El іshі
Еңбекпен жеткен абырой
Еңбегің ұмытылмас ешқашанда,
Білгенге маржан болып тағылады.
Шәкіртің оза шауып, бәйге алса,
Бұл сенің еңбегің боп табылады.
Ақынның осынау терең ойлы өлең жолдары Қызыларық ауылдық округі Алатау ауылындағы №23 Алатау орта мектебінің директоры, ұлағатты ұстаз, білікті басшы Тоқтағұл Райымқұлұлы Құдайқұловқа да арналғандай. Тоқаң ауданда педагогикалық ортада өзінің үлгілі өнегесімен танылып, көп жылдар бойы жинаған тәжірибелі ісімен ұстаздар ұжымын басқарып, жақсы нәтижеге қол жеткізіп жүрген мектеп басшыларының бірінен саналады.
Тоқтағұл Райымқұлұлы 1957 жылы Жуалы ауданының Алатау (бұрынғы Андреевка) ауылында дүниеге келген. 1964 жылы ауылдағы Буденный атындағы бастауыш мектептің табалдырығын аттап, өзінің жақсы өнегелі тәртібімен, озат үлгерімімен көзге түсе білді. Ол тұста қазақ тілінде білім беретін орта мектеп тек аудан орталығында екі жерде ғана болатын. Тоқтағұл Қайрат ауылындағы Октябрьдің 40 жылдығы атындағы қазақ орта мектеп-интернатта екі жыл тәлім алып, оны 1974 жылы тамамдап шықты.
Бұл тұста еліміздің ауыл шаруашылығы өндірісі жедел дамып жатқан кез еді, ауылға қажетті түрлі мамандық иелері, соның ішінде жүргізуші-механизаторлар тапшы болды. Тоқтағұл көп ойланбастан аудандық № 57 орта кәсіптік-техникалық училищесінің жүргізушілер даярлау курсына оқуға түседі. Курсты аяқтағаннан кейін бірер жыл «Большевик» селолық кеңесінің қарамағында жүргізуші болып жұмыс істеді.
Тоқаң Отан алдындағы азаматтық борышын 1976-1978 жылдары Батыс Украина жерінде өтейді. Әскер қатарынан келген жалындаған жас «Бурненский» әскери кеңшарында бірер жыл жүргізуші, механизатор болып қызмет атқарады.
1980 жыл Тоқаңның өмірінде бетбұрысты жыл болды. Ол өзінің болашақ кәсібі – ұстаздыққа біржола бет бұруға шешім қабылдады. Осы оймен Талдықорғандағы индустриалдық-педагогикалық техникумға «Өндірістік оқыту шебері» мамандығы бойынша сырттай оқуға түседі. Техникумда оқып жүріп, Түктібай (бұрынғы Гагарин) ауылындағы Мұхтар Әуезов атындағы орта мектепке өндірістік оқыту шебері және машинатану пәнінің мұғалімі болып орналасты.
Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін мектептегі білім сапасына деген талап та күшейе түседі. 1997 жылы Тоқаң Қызыларық ауылындағы №17 Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектепке өндірістік оқыту шебері болып орналасты. Ал 2000 жылы өзі туып-өскен Алатау ауылындағы бастауыш мектептің орталау мектеп болып құрылуына байланысты аталған мектепке технология пәнінің мұғалімі болып ауысады.
Тоқаң 2001 жылы мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып тағайындалды. 2007 жылы Түркістан қаласындағы Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін «Кәсіптік оқыту жөніндегі педагог» факультетін сырттай бітіріп алды.
2008 жылдың қараша айында аудан әкімдігі білім бөлімі басшысының бұйрығымен Алатау орта мектебінің директоры қызметіне тағайындалған Тоқан күні бүгінге дейін осы білім шаңырағын басқарып келеді.
Еліміздегі ертеңгі тізгін ұстар, Отанын ғаламдық дамудың көшінен қалдырмай өрге шығарар азамат тәрбиелеу ұстаздарға жүктелген аса маңызды да жауапты міндет екенін Тоқаң басқарған ұстаздар қауымы жақсы түсінеді. Осы жауапты міндеттің үдесінен табылып, жаңа заманның ауыр жүгін қайыспай көтере білген ұстаздар ұжымының басшысы Тоқтағұл Райымқұлұлы өз ісіне берілген жан. Ол үнемі ізденіске толы өмір жолында қарапайым мұғалімдіктен жаңа тұрпатты мектеп басшысына дейінгі өнегелі баспалдақтардан өтті. Жастайынан білімге құштар жан спорттан қол үзбей, талай биік белестерді бағындырды.
Тоқтағұл Құдайқұловтың басшылығымен Алатау орта мектебінің ұстаздар ұжымы соңғы жылдары көптеген жетістіктерге жетіп келеді. Білім ордасында биылғы оқу жылында 11 сынып комплектінде 99 оқушы дәріс алып шықты. 2000 жылдан бастап мектеп жаратылыстану-математика бағытында оқытылады.
Бүгінгі мектеп оқушылары, ел тізгінін ұстар – ертеңіміз. Ұлттың бәсекеге қабілеттілігінің басты көрсеткіші де осылар. Білімнің дамуы – бұл қоғамның алға жылжуы, адамзат өркениетінің өнегелі өлшемі. Сондықтан ХХІ ғасырда кез келген елдің көзіне қарақ, көкірегіне шырақ болатын да, қоржынын қампайтып, қалтасын томпайтатын да – білім. Ал білімнің қайнар көзі – мектеп.
№23 Алатау орта мектебінің орта мектеп болып қайта құрылғанына 20 жылдай уақыт өтіпті. Бұл аз да емес, көп те емес әрине. Осы жылдар ішінде мектептің ауыз толтырып айтатын жетістіктері, мақтан тұтатын оқушылары, бетке ұстар ұстаздары бар іргелі мектеп болып қалыптасып отыр.
Бүгінгі таңда мектепте 26 мұғалім бар, оның 90 % жоғарғы кәсіби білімді мамандар болса, оның тең жартысы жоғары және бірінші санатты мұғалімдер. «Мұғалім – өз білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім. Ал оқуда ізденуді тоқтатқанда оның мұғалімдігі жойылады» деп көрнекті педагог К.Ушинский айтқандай, мектепте жаңартылған білім беру мазмұнында Кембридж бағдарламасы бойынша үш айлық курстан өтіп, қазіргі кезде осы курс модулдерімен жұмыс атқарып жүрген ұстаздар баршылық.
Мектептің білім нәтижесінің көрсеткішінің бірден-бірі – Ұлттық бірыңғай тестілеу мен мемлекеттік аралық бақылау. Өткен оқу жылында ҰБТ-дан аудандағы 30 мектептің арасында алдыңғы бестіктен көрінді. Бұл орайда мектептің көрсеткіштері көңіл қуантарлық, мектеп түлектерінің жоғары оқу орнына түсуі 100% құраса, тоғыз оқушы мемлекеттік білім гранттарының иегері болды.
Бұл көрсеткіштерге жетуге мектеп басшысы мен ұстаздары көп еңбектенеді. Сонымен бірге, оған ұжымның өз білім-білігін деңгейін, жауапкершілігін көтеруде атқарған жұмыстары септігін тигізеді. Атап айтқанда, мұғалімдердің жыл сайын өтетін пән олимпиадаларына, дәстүрлі тамыз конференциясының секциялық отырыстарына, облыстық және қалалық, республикалық біліктілікті арттыру курстарына қатысуы болып табылады.
– Осыдан 10 жыл бұрынғы мектеп пен қазіргі мектеп жайында оқу үрдісі мен тәрбие жағынан әрине, айырмашылық көп. Өйткені, мемлекетіміздің келешек экономикалық, әлеуметтік, рухани даму нәтижелері, өрлеуі мен өркендеуі бүгінгі мектептерде қалыптасып жатыр. Бұл жерде ең алдымен оқытушы бейнесі, ұстаз болмысы – үйретуші ғана емес, тұла бойы тәлімді тәрбиеге, өрелі өнегеге толы тағылымды жан. Ол болашақ қоғамның бет-бейнесін қалыптастырар бірден-бір тұлға. Ұрпағымыздың ертең қандай адам болуы – мұғалімдердің бүгінгі арқалар жүгі болмақ.
Сондықтан да білім-ғылым саласы Тұңғыш Президент-Елбасының, Президент Қасым Жомарт Тоқаевтың Жолдауында назардан тыс қалмаған. Себебі, елді жаңғырту стратегиясын іске асырудың табыстылығы, ең алдымен, азаматтардың білімі мен білігіне байланысты екені айтпаса да түсінікті.
Бүгінде мемлекет қолдан келген мүмкіндіктің барлығын да жасап келеді. Бұл солай болуы да тиіс. Себебі, ұрпақ білімі үшін жұмсалар қаржы мен қайрат – ең қайтарымы мол, қайырымы кең игі шара екені белгілі. Бұл болашақ үшін салынған ең маңызды да мағыналы инвестиция, – дейді білікті басшы.
Білім беру саласындағы ерекше еңбегі үшін Тоқтағұл Құдайқұлов «Ұлағатты ұстаз» төсбелгісімен, аудан әкімінің Құрмет грамотасымен, облыстық білім қызметкерлері кәсіподақ комитетінің, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің Құрмет грамоталарымен марапатталған. Таяуда Қазақстан Республикасы мәслихаттарының 25 жылдығына орай ауданымызда өткен салтанатты жиында мектеп директоры Тоқтағұл Райымқұлұлы қоғам өміріне белсене атсалысқаны үшін «Қазақстан патриоты» төсбелгісіне ие болды. Мектеп басшысының оқу процесін дұрыс жолға қоюының арқасында оның басқарған мектебі аудандағы алдыңғы қатарда көрініп келеді.
Тоқтағұл Райымқұлұлы – білікті басшы, ұстаз ғана емес, отбасында үлгілі әке, сүйікті жар, ағайын-туыс арасында беделді, абыройлы азамат. Ол өмірлік жары Күлзинат Әмірханқызымен бірге үш ұл тәрбиелеп өсіріп, олардан немере сүйіп отырған шуақты да берекелі шаңырақ иелері.
Өркениеттің өлшемі де, мемлекеттің келешегі де қашанда қоғамдағы білім деңгейіне тәуелді. Ахмет Байтұрсынұлының «Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектеп сондай болмақ» деген сөзі еске түседі. Осы бір аталы ұғым біз үшін әрқашанда басты ұстаным болуы шарт.
Жаңа даму үрдісі алға басып отырғанда Тұңғыш Президент-Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер – бүгінгі мектеп оқушылары мұғалім оларды қалай тәрбиелесе Қазақстан сол деңгейде болады» дегендей, бүгінде ұстаздар қауымына жүктелетін жүк ауыр. Сөз жоқ, егер мұғалім өз бойындағы жақсы қасиеттер мен шәкірттеріне деген сүйіспеншілікті біріктіре алса, ол – кемел ұстаз. Тоқтағұл Райымқұлұлы осынау қарапайым қағиданы қай кезде де жадынан шығарған емес.
Ілгерідегілер «Адамзат баласының бұл өмірде үш түрлі міндеті болады» деген екен. Оның біріншісі – ұрпақ өрбітіп, тәрбие беру, екіншісі – ұстаздық етіп, шәкірт баптау, үшіншісі – ілім-білім жинап, қоғамға қызмет ету. Балаға тәлім-тәрбие – отбасынан, оқу-білім – ұстаздан болса, қоғамға қызмет ету – баршамызға ортақ парыз болса керек. Ұрпақтың жұлдызын жағып, мәртебесін биіктететін де, тағылымын қалыптастырып, танымын кеңейтетін де осы қағидалар. Ілім мен ғылым – бұл қоғамдық мүдде.
Жаңа ғасырдың ұрпағын тәрбиелеуде ұстаздарға жүктелер міндет те, талап та жоғары. «Жақсының тамыры тереңде, оны ешкім шаба алмас, көлеңкесі көктен, нұрын шашар еліне» деп текке айтылмаса керек. Иә, мұнда қанша мән-мағына жатыр десеңші?! Ел-жұрттан алған алғыс азаматты көкке көтереді. Тоқаң сондай ел-жұрттың сыйына бөленген жан. Мұндайда дана халқымыз «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демей ме?
Абзал азамат, тәжірибелі ұстаз, білікті басшы Тоқтағұл Райымқұлұлы Құдайқұлов бұл күндері Пайғамбар жасына, бейнетінің зейнетін көретін 63 жасқа толып отыр. Осы орайда Тоқаң құрметті демалысқа шықса да, оның өзі қалыптастырған, басқарған білім шаңырағының ұстаздары қол жеткізген жеткен меженің биігінен түспейді деп сенеміз.
Абылайхан Сәрсен,
«Жаңа өмір»