El іshі

Отандық өнімнің үлесін арттыруымыз қажет

Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының нұсқауы бойынша, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің қаржыландыруымен, «Қазақ қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібі ғылыми-зерттеу институты» ЖШС «Білім мен ғылыми зерттеулердің қолжетімділігін арттыру» бағдарламасы аясында Жуалы ауданының бірқатар сүт өңдеу кәсіпорындарында шетелдік сарапшы – техника ғылымдарының докторы, профессор Мукарам Мұхамедқызын шақыру арқылы консультациялық іс-шара ұйымдастырды. Профессор М.Мұсылманова – сүт өңдеу саласындағы ТМД-дағы жетекші ғалымдардың бірі, И.Раззаков атындағы Қырғыз мемлекеттік техникалық университетінің «Тамақ өнімдерін өндіру технологиясы» кафедрасының меңгерушісі.

Іс-шара аясында аудан орталығындағы сүтті тереңдете өңдейтін ірі кәсіпорындардың бірі – «Бурное сүт компаниясы» ЖШС және бірқатар ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерінде (АШӨК) өндірістің технологиялық процестері мен сүт өнімдерінің сапасын басқару, тексеру және бағалау жұмыстары жүргізіліп, кәсіпорын басшылығымен кездесулер ұйымдастырылды.
Бүгінде Жуалы ауданының әкімшілік орталығы Бауыржан Момышұлы ауылында сүт өнімдерін шығаратын он шақты кәсіпорын бар. Сонымен қатар, жаңадан құрылып жатқан шағын кәсіпорындар, аймақтық индустриялық-инновациялық дамудың жарқын үлгісі. Сүтті қайта өңдеу жоғары технологиялық өндіріс болып саналады. Бірақ соған қарамастан ауданымызда ірімшік жасау және сүтті қайта өңдеудің дамуы осы саладағы жетекші әрі 70 жылдық тарихы бар бұрынғы «Бурный ірімшік зауыты», қазіргі «Бурное сүт компаниясы» ЖШС-ның тәжірибелі технологтарының есімімен тікелей байланысты. Әрине, 70 жылдық өндірістік тарихы бар және еліміздегі жетекші кәсіпорындардың бірі ретінде аталған сүт зауытының озық тәжірибелерін сүт өңдейтін өзге де отандық кәсіпорындарға тарату ісі кезек күттірмейтін маңызды мәселе. Бұл Жуалы ауданына Алматы қаласынан арнайы ат терлетіп келген ғалымдардың құнды пікірі.
Атап айтқанда, «Қазақ қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібі ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-ның басқарма төрағасы, техника ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық Ғылым Академиясының корреспондент мүшесі Асан Оспанов отандық сүт өңдеу кәсіпорындарында сиырдың сүтімен қатар, қой мен ешкінің сүтін өңдеуге де болатынын алға тартады. Ол үшін біздің елімізде сүтті деп танылған қаракөл және меринос деп аталатын қой тұқымдарының саны жеткілікті екенін айтады. Сонымен қатар, «Бурное сүт компаниясы» ЖШС сияқты іргелі әрі жетекші өндіріс орындарының қалыптасуы мен даму тәжірибесі жаңадан құрылып жатқан кәсіпорындар үшін де маңызды екенін жеткізді. Бұл сайып келгенде, экологиялық жағынан таза отандық өнімнің көлемін ұлғайтуға мүмкіндік бермек.
Іс-шараның қорытындысында өндірістік процестердің жағдайы мен өнімнің сапасы бойынша сараптамалық қорытынды және өндірісті жетілдіру мен ұқсас кәсіпорындарда жетілдіру, жұмыс тәжірибесін тарату бойынша ұсынымдар берілетін болады.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close