El іshі
Түлектер бас қосты
Кеше Жетітөбе ауылдық округі Қоңыртөбе ауылындағы Д.Пахомов атындағы орта мектепте “Жомарт түлек” атты түлектермен кездесу өтті. “Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында өткен шараны аталған мектеп ұжымы ұйымдастырып, оның өтуіне ауылдық округке қарасты білім ошақтары мен Күреңбел орта мектебі атсалысты.
Мектепте әр жылы алтын ұя мектебін бітірген түлектер, мектеп директорлары, ардагерлер, жеке кәсіпкерлер, оқушылар және ауылдық округ әкімі аппаратының ұжымы қатысты.
Шараның мақсаты – елімізге белгілі түрлі салада жемісті еңбек етіп жүрген түлектердің табысты өмір жолын жас ұрпаққа үлгі ету, танымал жамбылдықтардың туған өлкесінің әлеуметтік мәселелерін шешуге атсалысуға тарта отырып, әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыру жолындағы өмірлік тәжірибелерімен бөлісу және әлеуметтік маңызды жобаларды жүзеге асыру болып табылады.
Сәні мен салтанаты келіскен шарада ұлттық киім киген оқушылар өнер көрсетті. Шара оқушылардың орындауындағы “Ассаламалейкум” әнімен ашылды.
Басқосуды ашу үшін сөз кезегі Жетітөбе ауылдық округінің әкімі Рәтбек Көсембаевқа берілді.
-Құрметті ауыл тұрғындары, игі жақсылары! Биыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай “Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында “Жомарт түлек” жобасы қолға алынып отырған жайы бар. Жоба аясында туған жерден түлеп ұшқан азаматтар туған еліне жанашырлық танытып, әрдайым көмек қолдарын созып келеді. Бұл олардың туған жерге деген сүйіспеншілігі деп білеміз. Адам қашанда туған жерден алыстаған емес. Қайта түлектеріміз кейінгі өскелең ұрпаққа өнегелік жол көрсетіп келеді. Біздің жетітөбеліказаматтар да игі істерден қалыс қалған емес. Осы ретте, үнемі демеушілік жасап, ауылдың көркеюіне атсалысып жүрген азаматтарға алғысымды білдіремін”, – деді округ әкімі Р.Қанатбекұлы.
Кездесу барысында округке қарасты мектептердің және Күреңбел орта мектебінің оқушылары концерттік бағдарламасын ұсынды. Патриоттық әсем әуен шырқалып, мың бұралған бишілер ұлттық биді билеп, көрменге паш етті. Балалар түлектерге өлең шумақтарын арнап, мәнерлеп оқыды. Бір айта кетерлігі, өнер көрсеткен барша оқушылар ұлттық киімде болды.
Шара барысында Байтұрсын Үсіпалиев жомарт жандарға ақ батасын берсе, ауылдық округтің ардагер кеңесінің төрағасы Рақымжан Сатаев шараның маңыздылығы мен мақсатына тоқталып, ұйымдастырушылар мен түлектерге алғысын білдірді.
Сонымен қатар, ардагер ұстаз, жеке кәсіпкер Сабыр Түймебаев және “Алина” шаруа қожалығының төрағасы Александр Уразовский және Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы кездесу үшін келген Шыңбұлақ ауылының тумасы Ерлан Қапалбаев сөз алды.
Жеке кәсіпкер С.Түймебаев ұстаздарға алғысын білдіріп, жастар игі істің жалғастырушысы болатына сенім білдіретінін атап өтті. Ал, Ерлан Әділханұлы қайда жүрсе де ауылын ұмытпайтынын, оған деген сүйіспеншілік ешқашан жоғалмайтынын тілге тиек етті. Білім ошағында түлектермен кездесіп, жақсы кештің куәсі болғанына қуанышты екенін жеткізді.
“Ассаламалейкум” деп сөз бастаған Александр Уразовский “Әр адамның жүрегінде имандылық болады. Бір-бірімізге деген жанашырлықта біздің қанымыздағы қасиет. Сол адами қасиетіміз бізді әрдайым жақсылыққа жетелейді. Осындай елде, қазақы ортада өсіп, еңбек етіп жүргеніме қуаныштымын. “Елу жылда ел жаңа” дейді. Бүгінде еліміздің дамып, ауылымыздың көркейіп келе жатқанын жақсы білеміз. Лайым, елімізде бейбітшілік мәңгілікке тұрақтап, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Елім дейтін азаматтар көп болсын” деді.
“Жақсының жақсылығын айты нұры тасысын” деген жақсы сөз бар. Кездесуге туған жері мен туған еліне жанашырлық танытып, көмекке мұқтаж азаматтарға көмегін аямайтын жандар жиналды. Әрқайсысы алтын ұя мектептеріне, алтын бесік ауылдарына жақсылық жасап, игі істердің қасында жүрген жомарт жандар.
Елордадан келген жуалылық Ерлан Қапалбаев Т.Рысқұлов атындағы орта мектепке демеушілік жасап, білім ордасына «Шахмат» және «Bookcrossing» орталығын жасап, безендіру жұмыстарын жүргізген. Сондай-ақ, кәріқорғандық А.Уразовский бастаған азаматтар ауылдағы мешіт жанынан асхана салып, тұрғындарға пайдалануға беруге дайындық жұмыстарын жүргізуде. Айта берсек, Жетітөбе ауылдық округі мен Күреңбел ауылында қайырымды әрі игі істер көп. Басқосуда аталған елді мекендегі жомарт жандар қайырымды істің жаршысы болып жүргендігінің куәсі болдық.
Кездесуде ауылдық округ әкімі Р.Көсембаев “Жомарт түлек” жобасы аясында демеушілік жасап, туған жеріне жанашырлық танытып жүрген бір топ азаматтарды Алғысхатпен марапаттады.