El іshі
“Кербез” би ансамблі халықаралық байқауға жолдама алды
Шындықтың шырақшысы, жазушы Шерхан Мұртаза «Ай мен жұлдыз болмаса, қараңғы түнде адамдар адасар еді. Өнер дүлдүлдері болмаса, мына күйбең тіршілікте адамдардың көңілін кір басар еді» деген екен. Бұлай деуі – өнерге аса көңіл аудару қажеттілігін атап көрсеткені ғой. Сол өнердің бірі – би өнері.
Осы ретте, аудан орталығында орналасқан №1 Балалар өнер мектебінде би өнерін дамытуға өзіндік үлес қосып жүрген «Кербез» би ансамблінің жұмысы жүйелі деуге әбден болады. 5 жас пен 12 жас аралығындағы қыздардан құралған би ансамблі кіші, орта және үлкен топ болып бөлінеді. Би ансамблінің құрамында 38 бала бар.
Ал осы ансамбльдің жетекшісі Айсұлу Қалмағамбетова бүгінде аталған өнер мектебінде «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасымен жұмыс істейді. Ол Тараз мемлекеттік педагогикалық университетін хореография мамандығы бойынша тамамдаған. Айта кету керек, Айсұлу бұған дейін Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясында және «Айша бибі» би ансамбілінің бишісі болып еңбек еткен. Сонымен қатар, жоғарыда атап көрсетілген университетте «Томирис» би ансамблінің солисті болған.
Бүгінде жұмыс істегеніне аз уақыт болса да өзі де, шәкірттері де бірнеше дүркін байқаулардың жеңімпазы атанып жүр.
– Жалпы би өнерін дұрыс оқыту – бұл тарихымызды, салт-дәстүрімізді, ұлттық сазымызды таныта отырып тәрбиелеу. Сонымен қатар, оқушының дене бітімін әдемі қалыптасуына үлесі зор, нағыз денсаулықты шыңдайтын пән. Би өнерінің сабақтары сапалы болуы үшін дидактиканың негізгі принциптеріне бағыну керек, бұлар саналы-эмоциялы тұжырымдамалық және сарамандық, бірізділік, көрнекілік, оқылатын материалдарға шығармашылық ықпал жасай білу керек екенін үнемі басты назарда ұстаймын. Билеу арқылы тек шынығып қана қоймай, иммунитетті күшейтіп, бұлшықетті қатайтуға болады. Бишілер өзін әрдайым тік ұстайды, сонымен қатар шыдамды келеді, – дейді Айсұлу Сағидуллақызы.
Жуырда Тараз қалалық Ы.Дүкенұлы атындағы мәдениет үйінде Алматы қаласындағы «Жеті өнер» шығармашылық орталығының ұйымдастыруымен жаңа мемлекет құруға атсалысқан бүкіл халқымыздың ерен еңбегінің тарихи шежіресі – тәуелсіздігімізді, бейбітшілік пен бірлігімізді насихаттауға арналған «Мәңгілік ел мақтанышы» атты республикалық рухани-патриоттық байқау өтті.
Байқаудың мақсаты – талантымен таңдай қақтырар айрықша өнер иелерін тәрбиелеу, өсіру, дамыту, қалыптасу жолында бағыт-бағдар беру жұмыстарын ілгерілетіп, жаңа жетістіктерге жеткізуге күш салып жүрген ұстаздарды айқындап, жетістіктерін бағалау. Сонымен қатар, балалардың бойындағы шығармашылыққа деген талпынысын арттырып, олардың дамуына қолдау көрсету. Одан бөлек, дәстүрлі ән мен ұлттық күйді дәріптеп, би өнерінің кең ауқымда өрбуіне ат салысу.
Бұл байқаудан Айсұлу бастаған «Кербез» би ансамблі де қалыс қалмай, мәдениет үйінің сахнасында бар өнерлерін ортаға салды. Атап айтқанда, үлкен топ – «Рухты ару» және «Қазақ» биін билеп, көпшілікті тәнті етсе, орта топ – «Көктем» және «Қазақ» биімен көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Ал кіші топ «В гостях у Мишки» аталатын орыс биін билеп, залда отырған қауымға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Байқауда «Хореографиялық өнері» бойынша қатысушылардың орындау шеберлігі, сахналық киім ерекшелігі мен сахна мәдениетіне, би қозғалысының ритмикасы мен синхрондығына назар аударылды. Сондай-ақ, өнерді көрсетуге төрт минут уақыт берілді.
Айсұлудың арнайы дайындап алып барған өнерлі шәкірттерінен құралған үш топ та хореографиялық өнерімен ерекшеленіп, суырылып алға шығып, Бас жүлдені жеңіп алды. Жеңімпаздарға дипломдар мен медальдар және Алматы қаласында өтетін «Жеті өнер» VI Халықаралық байқауына тегін қатысуға жолдама берілді.
Жетекшісі Айсұлу Қалмағамбетова «Үздік шебер педагог» дипломымен және төсбелгісімен марапатталған.
Иә, үш бірдей топтың да байқауда Бас жүлдені бірдей алуы жетекшінің шеберлігінің белгісі. Жеңімпаз би тобына халықаралық байқауда сәттілік тілейміз!
Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»