El іshі

Шерағаның ауылына көңіл бөлінсе…

Туған өлке әрбір жан үшін жүрек түкпірінен орын алар киелі мекен. Ешбір жерге айырбастауға келмес өзіндік құны мен қасиеті астасқан осынау қадірлі жер туралы қалам тербеу мен үшін зор мәртебе. Ауыл – руханиятымыздың темірқазығы, ұлттық құндылығымыздың алтын бесігі, береке мен байлығымыздың бастауы екені даусыз.

Әрбір адамды туған өлкеге деген сүйіспеншілік, махаббат сезімдері алға жетелеп отырады. Дана халқымыз: «Әркімнің туған жері – Мысыр шаһары» деп бекер айтпаған ғой. Мен де алақандай ғана ауылым Талаптыны дәл осы шаһарға теңер едім. Балалық шағым Көлбастау ауылында өткенімен, шыққан жерім, тұп қазығым қасиетті мекен – Талапты ауылы. Бұл мақаланы жазуға да осы туған жерге деген сүйіспеншілігім мен жанашырлығым түрткі болып отыр.
Бұл ауылдың атын естігенде жұрт бірден қазақтың қара нары Шерхан Мұртазаны еске түсіреді. Талапты ауылы десе есімізге жазушының «Ай мен Айша» шығармасы келеді. Ауылдың табиғаты, ондағы адамдардың тыныс-тіршілігі, ауылдың қалыптасуы барлығы дерлік осы шығармада айтылады.
Шындықтың шырақшысы, ақиқаттың алдаспаны Шераға туған жерге деген сүйіспеншілігі мен қамқорлығын ешқашан ұмытпаған. Қайда жүрсе де түсіне Мыңбұлағы кіріп, туған жеріне деген сағынышы басылмаған. Ол өз ғұмырын тұтастай ел-жұртына арнаған. Шераға қайда жүрсе де ауылына жақсылық жасауды естен шығармаған.
Мәселен, ол кейінгі ұрпағына арнап, зәулім мектеп салдырды. Мектептің ашылу салтанаты болғанда мен 7-8 сыныпта оқитынмын. Ауылда жаңа мектеп салынды деген жақсы хабарға барша жұртпен бірге біз де қуанып, салтанатты мерекеге қатысқан едік. Дүйім жұрт жиналып, құдайы тамақ таратылып, елдің қуанышында шек болмады. Әсіресе, мектептің ұстаздары мен оқушылардың қуанышы ерекше. Кішкентай ғана ескі мектептен зәулім ғимаратқа көшуі олар үшін жаңа оқу жылында үлкен қуаныш болды. Бүгінде Шерхан атаның аманатына мектеп ұжымы қиянат жасамай, сәні мен салтанаты келіскен білім ошағына айналдыруда.
Мектептің алдына Даңқты қолбасшы, Батыр Бауыржан Момышұлының бюсті қойылған. Айналасы абаттандырылып, тал-дарақтар жайқалып өсіп тұр. Мектептің іші де тап-таза, безендірілуі мен көрнекіліктері ерекше. Білім мекемесінде тәлім-тәрбие алып келе жатқан шәкірттердің қоғамдық және әлеуметтік белсенділігі жыл санап арта түсуде. Мектепке білікті маман, аудандық мәслихаттың депутаты Руслан Сайлаубаев басшылық етеді.
№22 Б.Момышұлы атындағы орта мектеп шағын жинақталған мектеп қатарында болғандықтан 2020-2021 оқу жылының қорытындысы бойынша 127 оқушы жалпыға бірдей біліммен қамтылған. Білім сапасы 71%-ды құрап, 6 оқушы орта мектепті бітіріп қолдарына кәмелеттік аттестат алған. Бүгінде барлық түлектер ЖОО түскен.
Мектеп оқушыларының бұл көрсеткіштері ұжым педагогтарының ғылыми-әдістемелік және кәсіби шеберлік бағытында күнделікті ізденісінің жемісі болып табылады. Бүгінгі таңда мектепте 35 мұғалім дәріс берсе, оның 10-і бірінші санатты, 9-ы екінші, 5-і «зерттеуші-педагог», 6-ы «Педагог-сарапшы» біліктілік санаттағы ұстаздар. Оның арасында ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамоталарымен марапатталған Махмұтжан Мамытов сынды, облыстық білім басқармасының Алғыс хатымен марапатталған Р.Сайлаубаев, Л.Жолболдиева, Г.Ергебекова, М.Бекжігітова, М.Құрмашова сынды ұстаздар бар.
– Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Жомарт Түлек – 2021» мектеп түлектерімен кездесуі өткізілді.
Түлектер жалпы соммасы 520 000 теңгеге мектепке қажетті материалдар мен мектеп дәліздерін заманауи безендіруге белсене атсалысты. Осындай алқалы топты бастап, мектеп болашағына алаңдап, өз жақсылықтарын аямаған түлектеріміз Ақылжан Мамыт, Ізетхан Бегжігітов, Сапаева Қалампыр, Сапаев Жәнібек, Мұртаза Ілияс және Төреқұлов Нұрлыхан мен Керімхан сынды түлектерге мектеп ұжымы атынан зор алғысымызды білдіреміз, – дейді мекеме басшысы.
Мектептен бөлек, осыдан 20 жылға жуық уақыт бұрын Шерағаның қолдауымен салынған ауылдық мешіт тұрғындарды имандылыққа шақырып, жұмыс істеуде. Сондай-ақ, ауылдық мәдениет үйінің қызметкерлері мен кітапханашылар көпшіліктің руханиятын көтеру мақсатында күш салуда.
Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары-ақ Талапты ауылына табиғи газ жүргізіліп, бүгінгі таңда тұрғындар көгілдір отынды пайдалануда. Таза ауызсу және көше жарығы да бар. Бұл жақсылықтың барлығы талаптылықтар үшін жасалуда. Дегенмен ауылда проблема да жоқ емес. Мұнда байланыс пен интернет желісі нашар. Тазалық жұмыстарына да аса мән беру керек. Өйткені, көше атаулары жазылған бағыттағыштар мен көрнекілектер ілінетін темірлер де тозығы жетіп, сырлары кеткен.
Ауылға кіреберістегі «Талапты» деп жазылған арканың да түсі оңып, түрі солғын тартып тұр. Мұндағы Бауыржан Момышұлы көшесіне жаңа асфальт салынса, Сыпатай батыр көшесінің жолы ойылып, шұңқырланып біткен. Жолдың жайын жүрген біледі. Бұл көшемен көлікпен өткенде көше жолының кедір-бұдыр жолы мен шұрқ тесілген шұңқырларды бірден сезесің.
Тұрғындар Талапты ауылына көңіл бөлу қажеттігін айтады. Яғни, Мейірхан Махамедов ауылдағы бірнеше мәселенің басын ашып айтты.
– Ауылдағы проблемалардың бірі – ағын су мәселесі. Біз судың тапшылығын, оның зардабын тартып келеміз. Әрқайсымыздың үйіміздің іргесінде 20-30 соттық жер бар. Ауылда 700-ге жуық тұрғын бар. Көпшілігі егін және мал шаруашылығымен айналысады. Қазіргі таңда көбісінің бау-бақшасы қурап, бақша өнімдерін еге алмай отыр. Сайдың суы болса тартылып кеткен. «Ақсай-Су» шаруашылығының ағын су құбыры ауылдың үстінен 1100 метр қашықтықтан өтеді. Сол суды біздің ауылға да құбырмен тартып, әкеліп берсе. Сонда тұрғындармен қатар, көшенің аяқ жағында орналасқан шаруашылықтар да егістік алқабын суғарар еді. Біз де үй іргесіндегі жерімізді тиімді пайдаланып, бақша өнімдерін өзіміз күтіп-баптасақ, жақсы емес пе?
Ағын судың жоқтығынан ауылдағы тал-дараққтар да қурап жатыр. Бұдан бөлек, ауылда мал санының артуына байланысты жайылым жерде тарылып барады. Бұл мәселелерді көтергенімізге бес-алты жылдың жүзі болды. Жол да жөнделмеген. Көше жарығы бар, дегенмен жарықтың кейбіреулері күйіп, жанбай тұр. Интернет мәселесінен студенттер онлайн форматта оқи алмай қиналды. Байланыс та дұрыс ұстамайды.
Міне, біздің ауылдағы мәселелер осындай. Алайда ауылда бірлік пен ынтымақ бар. Осы ауылда кіндік қанымыз тамып, балалық шағымыз өтті. Ауылдың қалай өзгеріп келе жатқаны біздің көз алдымызда. Қысқасы, ауылдағы мәселелерге көңіл бөлінсе деген тілегіміз бар, – дейді.
Мейірхан аға мен аймақтық медбике Ақмарал Алимова медициналық пункттің бір қабырғасы опырылып, құлайын деп тұр деп шырылдайды. 1960 жылы соғылған ғимарат кезінде мектеп болған. Жаңа мектеп салынған соң, оның бір шеті мәдениет саласына берілсе, бір бөлігінде медициналық пункт жасалған. Жарты ғасырдан астам тұрғындарға қызмет көрсеткен бұл ғимарат апатты жағдайда екенін ескеріп, тұрғындарға жаңа денсаулық сақтау мекемесі салынса деген өтініш-тілегі бар.
Ал, Нұрсейіт Мырзахметов мектептің оқушыларына алаңдап, «білім ошағына барар жолға 110 метр жаяу жүргіншілер жолын салу керек» деді. Өйткені, жауын-шашын күндері балалар батпаққа батып, әбігерге түседі екен.
Талаптының жастары еңбекқор әрі ұлттық ат спорты көкпар ойнағанды ұнатады. Бос уақыттарында егістік алқабындағы науқандық жұмыстарға араласады. Алайда жастарға бұдан бөлек, шахмат, дойбы ойнайтын, спортпен шұғылданатын орын керек.
-Кіндік қанымыз тамған жердің дамуы мен гүлденуіне біз де өз үлесімізді қосқымыз келеді, – дейді Еркебұлан Жаманқұл. – Шыны керек, ауылда жастардың бос уақытын тиімді пайдаланатын орын жоқ. Ауылдағы жастар жұмыссыз болғандықтан мұнда тұрақтамайды. Өзім де Алматы қаласында жұмыс істеп, отбасы құрған соң ауылға келдім. Мамандығым – экономист. Әлі күнге дейін жұмыс таба алмадым.
Ауылда спортпен айналысып, өнеріңді шыңдайтын жер жоқ. Әр бала әр нәрсеге бейім болады. Сол қабілетін ашып, пайдалы дүниемен айналысуы керек. Бірақ, балалардың көбісі бос уақытында ұялы телефонға телміріп отырады. Сондықтан футбол алаңшасы, көше спортын дамыту үшін «Street Workout» алаңшасы салынса, жастарды спортқа баулитын арнайы маман мен спорт үйірмелері ашылса дейміз.
Сонымен қатар, тағы бір ұсынысым ауылдағы мәдениет үйінен домбыра, сурет салу, айтыс өнері секілді үйірмелер ашылса, руханиятқа көңіл бөлінсе деймін. Артымыздан ерген іні-қарындастарымыз тарихпен сусындап, спортпен шұғылданып, өнер үйреніп өссе екен деген ниетім бар. Мұндай руханиятты, жақсылықты, өнерді көрген баланың болашағы да жарқын болады деп ойлаймын, – деп Еркебұлан ауылға деген жанашырлығын шын көңілден жеткізді.
Талаптылықтардың айтқан уәжі жөн-ақ. Ал, бұл мәселелерді ауылдық округке жаңа тағайындалған әкім рет-ретімен шешеді деп сенеміз. Себебі, Талапты ауылындағы мәселелерді айтып, биыл қандай жұмыстар атқарылады деп хабарласқанымызда былай деп жауап берді. «Талапты ауылының тұрғындарымен кездесу ұйымдастырып, олардың өтініш-тілектерін тыңдадым. Ондағы мәселелермен де жақсы таныспын. Биыл ол ауылда ешқандай құрылыс жұмыстары жүргізілмейді. Дегенмен қолымыздан келгенше, жөндеуді қажет ететін көшелердің жобалық-сметалық құжаттарын әзірлейтін боламыз. Алдағы уақытта ол ауылды көркейту үшін күш саламыз» дейді Алмаз Рахмашов.
Ауыл әкімінің сөзіне сенейік. Шындықтың шыңырауы атанып кеткен Шерағаның ауылын атына лайықты етіп көркейтетініне сенім білдірейік. Мен де туған жерімнің өзге ауылдардай көркейіп, жайнап тұрғанын қалаймын. Талаптылықтар секілді мен де ауыл назардан тыс қалмай, тиісінше, көңіл бөлінсе екен деймін.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close