El іshіQoǵam

Ақын шығармашылығына арналды

«Қуат алып Абайдың тіл күшінен.
Жыр жазамын Абайдың үлгісімен,
Абай болып табынсам бір кісіге,
Абай болып түңілем бір кісіден»,- деп жырлап өткен ақиық ақын Мұқағали Мақатаев тірі болғанда 89 жасқа толар еді. Жыл керуені алға жылжыған сайын ақиық ақынның артына қалдырған өшпес мұрасы жарық жұлдыздардың қараңғы түн қойнауынан сәулесін шашқандай жарқырай, өркендей өсіп айшықтала түсуде. Абай үндес Мұқағалидай перзенті бар халық – шыныменен бақытты халық.

Осы орайда, ақын М.Мақатаевтың туған күніне орай, №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияның кітапханасында «Мен өмірді жырлау үшін келгенмін» атты әдеби-танымдық кеш ұйымдастырылып, 5,6 және 8 сынып оқушылары қатыстырылды.
Кештің мақсаты – ғасырлар тоғысында ғасыр ақыны атанған Мұқағали Мақатаевтың ақындық талантын шәкірт жүрегіне ұялату, олардың өнерге деген сүйіспеншілігін қалыптастыру.
Мұқағали – ғажайып, ақиық, сыршыл, гуманист ақын. Ол – бізге көрінбейтін сиқыр бояулардан, бізге естілмейтін құпия дыбыстардан тоят алатын жұмбақ ақын. Ақын өлеңдерін оқыған сайын ақиқат бейнелі рух, сезім мен сананың бірлігі көңілге ұялайды. Осы ретте Бауыржан Қайратбекұлы мен Аягөз Наурызбай 5 «Г» сынып оқушылары ақынның «Менің анкетам» өлеңін мәнерлеп оқыса, Әсем Исмайл «Поэзия» өлеңін жатқа айтты.
Ал, «Жазылар естеліктер мен туралы» атты бөлімде 8 сынып оқушысы Ержан Аминов ақын жайлы жазылған есетіліктерге шолу жасады. Сонымен қатар, оқушылар ақынның ақындық сырына тоқталып, Айару Серікқызы, Ерсұлтан Ермұхан, Балнұр Қараманова, Бекарыс Дәулетжан, Інжу Дәулетжан, Мунира Мұратбаева, Ербатыр Ерманапұлы «Жастық», «Өкінбеймін», «Шеше сен бақыттысың», «Шәмілге хат», «Ең бірінші бақытым – халқым менің», «Ей-өмір», «Әке» өлеңдерін мәнерлеп оқыды.
Сондай-ақ, шара барысында оқушылар М.Мақатаевтың өз даусымен оқыған өлеңін де тыңдады.
Әдеби кеште сөз кезегі мектеп-гимназия кітапханасының меңгерушісі Гаухар Шитебаеваға берілді. Ол бүгінгі шараның маңызына тоқталып, балаларды оқуда озат, тәрбиелі болуға шақырды.
Кеш соңында балалар «Есіңе мені алғайсың» әнін хормен орындады.

Элмира Құмарова,
№19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияның кітапханашысы

Таңдаулы материалдар

Close