El іshіQoǵam

«Жасыл ел» – еңбек жасағы жұмысқа кірісті

«Жасыл ел» – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан экономикалық, әлеуметтiк және саяси жедел жаңару жолында» Жолдауы негізінде 2005 жылдан бастап жүзеге асырылып келе жатқан кешенді бағдарлама. Сол жылы елордамызда «Жасыл ел» Жастар еңбек жасағының Республикалық штабы құрылып, ұлан-ғайыр мекеннің барлық аймағанда бөлімшелері ашылып, өз жұмысын бастап кеткен еді.

Аталған бағдарлама он екі жыл ішінде көптеген жастың Отанға деген сүйіспеншілігін оятып, елімізді жасыл желекке айналдыру мақсатында олардың жалын-жігерін, күш-қуатын бір арнаға тоғыстыра алды. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген философияны өскелең ұрпаққа ұғындырып, жазғы демалыстарын босқа өткізбей, жұмыс істеп, қосымша қаржы табуға молынан мүмкіндік тудырды. Уақыт өткен сайын жалпыұлттық бастамаға үн қатып, қолдау білдіруші студенттердің, жалпы жастардың қатары артып келеді.
«Ағаш ек, гүл ек, туған жерді түлет» немесе «бір тал кессең, он тал ек» деп ата-бабамыз бекер айтпаса керек. Жасыл желек – жан саясы. Қай дамыған мемлекетті алып қарасаңыз да, жастардың белсенділігі өте жоғары екенін көріп, бар шаруа жастардың жұмыла қатысуымен бітетіні белгілі. Сондықтан да бізде де еліміздің гүлденуі үшін, озық мемлекеттердің қатарынан орын алуы үшін бәріміз жұмыла жұмыс жасауымыз керек. Бұл бағдарламадағы басты бағыт – табиғатты қорғау, экологияны сақтауға ғана емес, жастардың тәрбиесі мен оларды еңбекке баулу.
«Бағдарламаның тағы бір тиімді тұсы – жастарды еңбекке тарту. «Жасыл ел» бағдарламасының аясында тоқсан мың адам жұмыспен қамтылған екен.
«Жасыл ел» еңбек жасағының құрамына ауданымыздың жастары да еніп, жүктелген міндетті жүйелі орындауда деуге әбден болады. Жас аралығы 18-29 жас аралығындағы NEET санатындағы, мүмкіндігі шектеулі, пробация есебінде тұрған және жұмыссыз жастардан құралған жасақ күніне 5 сағаттан, аптасына 25 сағаттан аспайтын жұмыс уақытында жұмыс істейді. Айлық жалақылары да ұдайы беріліп отырады.
Осы ретте аудандық «Жастар ресурстық орталығының» аға инспекторы, «Жасыл ел» еңбек жасағының жетекшісі Есен Орынбайды сөзге тартқан едік.
– «Жасыл ел» еңбек жасақтарының атқаратын жұмыс түрлеріне келер болсақ, Б.Момышұлы ауылы және ауылдық округтердегі мәдени орындарда, саябақтарда тазалық жұмыстарын жасау және тал-дарақтарды күтіп-баптау, көгалдандыру, қоқыстан, тұрмыстық қалдықтардан тазарту болып отыр. Еңбек жасақтары өз жұмысын ағымдағы жылдың 11 сәуірінен бастады. Бұл еңбек жасағына жыл соңына дейін 100 жасты тарту көзделуде. Қазіргі таңда бірінші маусымға Б.Момышұлы ауылынан және ауылдық округтерден 23 жас жұмысқа қабылданды, – дейді Есен Тәжібайұлы.
«Таза болса маңымыз, сау болады тәніміз» деп атам қазақ айтпақшы, «Жасыл ел» жасақшылары қоршаған ортаның көркеюіне, қоғамдық орындардың таза тұруына өз септігін тигізуде.
Жалпы, бағдарламаның мақсаты – жастардың күшiмен елiмiздi көгалдандыру, елді мекен айналасын жасыл ағаштармен көмкеру, көркейту, сонымен қатар жастардың Отанға, жерге, табиғатқа деген сүйіспеншілігін, патриоттық сезiмiн ояту. Ең бастысы, жылына қаншама жастарды осы іске тарта отырып, олардың арасындағы жұмыссыздықты төмендету болып отыр. «Жасыл ел» бағдарламасы жақсы бастама ретінде бүгінгі күнге дейін өз өзектілігін жоғалтқан емес.

Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close