El іshі

“Пай-пай, шіркін, қазақтың келіндері-ай…”

Аудандық Жастар ресурстық орталығы мен халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығының ұйымдастыруымен “Жас келіндер” клубының жұмысын жандандыру мақсатында «Қазақтың келіндері-ай» атты аудандық келіндер сайысы өтті.
Сайысқа ауылдық округтерден сегіз келін қатысты. Жас келіндердің өнерін Жамбыл облысы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Зұлпыхар, аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығының мәдени ұйымдастырушысы Гүлнар Қашкеева, мәдениет саласының ардагері, аудандық аналар алқасының мүшесі Бақыткүл Қанаева және аудандық орталық кітапхананың оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Шарифат Каниева бағалады.
Сайыс төрт кезеңнен тұрды. Ұлтымыздың ең ізгі қасиеттерін бойға дарытып, өлеңдете сөз саптаған қатысушылар “Тегін білу – тектілік” атты бірінші кезеңде өздерін көрермендерге таныстырды.
Ал, «Өнер сайысы» атты екінші кезеңде еркін форматта тоқыма, қолөнер жұмыстарын көрсету, қазақ тілінде ән айту, көркемсөз оқу және көрініс көрсету т.б. қазақ дәстүріне сай өнерлерін көрсетті.
Үшінші кезеңде келіндер қазақтың салт-дәстүрлеріне байланысты сұрақтарға жауап берді.
Ал, төртінші кезең “Үй тапсырмасы” деп аталып, бұл кезеңде келіндер өздері үйден дайындап әкелген тағамдары мен қолөнер бұйымдарын таныстырды.
Иә, төрт кезеңде де келіндер бар өнерлерін ортаға салды. Олардың байқауға жақсы дайындықпен келгендері көрініп-ақ тұр. Барлығы өнерлі.
Қазылардың шешімімен байқаудың І орнын Ақсай ауылдық округінің келіні Дильяра Ералиева иеленді. Ал, ІІ орынды Жетітөбе ауылдық округінің келіні Балжан Сәрсеқұлова және Күреңбел ауылдық округінің келіні Динара Сәрсенқызы өзара бөлісті.
ІІІ орынды Нұрлыкент ауылдық округінің келіні Айгерім Бейсенбай және Қызыларық ауылдық округінің келіні Салтанат Каренова өзара бөлісті.
Жүлдегерлер мен қатысушыларға Дипломдар және Алғысхаттар табысталып, ынталандыру сыйлықтары берілді.

Аудандық жастар
ресурстық орталығы

Таңдаулы материалдар

Close