El іshі

Ертай ауылындағы ауызашар

Генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев ауылына келіп, ораза тұтқан жандарға ауыз аштырды

Алла тағаланың мұсылман құлдарына қасиетті етіп берген бірнеше күндері мен айлары бар. Қасиетті айлардың бірі әрі бірегейі ол – Рамазан айы. Рамазан айының ерекшелігі сол, мүміндер бұл кезде бір ай бойы ораза ұстайды. Рамазан – мейірімділіктің, қайырымдылықтың, сабырлықтың, кешірімділіктің, тақуалықтың және нәпсіні тәрбиелеу, өз-өзіңе есеп беретін ай болып саналады. Сонымен қатар, Рамазан Құран айы, тақуалық пен тәрбие айы ретінде де байыпталады. Рамазан – айлардың сұлтаны, күнәлардың кешірілетін, ең қасиеттісі, Рамазанда исі мұсылман қауымы үшін мың айдан да қайырлы, қасиетті Қадір түні бар.

Қазақ халқының өмір салтында, әсіресе, қасиетті Рамазан айында қайырлы да сауапты істер жасап, жоқ-жітікке садақа беру, ораза тұтқан жандарға ауызашар беру сияқты сауабы молынан еселенетін игілікті істермен қатар, жақсылық жасау дәстүрімізге айналған. Имани тұрғыдан алғанда, мұндай істердің сауабы өте мол. Осынау қайырлы істер жасау арқылы ғана біз Ұлы Жаратушы Иемізге жақындай түсетініміз анық.
Осы орайда өткен аптаның қасиетті жұма күні Рамазан айының құрметіне арналған осындай тағылымды шараның бірі ауданымызға қарасты Ертай ауылында өткізілді. Дәлірек айтқанда, халқымыздың даңқты перзенттерінің бірі, Ауған соғысының ардагері, генерал-лейтенант, Халық Қаһарманы Бақытжан Ертаев өзінің туған ауылында ауызашар ұйымдастырды. Айта кету керек, Б.Ертаев мұндай игілікті шараны жыл сайын өткізеді. Батыр биыл да бұл үрдістен жаңылмай, ауылдағы ораза ұстаған жамағатқа арнап, дастарқан жайып, тағы да бір мәрте үлкендердің батасын алып отыр.
Ауызашар дастарқанына Бақытжан Ертаевтың Алматы, Түркістан облыстарында тұратын туыстарымен қатар, жекелеген қарулас достары да арнайы келген екен. Қонақтар ауыз ашпас бұрын Ертай ауылындағы «Құлбайымбет» мешітінде (Б.Ертаевтың бастамасымен салынған) жамағатпен намаз оқып, имамдардың уағызына құлақ қойды. Ауданның бас имамы Асхат Ақмамбетов асыл дініміз Исламның шарттарымен қатар, Рамазан айының қасиеті мен ораза ұстаудың пайдасы, осы қасиетті айда қайырлы да сауапты істерді көбірек жасаудың пайдасымен қатар, басқа да пайдалы діни уағыздар айтты.
Ертай ауылындағы М.Ғабдуллин атындағы орта мектептің асханасында ұйымдастырылған ауызашарда ораза тұтқан жамағаттың көп болуы көңілімізді қуантты. Ауыз бекіткен жандардың арасында қариялармен қатар, орта жастағы азаматтар да, жастар да да көбірек. Әрине, олар Жаратушы Иеміздің разылығына бөлену үшін ниет еткен жандар.
Ауызашар дастарқанында Ертай ауылының түлегі, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев сөз сөйлеп, жыл сайын өзі туып-өскен ауылына арнайы келіп, осында мәңгілік тыныс тапқан ата-бабалары мен ата-аналарының әруақтарына арнап Құран бағыштап, ораза тұтқан жамағатқа ауызашар ұйымдастыратынын айтты. Әрине, мұның бәрі кейінгі жас ұрпаққа үлкен үлгі-өнеге.
Ауызашарда ауылдағы «Құлбайымбет» мешітінің имамы Ізетбек Байболов әруақтарға Құран бағыштаса, ауданның бас имамы Асхат Ақмамбетов имандылық турасындағы әңгімелердің тиегін ағытты. Жас ұрпақты имандылыққа тәрбиелеудің маңыздылығына тоқталды.
Сонымен қатар, ауызашарға аудан басшылары да арнайы келді. Атап айтқанда, аудан әкімінің міндетін атқарушы Асхат Жабағы, аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Әбдікерім Уркумбаев, мұсылман қауымының Рамазан айындағы атқаратын негізгі міндеттері ораза ұстау мен қайырлы істер жасау екеніне кеңінен тоқталып, сөз арасында Халық Қаһарманы Б.Ертаевтың өнегелі өмір жолымен қатар, азаматтық, қайраткерлік келбетіне де тоқталды. Оның ішінде, ел ішінде абырой-беделі биік даңқты азаматтың имандылықты алғышарт ретінде ұстайтын, ата-баба әруағына бас иіп, қай кезде болса да өзінің туған ауылын ұмытпай, осында жиі-жиі атбасын бұрып тұратын азамат екенін айтып, оның бірегей қырлары мен азаматтық қасиеттеріне де тоқталды.
Ауызашардың сауабы мол шара екенін жоғарыда айтқанымыздай, қазақ халқының салты бойынша Рамазан айында жарамазан айту ерекше дәстүрі ел ішінде әлі де өз жалғастығын тауып келеді. Мұның да өзіндік қасиеттері бар. Ертай ауылындағы ауызашарда да дәстүрлі жарамазан айтылып, ораза ұстаушы азаматтарға игі тілек тіленіп жатты. Бұл да қасиетті Рамазан айын көріктендіре түсетіні анық.
Қосымша айта кететін болсақ, даңқты жерлесіміз, әскери қайраткер Бақытжан Ертаев биыл маусым айында 70 жасқа толады. Ол өзінің 70 жасқа толуына орай туған ауылында бірқатар сауапты істерге ұйытқы болуда. Былтыр батырдың бастамасымен Ертай ауылындағы «Құлбайымбет» мешіті күрделі жөндеуден өткізілді. Мешітке күрделі жөндеу жұмыстарымен қатар, алдағы уақытта имандылық үйінің жанынан құдайы тамақ беретін үлкен етіп арнайы жай да салынбақшы.
Айта кету керек, Б.Ертаев ауылдастарының өтінішімен 2007 жылы өзі туып-өскен Кеңес ауылына (қазіргі Ертай ауылы) жеке қаражатына мешіт салып берген болатын. Кейіннен ауылда көпір салуға және орта мектептің жаңа ғимаратының бой көтеруіне, т.б. көптеген игілікті істерге ұйытқы болды. Мұның бәрі, әрине, жерлестерінің көз алдында. Ауыл тұрғындарының ұсынысымен Бақытжан Ертаевтың әкесі Ертай Байсеркеұлының ауылға сіңірген еңбектері мен есімін мәңгілік есте қалдыру мақсатында бұрынғы Кеңес ауылына Ертай Байсеркеұлының есімі берілген болатын. Бүгінде Ертай ауылында «Ардагерлер аллеясы» бар. Онда ауылдың гүлденуіне атсалысқан ардагерлердің кеуде мүсіндері (бюсті) қойылған. Ұлы Отан соғысына қатысқан азаматтардың есімдері мәрмәр тақтаға қашалып жазылған.
-Туған Отан – туған анаң сияқты. Бәріміз ауылда туып, елдің ішінен шықтық. Біз негізгі түп тамырымыздың ауылда екенін ұмытпауымыз керек. Қасиетті Жуалы жеріндегі аядай ғана Ертай ауылы – (бұрынғы Кеңес ауылы) менің алтын бесігім. Менің кіндік қаным осы ауылда тамып, осындағы ақсақалдар мен аналарымыздың алақанында өскенбіз. Қариялардың тізесінде отырып, өнегелі сөздерін, өсиеттерін тыңдағанбыз. Екі жасқа толар-толмаста әкемнен айырылдым. Марқұм әкем Ертай Байсеркеұлы колхоз ісіне араласқан көзі ашық, көкірегі ояу азамат болған. Елді ұйымдастыра білетін қасиетін де көзкөргендер әлі де айтады.
Әкесіз өссем де, осындағы ағайын-туыстар әкемнің жоқтығын білдірген жоқ. Өз балаларындай етіп, алақандарына салып өсірді. Ақсақалды аталарымыздың үлгі-өнегеге толы сөздерін көп тыңдап, халық өнегесін санамызға сіңіріп өскен ұрпақпыз біз. Шүкір, елдің алақанында өстім. Ата-бабаларымның барлығы осынау алақандай ауылдың бір шетіндегі зиратта мәңгілік тыныстап жатыр. Қызметтен қолым қалт етсе, осында келіп, әруақтарға Құран бағыштап, шамам келсе, ауылдастарды шақырып құдайы тамақ таратып, ауызашар беру менің жылдағы әдетім,- дейді Бақытжан аға толғанып.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close