өлкесінің ежелгі тарихы» кітабында ауданда төрт Қоңыртөбе бар екендігі жазылған. Біріншісі, Шақпақата елді мекенінің солтүстігіндегі Қоңыртөбе. Екіншісі, бұрын «Успеновка» деп аталған Қоңыртөбе. Үшіншісі, Шыңбұлақ елді мекенінің шығысындағы Үлкен Қоңыртөбе болса, төртіншісі Бірлік ауылының төменгі жағындағы Құлан асуының тұсындағы Қоңыртөбе.

Жетітөбе ауылдық округіне қарасты заңғар Бөкейтаудың етегіндегі Қоңыртөбе ауылы 1991 жылға «Успеновка селосы» деп аталған. Бірнеше ұлт тату өмір сүріп отырған шағын елді мекенде қазір 100-ге жуық аулада, 660-тан астам тұрғын тіркелген.
Шыны керек, игі жақсының барлығы дерлік осы ауыл дейтін ұлы даладан шығады емес пе?! Сөз өрнегін оймақтап, жырдан кесте тіккен ақын-жазушылар да, ән өрнегін айшықтаған сазгер, күйшілер де, аты аңызға айналған даналар да сол қарапайым ауылдың қара шаңырағынан шыққан. Ауылдың негізгі үш көшесі Малдыбай Құттыбаев, Әбдіәлім Құттыбаев, Бақытбек Баратұлы есімімен аталған.
Елді мекендердегі тұрмыстың бастауы әркез мал және егін шаруашылығымен тығыз байланысты болғаны мәлім. Қоңыртөбе ауылында мал және егін шаруашылығын дөңгелетіп отырған бірнеше шаруа қожалық бар. Сол шаруашылықтары күш біріктіріп, ауылдың өркендеуі үшін аянбай тер төгуде. Бірі мал бордақылап ет өндірумен айналысса, енді бірі сиыр басын көбейтіп, сүт өндірумен айналысады. Мемлекет тарапынан шағын кәсіпкерлікке бөлінген гранттардың негізінде жаңадан кәсіп ашып жатқан отбасылар да бар.
Ауыл шағын болғандықтан, тұрғындардың игілігі үшін 1 орта мектеп, 1 кітапхана, 1 тынығу, мәдени даму клубы, 1 медициналық пункт жұмыс жасайды. №21 Д.Пахомов атындағы орта мектепте 126 оқушы білім алады. Мектептің дарынды оқушылары – облыс, республика көлеміндегі байқауларда аудан намысын қорғап жүр. Кітапхана заманауи цифрлық технологиямен жабдықталған. Жылдам қызмет атқаратын кабельдік жүйе, мемлекеттік органдардан лезде құжат алуға мүмкіндік беретін «Egov.kz» цифрландырылған ақпараттық орталық бар. Мәдени даму клубында түрлі концерттік бағдарламалар қойылып, тағылымды кездесулер өтеді.
«Жас жүрген жер – мереке, Қарт жүрген жер – береке» демекші, ұлттық дәстүрдің отын өшірмей отырған ауыл қарттарының елді мекеннің өркендеуіне сіңіріп отырған еңбегі орасан. Ең алды сексеннің сеңгірінен асса, арты алпыстың асқарына шықты. Ұлы Отан соғысы жылдары майданда ерлікпен қаза тапқан батыр бабалардың есімі мектеп ауласындағы мемориалдық тақтада жас ұрпаққа үлгі ретінде ойып жазылған.
Жастардың басым бөлігі жоғарғы оқу орындарын тамамдап, өз мамандықтарымен жұмыс істеп жүр. Ауыл қамын ойлап, саналы ұрпақ тәрбиелеуге үлес қосып жүрген жастардың да қатары көп. Мектеп түлектері медицина, педагогика, архитектура және ауыл шаруашылығы мамандықтарына көбірек ден қояды. Сәйкесінше, аталған салалардың білікті мамандарына айналады. Жалпы мемлекет, соның ішінде қаладан шалғай орналасқан елді мекендер үшін мұндай салалардың маңызы жоғары екендігін айта кеткен жөн.
Соңғы жылдары ауданға тартылған инвестиция көлемінің артуымен ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсарту мақсатында газ және ауызсу құбырлары тартылды. Көптен күткен табиғи газдың игілігін көріп, тұрғындары жер қойнауынан шығатын артезиан суын пайдаланып, жылдан-жылға дамып келе жатқан ауыл жұрты өз туған жерін алтыннан қымбат бағалайды.
Қоңыртөбе ауылының орналасуы турасында сөз қозғағанда, табиғатының көркемдігі бірінші ойға түседі. Екі тоғаны, қойнауын тереңнен алатын, тау тастарынан құлап ағатын сарқырамасы, арнайы демалатын алма бақтары бар ауылдың келбеті – кімді де болса таңқалдыратыны анық. Тоған суларын тұрғындар көкөніс, жеміс-жидек өсіруге пайдаланса, артезиан суы қолданысқа берілгенше, елді мекеннің аулалары сарқырама суын тұтынып, ауызсудан таршылық көрген жоқ.
Жыл сайын ауылдың көрікті жерлерін тамашалауға сырттан келетін туристердің қарасы қалың. Жаз келіп, суға жүзу маусымы ашылғанда қаладан және көршілес ауылдардан ағылып келетін қонақтар да жеткілікті. Ара-тұра балық аулау үшін ауылға арнайы бет бұратын демалушылар да кездеседі. Осы тұста, тоғандардың балық шаруашылығын дамытуға қолайлы екенін айтқан артық болмас. Көктемде еріген қар суымен толығатын тоғандардың суы – балықтардың түрін көбейтуде.
Қашанда халқымыз үшін ауыл – руханияттың темірқазығы, ұлттық құндылықтың алтын бесігі, береке мен бірліктің және байлықтың бастауы екені даусыз. Ауылдың таза ауасын жұтып, тұнық суын ішіп, көркем табиғатынан қуат алып өскен әрбір азамат өзі туған топырақты барынша қадірлеп-қастерлеуге тиіс. Төрт түлігін өргізіп, егістігін жайқалтып, шаруасын шалқытып отырған ауыл – бүтін бір елдің асыраушысы, қайнаған еңбектің және ұлттық руханияттың қайнар көзі іспетті. Ауыл идеологиясы ұлт пен мемлекет идеологиясының күретамыры және өркендеу түбірі. Ел дамуының белесіндегі Қоңыртөбе ауылына расында да бақ қонған емес пе?!

Рашид КЕМЕЛБЕК,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің
қазақ журналистикасы ББ-ның ІІІ курс студенті

Таңдаулы материалдар

Close