El іshі

Егістік Алқапқа элиталы картоп тұқымы егілуде

Кеңес Одағы тұсында ақ картобымен ауданның даңқы алысқа тарағаны белгілі. Сапалы тұқым қашанда мол өнімнің кепілі. Жылдағы дәстүр бойынша аудан шаруалары ауа райының ашық күндерін пайдаланып, картоп егу науқанына қызу кірісіп кетті.

Ауданда картоп, бақша дақылдарын көбінесе ауданның Нұрлыкент, Көкбастау, Қызыларық, Ақтөбе және Қарасаз ауылдық округтерінде егіледі. Нұрлыкент ауылдық округінде орналасқан шаруалар да картоп егу науқанына қызу кірісіп кетті. Округте белсенді әрі өнімді жұмыс істеп жатқан шаруалардың ішінен көп жылдық тәжірибесі бар «Зылиха» шаруа қожалығын айтуға болады. «Кәсіп болмай, нәсіп болмас» демекші, Түктібай ауылында орналасқан «Зылиха» шаруа қожалығы – шаруасы шалқыған ірі агроқұрылым. Шаруашылық құрылғалы бергі 20 жылдан аса уақыт бедерінде ақ картоптың даңқын асырып, «екінші нан» алқабының көлемін 80-90 гектардан асырған кездері болған. Шетелдерден техника, шаруашылыққа қажетті тағы басқа заманауи қондырғыларды сатып алудың нәтижесінде сапасы жоғары өнімге қол жеткізіп, ауыл халқына да жұмыс беріп отырған жайы бар. 2000-шы жылдардың басында құрылған шаруашылық бүгінде аяғынан нық тұрған. Шаруашылық жыл сайын егістік егу арқылы өнімділікті арттырып, жемісті жұмыс жасап келеді.
Өткен аптаның сенбі күні Нұрлыкент ауылдық округіндегі Түктібай ауылына барып, шаруашылықтың картоп егу науқанын көріп келген едік. Шаруа қожалық биыл 70 гектар алқапқа картоптың элиталы және бірінші репродукциялы тұқымдарын егуді көздеп отыр.
Жалпы қожалықтың иелігінде 382 гектар егістік жері бар. Биыл оның 70 гектарына картоп егілетін болса, қалған жерлерге арпа, бидай, көпжылдық шөп егілген .
Тиісті агротехникалық шараларды, сонымен қатар, ауыспалы егістік талаптарын қатаң сақтай отырып шаруа қожалық картоп егуді бастады. Картоп алқабы Қазбастау ауылының жоғары жағында орналасқан. Алқап басында қайнаған еңбек. Шаруаның ел игілігі үшін жасап жатқан жұмысын көріп еріксіз көңілің серпіледі.
-Былтыр 60 гектар алқапқа картоп еккен болатынбыз. Өздеріңіз білетіндей, бір жыл жақсы өнім алсақ, бір жылы өнім дұрыс болмай қалады. Бұл егіліп жатқан тұқымға да байланысты. Өйткені жаңа тұқымның кейбір түрлері дұрыс жерсінбейді.
Елімізде ауыл шаруашылығы саласы алдымен сапаға, озық технологияларға ерекше мән беруде. Мәселе санда емес, сапада. Яғни, егілетін тұқымының сапасын жақсартып, барлық агротехникалық талаптар сақталғанда ғана мол өнім жинауға болады. Сол себептен биыл Голландия елінен картоптың «Пикасо» сұрыпты бірінші репродукциялы тұқымын алдырып, алғаш рет жеті гектар алқапқа егейін деп отырмыз. Яғни, ең бірінші жерге тыңайтқыш сеуіп, сосын барып жер жыртамыз. Жер жыртып болған соң нитроаммофос сеуіп, сосын барып егудеміз.
Картоп егетін агрегаттар Еуропада шығарылған көпфункциялы агрегат. Жалпы қазіргі таңда тұқымның сапасын жақсартуға баса мән беріледі. Мәселен, қазіргі таңда көп шаруалар тыңайтқышқа қаржы жұмсағылары келмейді. Ол дұрыс емес. Тыңайтқышқа қаржы шығарса ғана одан бірнеше есе артық өнім алады,- дейді «Зылиха» шаруа қожалығының өкілі Нұрлан Лесов.
Шаруа қожалық барлық жаңа техникамен қамтылған. Олар техниканың барлық түрін Германиядан алдырған. Біз барғанда алқап басында қызу жұмыс жүріп жатты. Жұмысшылар картоп егіп жатса, ал, 30 жұмысшы егілетін картоптың тұқымын сорттауда. Бұл қожалық жыл он екі ай ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып келеді. Өйткені ерте көктемде жұмысшылар егілетін картопты сорттаудан бастаса, өнім жинау мезгілінде олардың саны едәуір көбейеді.
Шаруа қожалық картопты егер ауа райы ашық болса 10 күнде аяқтаймыз деп отыр. Бір күнде 7-8 гектарға алқапқа картоп егуде.
Қазақта «Бабын таппаған еңбек құмға құйған су сияқты. Бабын тапсаң, ана сияқты ие береді, ие береді» деген нақыл сөз бар. Еңбекпен қатайып, бақытын еңбектен іздеген шаруа қожалықтың еңбегі жанып, мол ырысқа кенелуіне тілектеспіз.

Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close