El іshі
ҮЗДІКТЕР ҚАТАРЫНАН ТАБЫЛДЫ
«Nur Otan» партиясы және «Jas Otan» жастар қанатының бірлесе ұйымдастыруымен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Ардагерлерді ардақтайық!» атты партиялық жобаның аясында Халықаралық қарттар күніне арналған «Ардагерлерді ардақтайық!» акциясы өтті.
Акцияның мақсаты – ұрпақтар сабақтастығын нығайту және дамыту. Сондай-ақ, аға буын өкілдерін құрметтеуді, баға жетпес өмірлік және кәсіби тәжірибесін, адамгершілік құндылықтарын, Тәуелсіздік жылдарындағы елдің дәстүрлері, тарихы мен жетістіктері туралы білімдерін сақтау және дәріптеу. Сонымен қатар, Елбасының жас мемлекеттің қалыптасуы мен нығаюына баға жетпес үлесін айқындау.
Байқаудың шарты бойынша қатысушылар өздері туралы, еліміздің Тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері және Елбасының мемлекеттілікті сақтауға қосқан баға жетпес үлесі туралы баяндап, жастарға тілектерін білдіріп, бір минуттан аспайтын бейнежазба дайындауы тиіс. Дайындаған бейнежазбаны «Facebook», «Instaqram», «YouTube», «TikTok» секілді әлеуметтік желілерде жариялап, барынша кеңінен таратуы керек.
1 және 30 қазан аралығында өткен бұл акцияға республика көлемінде 1700 және облыс бойынша 100-ден аса үміткер қатысып, 30-ы жеңімпаз атанды. Соның ішінде жерлесіміз, «Ақментей» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, ауданның Құрметті азаматы Аманжол Дүрәліұлы те жүлдегерлердің қатарынан табылып, жеңімпаз атанды. 30 жеңімпаздың барлығына 100 мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйлықтар табысталды.
Осыған орай, «Nur Otan» партиясы аудандық филиалында жеңімпаз Аманжол Дүрәліұлымен жастардың кездесуі өтті. Кездесуге №2 Мыңбұлақ орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, «Қайрат» бастауыш партия ұйымының төрайымы Роза Мұратаева және аталған мектептің 9 сынып оқушылары, аудандық «Жастар ресурстық орталығының» инспекторлары және аталған байқауға бейнероликті дайындаған оператор Бауыржан Тәжімұратов қатысты.
Кездесуді «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Марат Нарымбеков ашып, жүргізіп отырды. Алдымен сөз алған «Ақментей» қоғамдық бірлестігінің төрағасы А.Дүрәліұлы еліміздің Тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістіктері мен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясаты туралы сөз етті. Сонымен қатар ата-бабамыз аңсап кеткен тәуелсіздік елімізге оңайлықпен келмегені туралы ой қозғады.
– Тәуелсіздік – тәңірдің берген тәтті сыйы. Сондықтанда әрбір қазақ – тілін, дінін, ділін және егемендікті көзінің қарашығындай сақтай білуі керек. Білімге ұмтылып, бойдағы отансүйгіштік, патриоттық сезімді оятып, ел үшін аянбай еңбек еткен жөн. Сонда ғана болашақтың жарқын болары сөзсіз. Ертеректе екі қазақтың бірі батырлар жырын жатқа білген. Оны былай қойғанда, сөзге шешен, тілмаш болған. Бір-ақ ауыз сөзбен жаудың бетін қайтарып, бір-ақ ауыз сөзбен дау-жанжалды шеше білген. Сол секілді қазіргі жастар да білімге құштар, парасатты, өр рухты, батыл бола білуі тиіс, – деген А. Дүрәліұлы өзінің өмір жолындағы өнегелі істерін жастарға әңгімелеп берді. Одан бөлек, «Тәуелсіздік – тәңірдің берген тәтті сыйы» аталатын жырын жатқа айтып берді.
Бұдан соң «Қайрат» бастауыш партия ұйымының төрайымы Роза Мұратаева сөз алып, «Қарты бар елдің – қазынасы бар» дей келе, қазыналы қарттар бар жерде бірлік, татулық болатынын, сондықтан да қарияларды сыйлап, қадірлей білу әр жастың міндеті екенін баса айтты. Сондай-ақ, №2 Мыңбұлақ орта мектебінде әр бейсенбі сайын «Даналық бейсенбісі» жобасы аясында қазыналы қарттармен оқушылардың кездесуі өтетінін және мұндай жиындардың жастарға берер тағылымы мол болатынын жеткізді. Одан бөлек, А. Дүрәліұлыті жеңісімен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
Жиынды қорытындылаған «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Марат Нарымбеков байқау туралы сөз қозғап, осы байқауда бейнероликті түсірген Бауыржан Тәжімұратовқа ерекше алғыс айтты. Сонымен қатар жеңімпаз А. Дүрәліұлын жеңісімен құттықтап, партияның атынан естелік сыйлық табыстады.
Кездесудің соңында қария жастарға ақ батасын берді.
Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»