El іshі
Есеп-қисапқа жүйрік маман
Аудандық білім бөлімінің есеп бөлімшесінде Алуа Әзімбаева тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бастап еңбек етіп келеді. «Дарақ бір жерден көгереді» демекші, алғашқы еңбек жолы осы жерде басталып, әлі күнге дейін есепші мамандығымен жемісті, табысты жұмыс істеуде. Ол білім саласына жас маман болып жұмысқа орналасып, білікті мамандардан тәжірибе жинақтаған. Ол мұнда табаны күректей 30 жыл ішінде есепші, бас есепші қызметтерін абыроймен атқарып, бүгінде ол бас есепшінің орынбасары қызметінде.
Алуа Далжанбекқызы қасиетті Талапты ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келген. Әкесі колхозда еңбек етіп, картоп суғаруға атсалысқан. Ал, анасы Айдаркүл 12 құрсақ көтерген Батыр ана.
Ол ауылдағы Б.Момышұлы атындағы орталау мектептің 8 класын бітіріп, оқуын Қайраттағы “Октябрьдың 40 жылдығы” атындағы мектебінде жалғастырып, Күреңбел орта мектебінде аяқтайды. Алуа да өзгелер секілді ұстаз болуды армандайды. Болашағын ұстаздықпен байланыстырып, бала тәрбиесіне араласуды жоспарлайды. Дегенмен бұл арманы орындалмай, басқа бағытқа қарай бет бұрады. Сөйтіп Тараз қаласындады статтехникумға оқуға түсіп, есепші мамандығын алып шығады. Кейіннен білімін жетілдіріп, Тараз мемлекеттік университетін бітіріп алады.
-Мен мұғалім болуды армандағанмын. Бұл арманым орындалмаса да, бір рет болсын тәжірибеден өтіп көрдім. Оқуымды бітіріп келген соң, аудандағы “Балдырған” балабақшасының меңгерушісі Шекер Ұстаева тәрбиеші ретінде жұмысқа қабылдады. Ол кездері балабақшада тәрбиешілер тапшы болатын. Алты айға жуық балалармен жұмыс істеп, қызықты күндерімді өткіздім. Ашық сабақ өткізіп, іс-шараларым жақсы бағаға ие болды, – деп сол бір күндегі естеліктерін еске алды.
Ол 90-шы жылдардың аяғында өмірлік серігін жолықтырып, Қайрат ауылының азаматы Жұмат Әзімбаевпен отау құрады. Отбасылы болған соң өз мамандығы бойынша 1991 жылы Хадиша Омарованың қарамағына жұмысқа қабылданады. Өмірлік ұстазы болған алғашқы басшысы есеп-қисап жүргізудің жолдарын, тиімді тәсілдерін үйретіп, оның қалыптасуына көмегі тиеді. Аумалы-төкпелі күндерді бірге өткеріп, мұғалімдердің жалақылары мен төлемақыларының уақтылы төленуін қамтамасыз етеді. Жыл сайын біліктілігін арттырып, жақсы қырларымен көзге түсіп, түрлі марапаттарға ие болады.
-Бұл жұмыстың қиындығы мен қызығы қатар жүреді. Жұмысымызды қызыға жүріп атқарамыз. Ауызбіршілігі мен татулығы бар мамандар жұмыс істейді. Әркім өз ісіне жауапты. Мұғалімдердің жалақыларын уақтылы жіберіп, басқа да төлемдерді дер кезінде аударып тұруымыз керек. Білім саласына қатысты қаржылық аударымдарды біз жасаймыз.
Қазіргі таңда шүкір, барлығы электронды түрге көшкен. Біраз жылды артқа тастар болсақ, алғашында есепті шотпен жүргізіп, ведомтсволар толтырылатын. Қағазбастылық деген мәселе бар еді. Бүгінде жүйеге есепшілерге арналған 1С бағдарламасы енді. Компьютерлер беріліп, жұмыстар электронды түрде жасалады. Заман талабына сай жаңашылдықпен жұмыс істеудеміз. Ең бастысы, бір саннан болмаса таңбадан қате жібермеу керек. Қателескен саныңыз үлкен сомаға айналуы мүмкін. Сондықтан асқан мұқияттылық пен шапшаңдықты, жүйріктік пен ептілікті, жауапкершілікті қажет ететін мамандықтың бірі болып есептеледі.
«Елу жылда ел жаңа» демекші, бұл салада жүргеніме биыл 30 жыл болды. Осы жылдарда еліміздегі әрбір салада жаңашылдықтың куәсі болып келеміз. Еліміз дамып, жаңа заманауи дүниелер еніп жатыр. Оны барлық санаттағы мамандар меңгеріп, уақыттың талабынан қалмай еңбек етуде. Бұл да Тәуелсіздіктің жемісі. Жаңаруымыздың, жаңғырумыздың айғағы. Осындай ұжымда өз мамандығыммен еңбек етіп келе жатқаныма дән ризамын, – дейді есепші Алуа Далжанбекқызы.
Есеп-қисапқа жүйрік, жұмыста жауапкершілігі жоғары есепші өмірлік серігі Жұмат Тілепбердіұлы екеуі отбасында екі ұл тәрбиелеп отыр. Үлкен ұлдары Қуаныш білім саласында еңбек етсе, кенжелері Нұрбақыт Мыңбұлақ орта мектебінің оқушысы. Отбасында екі немересі ата-әжесін қуантып өсіп келеді.
-Барша қаржы қызметкерлерін Ұлттық валюта күні және төл мерекелерімен құттықтаймын! Сіздерге шын жүректен зор денсаулық, мол табыс және абырой тілеймін. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы құтты болсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, – деп А.Далжанбекқызы игі тілегін жеткізді.