El іshі
Ауызсу тапшылығын болдырмау үшін…
Аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне қарасты «Жуалы-су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны ауданымыздағы үш бірдей елдімекеннің тозығы жеткен ауызсу құбырларын жаңғырту жұмыстарын атқаруда.
Мекеме басшысы Қуанышбек Болысбаевтың айтуына қарағанда, соңғы жылдары тұрғындардың таза, сапалы ауызсуға деген қажеттігі арта түсіп отыр. Аудандағы ауызсумен қамтылған елдімекендердің ауызсу жүйесінен бүгінде 5017 ауладағы 21 765 тұрғын су алады. Соның ішінде суды есептегіш құралмен 2 013 аула, 10 045 адам тұтынуда. 2 838 ауладағы 11 720 адам суды тұтыну нормасымен алып жатыр.
– Біз қазір Ақсай ауылдық округінің Диқан ауылындағы Жамбыл, Шоқан батыр көшелеріндегі, Мыңбұлақ ауылдық округінің Көлбастау ауылындағы Қ.Рысқұлбеков және Д.Қонаев көшесінің жоғарғы жағынан бастап Қ.Рысқұлбеков көшесіне дейінгі екі шақырымда және онымен қабат Көкбастау ауылдық округінің Қосбөлтек ауылында тозығы жеткен, жарамайтын ескі құбырларды жаңасына ауыстырып жатырмыз. Ауылдардағы кей көшелерді ауызсу құбырлары төселіп болып, тұрғындар ауызсуды аулаларына кіргізу үстінде. Су ендігі жерде көшеде бей-берекет ағып тұрмайды. Адамдар есептегіш құралдың пайдасын түсініп жатыр, – дейді кәсіпорын басшысы Қуанышбек Болысбаев.
Аталған ауылдардың су тарту мұнаралары мен құбырлары ескі. Сонау 60-жылдары салынған. Әбден тозығы жеткен. Әсіресе, Көлбастауда құбырлар қысымға шыдамай, жиі жарылады. Диқанда да құбырлар ескі болғаннан кейін, жылдамдығы жойылған. Тұрғындарға су жетпейді. Ысырап көп.
Диқан ауылында артезианнан тартылған су бассейнге жинақталады. Ауыл халқының жыл сайынғы өсімін ескерсек, жақын арада бұл бассейннің күші ауызсу қажеттігін қанағаттандыруға жетпейтін болады. Кәсіпорын басшысы сондықтан алдағы уақытта бұл ауылда жаңадан су тарту мұнарасын салу қажет деп есептейді.
Ауызсу құбырларын қайта жаңғырту жұмыстарына кәсіпорынның теңгеріміндегі барлық техникалар мен адам күші, сондай-ақ, келісім-шартпен жиырмаға жуық жұмысшы тартылған.
Мекеме елдімекендердегі ауызсудың қорын молайту үшін екі тұстан, біреуі Қайрат ауылының үстіңгі жағынан, екіншісі Көлбастау ауылының ішінен ұңғыма қазып, таяу арада пайдалануға беретін болады.
– Жаз мезгілінде күн қатты ысығанда судың деңгейі біршама азайып, су жетпей қалып жатады. Арықтың суы аз болғаннан кейін, тұрғындар ауызсумен бау-бақша суарады, құрылыс жүргізеді.
Осыған орай тағы да ескертетініміз, ауызсуды тек ішуге ғана қолдану қажет. Су есептегіш құралын орнатып, сол арқылы қолданып, төлеп тұру керек. Біз өз тарапымыздан айыппұл сала алмаймыз. Қимасы 15 мм құбырмен қанша секундта қанша текше метр су кетті, соны есептейміз де, бағасын шығарып, тұтынушыға береміз, – дейді Қуанышбек Болысбаев.
Кәсіпорын осы аталған жобаларды сәтімен іске асырса, бірқатар ауылдардың тұрғындары сапалы ауызсуға қол жеткізіп, олардың ауызсу көлемінің аздығына қатысты шағымы азаятын болады.
Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»