El іshі

Жүрек қалауындағы мамандықтың иесі

 

Әр адамның өзінің жүрегі қалаған мамандығы бар. Қайбір мамандық болсын өз маңыздылығы, пайдасы мен ерекшеліктері болады. Мамандықтар әлемі өте бай және әр алуан. Сондай мамандықтың бірі – қаржы мамандығы.

Жалпы қаржыгер дегеніміз кім? Ол қаржы саласында жұмыс істеп, ақша құжаттарының дұрыс жұмсалуын қадағалап, табысты көздейтін маман.

Қаржы саласын меңгере отырып бұл саланы түсіну өте маңызды.

Осындай мамандықты абыроймен атқарып жүрген маманның бірі – аудан әкімі аппаратының қаржы-шаруашылық бөлімшесіндегі бас маман Салтанат Бекмұрзаева.

Ол 1985 жылы Бауыржан Момышұлы ауылында туған. Осындағы №1 мектеп-гимназияны аяқтап, Тараз қаласындағы Тараз мемлекеттік университетіне қаржы мамандығы бойынша оқуға түседі.

2007 жылы қолына диплом алған жас маман аудандағы «Бурное сүт» зауытына есепші болып орналасады. Осында тәжірибе жинақтап, есепшіліктің қыр-сырын үйренеді.

-Мен кішкентайымнан осы мамандыққа қызығатынмын. Өйткені өзімнің анам осы мамандықтың иесі. Сол кісінің жұмысын көріп өстім. Мектепті аяқтаған кезде ата-анам “қандай оқу орнына, қай мамандықты тандайсың?” дегенде ойланбастан қаржы мамандығына барамын дедім.

Бұл мамандық қиын екенін білемін. Бірақ әр мамандықтың өзінің қызығы мен қиындығы қатар жүреді емес пе?

2012 жылға дейін «Бурное сүт» зауытында есепші болып қызмет атқардым.  Бала күтіміне байланысты демалысқа шығып, жұмысымды «Жуалы несие серіктестігінде» бас есепші болып жалғастырдым. Ол жерде бір жылдай жұмыс жасап, 2013 жылы Шақпақ ауылдық округі әкімінің аппаратында бас маман-есепші болып жұмыс істедім. Әр жұмыс орнында мен  тәжірибе жинақтап отырдым. Өйткені есепші болу оңай емес.

Қаржы маман иесі әрқашан үлкен сомадағы ақша қаражаттарымен жұмыс жасайды, сол себепті қаржыгердің бойында адамдық қасиет болуы тиіс, –  дейді Салтанат Жүрсінбайқызы.

Салтанат Бекмұрзаева отбасында төрт ағайынды. Үш қыз, бір ұл. Әкесі Жүрсінбай Бекмұрзаев көп жыл жер бөлімінде қызмет еткен, ал анасы Гүлбара Нұрманқызы ұзақ жыл аудандағы қаржы бөлімінде бас маман, экономика бөлімінде бас маманнан басшыға дейін көтерілген, тәжірибелі қаржы маманы.

Салтанат өмірлік жары Жанат Ахметалыұлы екеуі үш баланың ата-анасы. Жолдасы Шақпақата ауылының тумасы. Бір қызығы, Салтанаттың қайын енесі Лескүл Рақымбекқызы да аудандық орталық ауруханада есепші болған.

Отбасында Салтанаттан бөлек анасының жолын інісі Азамат та қуыпты. Ол ұзақ жыл білім бөліміне қарасты орталықтандырылған бухгалтерияда экономист, бас экономист болып қызмет атқараған.

-Қаржы саласында жұмыс істеп жүрген маман әлемдегі экономикалық өзгерістерді экономикалық жағдайлардың барлығын біліп  отыруы тиіс деп ойлаймын.

Менің аудан әкімі аппаратында қаржы- шаруашылық бөлімшесінде жұмыс істеп жатқаныма бес жылдың жүзі болыпты.

Мұндағы менің міндетім мемлекеттік қызметкерлердің айлығын, еңбек демалысын, еңбекке жарамсыздық парағы негізінде өтем ақысын, мерекелер күніне берілетін сыйақыларды және іссапар шығынын есептеп, аудандық қазынашылық бөліміне өткізіп отырамын. Сонымен бірге, аудан әкімі аппаратының материалдық құндылықтары жөніндегі айлық, тоқсандық және жылдық есептерінің тиісті органдарға берілуін қамтамасыз етемін. Айта берсем, лауазымдық міндеттерім көп. Бұл жұмыс тиянақтылықты, жауапкершілікті қажет етеді.

Осы мамандықты таңдағаныма еш өкінбеймін. Өйткені бұл қаржы мамандығы өзімнің қалауым. Аудандағы барлық қаржы мамандарын келіп жеткен мерекелерімен құттықтаймын! Ешқашан шаршамай, осы мамандыққа лайықты болуына тілектеспін, – дейді Салтанат Бекмұрзаева.

Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close