El іshі
Жаннұр – аудандық байқаудың жеңімпазы
Кітап – адамзат баласының баға жетпес асыл құндылығы. Білім мен мәдениеттің биік белестеріне жетелейтін тәрбие құралы. Шығыс ойшылы Науаи: «Кітап – ақылына ақы сұрамайтын алтын қазына» десе, Абай атамыз «Танымның бар тамашасы – кітапта, оған қол жеткізу үшін кітап оқудан жалықпа», «Артық білім – кітапта, ерінбе оқып көруге» деп айтқан екен. Осы орайда, кітап оқу дәстүрін жаңғырту және мектеп оқушыларының интеллектуалды әлеуетін арттыру мақсатында бастау алған «Оқуға құштар мектеп» жобасы оқушылардың оқу сауаттылығын қалыптастыру мен жетілдіруге, оқу мәдениетінің деңгейін арттыруға және оқуды насихаттауға бағытталған.
Өткен аптада Талапты ауылындағы №22 Б.Момышұлы атындағы орта мектепте білім бөлімінің әдістемелік кабинеттің жылдық жоспарына және «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясындағы іс-шаралар жоспарына сәйкес 3 сынып оқушылары арасында «Патриоттық өлеңдерді мәнерлеп оқу» аудандық байқауы өтті.
Байқаудың мақсаты – бастауыш сынып оқушылары арасында қазақ ақын-жазушыларының патриоттық тақырыпта жазған өлеңдерін насихаттау, оқушылардың оқу мәнерін, сөз саптауын және Отанына деген сүйіспеншілігін арттыруға, ана тілін құрметтеуге тәрбиелеу.
Байқау «Талаптыға нұр жауар» және «Өнерлі болсаң, озып көр» атты екі бөлімнен тұрды. Сайысқа жалпы 26 оқушы қатысты.
Мәнерлеп оқудың шарттарына дауыстың анық есітілуі, оның үнділігі, әуені, яғни дауыс күшінің, үннің биіктеуі мен төмендеуі, оқу қарқынынын бірде жылдам, бірде баяулауы, лебізділігі жатады. Байқауда қазақ ақын-жазушыларының өлеңдерін мәнерлеп оқып беруде Көктөбе орта мектебінің оқушысы Жаннұр Нұрқасым (жетекшісі Салима Ноғаева) қазылар алқасының шешімімен Бас жүлдеге ұсынылды. Қалған қатысушылар І,ІІ,ІІІ орындарды өзара бөлісті
Оқушы дұрыс түсініп, әрі мәнерлеп оқыған сайын оқытудың мәні арта түспек. Мәнерлеп оқу бұл оқытудың әсіресе, бастауыш сыныптар үшін мәні зор. Мәнерлеп оқыған оқушы оқуды жете меңгергендігін көрсетеді. Оқытудың шыңы оқушылардың мәнерлеп түсініп, сауатты оқуға үйрету деп білу керек.
Эльвира Сейітбекова,
аудандық білім бөлімінің әдіскері